Жаңа ғасыр мектебі

2012 жылы Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне Елбасы келіп, білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысқан-ды.

– Бұл мектептің басты миссиясы – интеллектуалды ұлт әлеуетін дамытуға ықпал ету болып табылады,–деп сабақтады сөзін мектеп директоры Зульфия Уразбекова. – Біздің мектеп 2009 жылы «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасы шеңберінде өз жұмысын бастады. Назарбаев зияткерлік мектебі нәтижелі оқытуға арналған жаңа заманға сай техникалық құралдармен жабдықталған. 2012 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мектепке келіп, ұжыммен және ата-аналармен кездесті. Қазіргі таңда мектептің педагогикалық ұжымында 191 мұғалім, оның ішінде: мұғалім-эксперттер, мұғалім-модераторлар, мұғалімдер, мұғалім-машықтанушылар бар. Білім ошағында 12 әдістемелік бірлестік жұмыс істейді. Бізде оқушылардың сабаққа қатысуы, сондай-ақ, олардың білім деңгейі «электрондық журнал» жүйесі арқылы бақыланады. Мектепте жаратылыстану ғылымдарына, яғни, физика-математикалық пәндерге басымдық беріледі.
Иә, рас таланттылар мен дарынды балалар шоғырланған бұл білім ордасында тәрбиеленіп, білім алған балалар биік асуларды бағындыратыны сөзсіз. Өркениеттің өзегі білім мен тәрбие болып қала бермек әманда. Бүгінгі таңда елімізде білім беру саласы дамыған елдердің санатында болуы үшін айтарлықтай көңіл бөлініп, барынша назар аударылып отыр. Соның нәтижесінде жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру ісі жылдан-жылға жақсара түсуде. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы да сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлем мойындаған, экономикасы дамыған, білім мен ғылымы алға ілгерілеген елдердің қатарында.
Білім ордасы ашылған 2009 жылы 85 педагогикалық қызметкер қызмет атқарып, 505 оқушы бала білім алған болса, қазіргі таңда аталмыш мектепте барлығы 191 педагог жұмыс істеп, 860 оқушы оқиды. Бұл күнде халықаралық, республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатары жыл санап өсіп келеді. Ағымдағы оқу жылында мектептің 12-сынып оқушысы Шахана Погребицкая республикалық инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы атанса, 9-сынып оқушысы Әнуар Данияр Мәскеу қаласында өткен «Математика және жобалау» халықаралық конкурсының жеңімпазы, 5-сынып оқушысы Әйгерім Балпанова ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалардың «Зерде» республикалық конкурсының жеңімпазы, мектептегі «Аntre» би ансамблі де «Ақжелең» би байқауының жеңімпазы атанып, абырой биігінен көрінді.
– Ағымдағы жылдың маусым айында бұл білім ордасы CIS-тен аккредиттелген мектеп мәртебесіне ие болды,– деп сөзін әрі жалғады мектеп директоры. – Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) дегеніміз, бұл білім саласындағы жоғары стандарттар мен инновацияларды жетілдіру үшін құрылған коммерциялық емес ұйым. Қазіргі таңда әлемнің 112 елінің 729 мектебі мен 556 университеті мен колледжі – CIS қоғамдастығының мүшесі. Бұл кеңес әлемнің үздік 50 университетімен әріптестік орнатқан. Мектептерді аккредитациялау стандарттар бойынша өткізіледі,– дейді Зульфия Уразбекова.
Мектептің материалдық-техникалық базасы жыл артқан сайын нығая түсіп, заманауи технологиялармен жабдықталып, оқушылардың әлемдік білім стандарттарына сәйкес білім алуларына барлық жағдайлар жасалған. Ағымдағы жылы мектеп жанынан 7-12 сынып оқушыларына арналған 120 оқушыға лайықталып салынған жатақхана пайдалануға берілді. Төрт қабатты ғимараттың жатын корпусына жапсарлас салынған оқушылардың қосымша білім алуларына арналған корпуста медициналық кабинет, егу бөлмесі, жалпы ұл-қыздардың саулығын қадағалауға арналған барлық қажетті жабдықтармен жарақталған медициналық кабинет жұмыс істейді. Ғимараттың 1-ші қабатында асхана бар. Қосымша білім беруге арналған корпуста телестудия, жаттығу залы, іс тігу, технотория кабинеттерімен қатар шеберхана да жұмыс істейді.
Мектепте «Педагогикалық шеберлік орталығы» құрылған. Сонымен қатар, зияткерлік мектеп мұғалімдері біліктілікті арттыру жүйесі арқылы «Казтест» – Қазақ тілі, «English» – ағылшын тілі, «Педагогикалық білімдер», «АКТ» – ақпараттық-коммуникативтік технология-
лар бағыттарымен кәсіби құзыреттілік деңгейін көтереді. Сондай-ақ, ұстаздар қауымы Назарбаев университетінде жаңа әдістер мен технологиялар бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтеді.
– Мемлекет тарапынан оқушылар мен ұстаздарға барлық жағдайлар жасалып жатыр,– деп сөзін әрі жалғады директор. Шетелдерде, атап айтқанда Сингапур, Америка, Ұлыбритания, Швеция, Ресей мемлекеттерінде біздің ұстаздар білім алудың әлемдік деңгейімен танысып, дәріс алып, өз іс-тәжірибелерін молайтып, сабақ беру тәсілдерін жаңаша өзгерту жолында. Зияткерлік мектеп ұжымының қатары жаңа шетелдік мамандармен толығуда. Бүгінгі таңда мектепте шетелдік мұғалімдер де жұмыс істеуде.
Жас ерекшеліктері түрлі оқушылармен қарым-қатынас пен әріптестік орнатуға бағытталған «Шаңырақ» мектеп қоғамдастығының құрылуы мұндағы тәрбие жүйесінің ерекшелігі болып табылады. Мектеп қоғамдастығы оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, үлкеннің кішіге қамқор болу тәжірибесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің жеке жобалары – «Туған елге тағзым» атты өлкетану экспедициясы мен ағылшын тіліндегі «Discover Kazakhstan» атты эссе конкурсы табысты жүзеге асуда. Экспедицияның басты ерекшелігі арнайы бағыттар бойынша Қазақстан аймақтарымен танысып, зерттеулер жүргізу, ал, эсселер конкурсының мақсаты әлемдік қауымдастыққа Қазақстанды таныту болып табылады.
Оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадаларға, конкурстарға және ғылыми жобаларға белсенді түрде қатысады. Тілдік орта қалыптастыру мақсатында бірнеше оқушы Англия, АҚШ, Сингапур елдеріне дәрістерге, лабораториялық тәжірибелерге қатысып, білімдерін арттыра түсуде.
Мектептің түлектері халықаралық SAT, IELTS, TOEFL емтихандарына қатысады. Айта кету керек, 2011-2016 жылдар аралығында мектептен түлеп ұшқан түлектердің 90 пайызы мемлекеттік, жоғары оқу орындарының, шетелдік қоғамдық қорлардың, ҚРБҒМ-нің білім гранттарын ұтып алды. Олар негізінен, Назарбаев университетіне, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Малайзия, Кипр, Польша, Болгария, тағы басқа елдердің жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Мәселен, мектеп түлегі Күнсұлу Бекеш Назарбаев университетін тәмамдаған соң шетелде магистратурада өз білімін жетілдіруде. Ал, Дина Шағатова болса, Мәскеу қаласындағы М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетін қызыл дипломмен, кейін аталмыш оқу орнының магистратурасын үздік тәмамдады.
Қазақстанның білім беру жүйесі санға емес сапаға негізделуі бүгінгі күннің талабы. Себебі, әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы біз сөз басында тілге тиек еткен өнер мен білімнің еншісінде. Ықылым заманнан бері қазақ «білекті бірді, білімді мыңды жығады» демек пе еді.

Осы орайда, егемендік алып, еңсемізді тіктеген тұстан білімнің көшіне сарабдал, салмақты олжа салған Назарбаев мектебі еліміздің маңдайалды мақтан тұтар ұл-қызын тәрбиелейтін жаңа ғасыр мектебі десек артық айтқандық емес.

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар