Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған жердің атауын түгендеу – ұрпақ міндеті - АРҚА АЖАРЫ

Туған жердің атауын түгендеу – ұрпақ міндеті

1991 жылғы желтоқсанда келген тәуелсіздік сол ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестің заңды нәтижесі десе болады. Кеңес өкіметі орыс патшасы сияқты ашық отаршылдық билік жүргізбесе де, жымысқы шовинистік саясат арқылы қазақтың тілі мен ұлттық салт-дәстүрлерін, жер-су, елді мекен атауларын түгелдей жою бағытында мақсатты жұмыстар атқарып келді. Көкшетауды «Кокчетав», Бурабайды «Боровое» деп атап, жазған шарасыздықты басымыздан өткердік. Енді аз уақыттан кейін елді мекендеріміз бен жер-су атаулары түгелдей өзгеріп кетуге шақ қалып еді.

Бірақ, бағымыз бар екен, тәуелсіздік таңы атып, соның арқасында жоғалтуға аз-ақ қалған ұлттық құндылықтарымызды ақырындап қайтара бастадық. Соның бірі – жер-су, елді мекен атауларының қайта қазақылануы. Бұл бағытта осы 26 жылда Ақмола облысында қыруар шаруалар атқарылды және атқарылып жатыр.
Облыс аумағында киелі тіліміздің ономастика мәселесімен айналысатын тіл басқармасы құрылғанша нысандарға атау беру, қайта атау мәселесі баяу жүргізілді. 1991-2004 жылдары 6 аудан, 1 қала, 21 елді мекен, 84 көше қайта қазақыландырылған. Мәселен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1993 жылғы 7 қазандағы №2410 қаулысымен Кокчетав қаласы Көкшетау қаласы болып өзгертілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 14 қарашадағы №3759 Жарлығымен Алексеевка ауданы – Ақкөл, Вишневка ауданы – Аршалы, Макинка ауданы – Бұланды, Краснознамен ауданы – Егіндікөл, Державинка ауданы – Жарқайың, Балкашино ауданы – Сандықтау ауданы болып қайта аталды. Сондай-ақ, Бурабай ауданының Фрунзе селолық округі – Абылайхан (1991 ж.), Александровка селолық округі – Кенесары (1992 ж.), Щорс селолық округі – Наурызбай батыр (1993 ж.) ауылдық округі, Атбасар ауданының Митрофановка селосы – Бейіс Хазірет (1999 ж.) ауылы, Аршалы ауданының Херсоновка селосы – Қостомар (2000 ж.), Заря селосы – Ақжар ауылы, Еңбекшілдер ауданының Донской селосы – Андықожа батыр (2001 ж.)
ауылы болып жаңарды және тағы басқа ауылдар осылай жаңа атауларға ие болды.
2004-2007 жылдары 59 ауыл, 18 ауылдық округ, 2 орта мектеп, 1 су қоймасы, 542 көше жаңа атауға ие болып, Елбасының 2009 жылғы 3 қыркүйектегі Жарлығымен Щучье ауданы Бурабай ауданы болып қайта аталды.
Осы жылдар аралығында атаулары өзгертілген біраз нысандарға халқымыздың белгілі тұлғаларының есімдері берілді, олардың арасында Олжабай, Қабанбай батырлар, Қажымұқан Мұңайтпасов, Иманжүсіп Құтпанұлы, Қарауыл Қанай би және тағы басқалары бар. Сондай-ақ, бірқатар елді мекендерге тарихи атаулары қайтарылды, мәселен, Гусарка – Домбыралы, Дорофеевка – Ақылбай, Елизаветинка – Бозайғыр, Советское – Ақсу, Ильинка – Қараөткел деп аталды.
Осыған байланысты бір-екі мысал келтіре кетейін. Жоғарыда аталған Ақкөл ауданындағы Гусарка селосының ежелгі тарихи атауы Домбыралы екендігі Ақкөл аудандық мұрағат бөлімінен табылды. Ондағы елді мекендердің ежелгі атаулары көрсетілген «Азиялық Ресейдің оңтүстік шекаралық сызығы картасында» (генерал-майор Большевтің редакторлығымен 1894 жылы шыққан) осылай жазылғандығы анықталса, Шортанды ауданындағы Елизаветинка селосының тарихи атауы – Бозайғыр 1914 жылы Омбы қаласында жазылған Омбы епархиясының анықтамалық кітабында көрсетілген болып шықты.
Кейбір ұсыныстардың қайта зерделеніп, ғылыми негіздермен толықтырылып, қайта қаралатын кездері де болды. Мәселен, Зеренді аудандық мәслихаты мен Зеренді аудандық әкімдігі 2003 жылғы 14 тамызда Викторов селолық округіндегі Лосевка селосын Бөгенбай би ауылы деп өзгерту туралы №27-186 шешім қабылдаған еді. Бірақ, аталмыш елді мекен тұрғындарының 105-і қолдап, 99-ы қарсы болғандықтан, облыстық мәслихат депутаттары көпшілік дауыспен мәселені кейінге қалдырды.
Сөйтіп, облыстық мәслихаттың 2005 жылғы 29 мамырдағы шешімімен Зеренді ауданындағы Лосевка селосын Бөгенбай би ауылы деп қайта атау мәселесіне байланысты жұмыс тобы құрылып, аталмыш топтың зерттеу жұмыстары нәтижесінде көптеген тарихи деректер (Бөгенбай бидің төбе би болған кезеңіндегі бармағының ізі басылған құжат мұрағаттан табылды) анықталып, 2007 жылғы 5 желтоқсанда Ақмола облыстық мәслихатының №4С-3-7 шешімі және Ақмола облысы әкімдігінің №А-13/399 қаулысымен Лосевка селосы Бөгенбай би ауылы болып қайта аталды. Міне, осылайша 2003 жылы басталған мәселе төрт жылдан кейін жүзеге асты.
2007-2012 жылдар аралығында қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты республика бойынша ономастикалық жұмыстарды жүргізуге, нысандарға атау беруге және оларды қайта атауға уақытша мораторий жарияланған болатын. Осы уақыт аралығында ономастикаға қатысты бірқатар мәселелер жинақталып, нәтижесінде ономастика саласының нормативтік- құқықтық базасы жетілдірілді.
2013 жылғы қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселесі бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды әрі ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге талдау жүргізілді, объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге және олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атаудың нақты критерийлері белгіленді және өткізу рәсімдері әзірленді, сондай-ақ, ашықтық қағидатын орнату, яғни, ономастиканың жұмыс нысандарына атау беру және оларды қайта атау туралы шешім қабылдау кезінде халықтың пікірін ескеру тәртібі енгізілді.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 637 елді мекен атауының 368-і (58 пайыз), 5876 көшенің 3038-інің атауы қазақ тілінде (52 пайыз) көрініс тауып отыр.
Ономастика жұмыстарына тоқтам салынған аралықта елімізде бір мәртелік екі шара өткізілді. Оның бірінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығының маңыздылығы ескеріліп, Кеңес Одағы Батырларының және бірқатар ордендермен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін көшелерге, объектілерге беру жөнінде тоқтамнан тыс жұмыстар жүргізуге рұқсат берілді. Осыған орай, 2015 жылы облыс бойынша 1 ауылдық округ, 1 ауыл және 10 көше қайта аталды.
2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, патриоттық рухты шыңдау, тарихи атауларды қайтару тұрғысында 300-ге жуық атау жаңартылды.
Нақтырақ айтар болсам, 2016 жылы облыстық ономастика комиссиясының қос отырысында 272 көше және 1 ауылды қайта атау туралы мәселе қаралып, оң шешімін тапты. Аудан және аудандық маңызы бар қалалар мен елді мекендердің көшелерін қайта атау туралы шешімдер Әділет департаментінде тіркеліп, заңды күшіне енді. Сондай-ақ облыстық маңызы бар Көкшетау және Степногорск қалаларының 7 көшесі мен 1 даңғылы жаңа атауға ие болды.
2016 жылы Атбасар ауданындағы Новоалександровка селолық округі – Бастау ауылдық округі, Новоалександровка селосының атауы – Бастау ауылы, Целиноград ауданындағы Воздвиженка селолық округі – Нұресіл ауылдық округі, Воздвиженка селосының атауы – Нұресіл ауылы болып қайта аталды.
2016 жылдың аяғында облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары Омбы қаласының мұрағатына барып, көптеген ескі карталардың көшірмесін сатып алып келді. Аталмыш картадағы мәліметтерден Атбасар, Сандықтау ауданына қарасты елді мекендердің тарихи атаулары (Амантай, Сарымсақты, т.б.) табылды.
Ақмола облысының орталығында Ақан сері, Біржан сал атындағы мәдениет және музыка колледждері бары белгілі. Ал, халық композиторы, әйгілі «Гәкку» әнімен танымал Үкілі Ыбырай мен атақты балуан, өнерпаз спортшы Балуан Шолақтың есімі еленбей жүр еді. Халықтың көптен күткен осы тілегі қабыл болып, 2017 жылғы 13 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №261 қаулысы қабылданды. Аталмыш құжатта Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласының №18 орта мектебіне Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің, №3 Ақкөл орта мектебіне белгілі қоғам қайраткері, дарынды журналист-жазушы Жайық Бектұровтың, Еңбекшілдер ауданы Сәуле орта мектебіне қазақ педагогика ғылымының профессоры, ғалым Шәрәпи Әлжановтың, Қорғалжын ауданындағы Дружба орта мектебіне белгілі қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ақтан Төлеубаевтың, Ерейментау ауданындағы Малтабар орта мектебіне туған ауылына алғаш мектеп салып, ұстаздық еткен Перуаш Кәрімовтің есімі берілгендігі туралы айтылған.
Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясы Көкшетау қаласының 41 көшесін қайта атау туралы да ұйғарыммен келісті, жуырда бұл мәселені облыстық мәслихаттың қарауына енгізбекпіз.
Бұл екі ортада 2017 жылғы 5 желтоқсанда Көкшетау қалалық мәслихатының сессиясында Көкшетау қаласына қарасты 60 көшені қайта атау мәселесі де қолдау тапты. Жуырда қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес бұл қоныс Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданатын болады.
Сондай-ақ, Еңбекшілдер ауданына Біржан салдың есімін беру туралы мәселе Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға жолданып отыр. Қазіргі уақытта Ерейментау қаласының №2 орта мектеп-лицейіне Насыр Смағұловтың, №3 Аршалы орта мектебіне Жұмабек Тәшеневтің есімдерін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының жобасы пысықталуда.
Андреевка, Еленовка, Мариновка, Калиновка, Ивановка сияқты атаулар әлі де облысымыздың аумағында жетіп артылады. Бір кезде ол атаулар жергілікті халықтың пікірімен, көзқарасымен еш келіспестен қойыла салынған. Ал, қазір ол жердің ежелгі атауын қалпына келтіру үшін жергілікті тұрғындардың арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге және олардың тарапынан қолдауға ие болуға, сондай-ақ, мұрағаттар мен басқа да тарихи деректерді ақтарып, бұрынғы атауын табуға, одан кейін мәслихатқа ұсынып, олардың бекітуімен әділет органдарына жолдауға тура келеді.
2017 жылғы 24 қазанда Ақмола облыстық ономастика комиссиясының отырысында аудандардан түскен 321 ұсыныс қарастырылды, оның ішінде 306 ұсыныс қабылданып, 15-і кері қайтарылды. 306 ұсыныстың ішінде 196 көше атауы жаңартылса, 110 жаңа көшеге жаңадан атау берілді. Атап айтқанда, идеологиялық тұрғыдан ескірген және мағынасыз атаулар қазіргі заман талабына сай, қазақтың тұрмысына, салт-дәстүріне, өнері мен мәдениетіне сәйкес атаулармен және елді мекендердің тарихи атауларымен алмастырылды. Мысалы, Қорғалжын ауданының Коммунар ауылдық округі Майшұқыр ауылдық округіне, Ақкөл ауданының Минское, Виноградовка ауылдары тиісінше Саздыбұлақ, Кемеркөл сияқты тарихи атауларға ауыстырылды. Сол сияқты Октябрьская, Комсомольская, Ленин көшелері Тәуелсіздік, Желтоқсан сияқты жаңа атауларға өзгертілді.
Биылғы ономастикалық жұмыстарымыз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес жүргізілді, яғни, идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту үстіндеміз. Бұл ретте, кісі есімдерімен атау мәселесіне мейлінше шектеу қойылатын болады.
Қазіргі уақытта облыс аумағындағы елді мекендер мен көшелерді қайта атау мәселесі бойынша тиісті жұмыстар одан әрі жалғасуда.
Жер атын, елді мекен, көше атауларын өзгерту ең алдымен елдікке, халқымыздың болашағына, келешек ұрпаққа керек. Бұл – сана тәрбиесінің бір өзекті саласы, аса маңызды буыны. Сондықтан да, жер-су, елді мекен атауын қазақыландыру – мемлекеттік маңызы бар көкейкесті мәселе. Осы орайда, белсенділік танытып отырған, бұл жағынан жұмысы ақсап жатқан жерлер де бар. Мәселен, Аршалы ауданы облыстық ономастикалық комиссияның соңғы бір отырысында ізденісті де айшықты көше атауларымен сүйсінтті. Қалай дегенде де, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпақ түгілі, ешқашан босаңсытуға болмайды. Біз жер-суымыз бен елді мекендеріміз толықтай қазақыланған елде өмір сүргенде ғана өзіміздің тәуелсіз елдің азаматы екенімізді толыққанды сезіне алмақпыз.

Айгүл ДҮЗЕЛБАЙҚЫЗЫ,
Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар