Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұрсынбек Кәкішев және Сәбиттану мәселелері - АРҚА АЖАРЫ

Тұрсынбек Кәкішев және Сәбиттану мәселелері

Тұрсынбек Кәкішев қазақ әдебиеттану ғылымында көп іс тындырған, көрнекті тұлға. Ол осы саланың ыстығына да, суығына да тоңған, шираған, көп талас-тартыстарды да басынан өткерген, өзінің ұстазы Есмағамбет Ысмайылов сияқты «Әдебиеттің еңбекторысы» (М.Әуезов) аталған бір туар талант. Халық арасында Тұрсекең атанған Тұрсынбек Кәкішев сөздің шын мәніндегі еңбекқор ғалым.

Ғылымға араласа бастаған жас шағынан бастап қазіргі күнге дейін қазақ әдебиеті тарихы мен сынында ақтаңдақ болған мәселелерді түп негізінен қарастырып, қопарыстыра зерттеп жүрген тынымсыз жан. Тәуелсіздік алған соңғы жылдардың бедерінде де ол Сәкенге қатысты, бұрынырақ, зерттелмеген, таратыңқырап айтатын болсақ «Тар жол, тайғақ кешу» романының шығармашылық тарихы, Сәкен мен Гүлбаһрам, Сәкен сүйген арулар, Сәкен мен Мағжан, сонымен қатар ақиық ақын, жазушы, әдебиет зерттеушісі Сәкен Сейфуллиннің азаматтық және саяси тұлғасына, қоғамдық протреті мен кісілік келбетіне байланысты және Сәкеннің ізбасар інісі, белді жазушы Сәбит Мұқановтың азаматтық және қаламгерлік тұлғасына қатысты бұрын қарастырылмаған, жалпы оқырман мен ғылыми қауымға тың да тосын мәселелердің бетін ашқан, батыл пікірлер мен соны тұжырымдарға негізделген қадау-қадау ойлары бар танымдық та тағылымы мол зерттеу еңбектерді жазды.
Өткен ғасырдың 60 жылдарының басынан ол енді ақтала бастаған Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық, әдеби шығармашылық жолдарын зерттей бастаған Сәкен туралы толымды зерттеу еңбегінен басқа, қалың оқырман қауым мен ғылыми ортаға әлі де белгісіздеу болып, назардан тыс қалып келген Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Елжас Бекенов, Жиенғали Тілепбергенов, Зейнелғабиден Омскауи, Мұхамедсәлім Кәшімов, Әкрам Ғалымов, Мақыш Қалтай, Ақылбек бин Сабал, т.б. туған әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларының есімдерін қалың жұртшылыққа танытуда Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегі ұшан-теңіз. Ғалымның талай ізбасар шәкірттері қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелері бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғады. Ғалым салған сүрлеу жолмен игілікті істі әрі қарай жалғастырды.
Әдебиеттану ғылымының арнаулы үш саласының бірі – әдебиет тарихының басында кезінде Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайыловтар тұрып, негіздесе, кейін бұл абыройлы істі профессор Бейсенбай Кенжебаев жалғастырды. Әдебиет теориясын дамытудың басында академик Зейнолла Қабдолов тұрса, қазақ әдеби сыны тарихын негіздеудің басында профессор Тұрсынбек Кәкішев тұрды. Оның қаламынан бұл салада «Октябрь өркені», «Дәуір дидары», «Поступь» атты монографиялар туды.
«Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуындағы идеялық-көркемдік ізденістер» деген тақырып кандидаттық диссертациясының, ал, «Қазақ әдеби сынының тарихы» докторлық диссертациясының өзекті тақырыбына айналды.
Бұрынғы кеңес одағында 1972 жылы «Әдеби-көркем сын туралы» қаулы қабылданды. Сыншы кадрларды дайындауға айрықша маңыз берілді. Әдебиет сыны тарихына байланысты арнайы оқулық жазу қолға алынды. Кеңес дәуіріне дейінгі «Орыс сынының тарихына» арналған В.Кулишевтің оқулығынан басқа оқулық бола қойған жоқ. Оның өзі кеңес дәуіріне дейінгі кезеңді қамтыды. Ал, кеңес дәуіріндегі сын тарихына қатысты бір сыдырғы зерттеу еңбектер бар болғанымен, арнайы оқулық тіпті орыс тілінде де жазыла қойған жоқ болатын.
Міне, осындай өрелі іске ұйытқы болып, Тұрсынбек Кәкішев университет студенттеріне арнап «Қазақ әдеби сынының тарихы» деген оқулық жазды. Бұл еңбекте зерттеуші әдеби сын арналарының халықтың көркемдік мұраттары мен әсемдік туралы ой-толғамдарында, сұлулық туралы талғамында, халықтық эстетикалық інжу-маржандарында, тұнығында жатқанын зерделі байыптап, қазақ ағартушыларының пікірлеріндегі сыни ойларды сараптай отырып, алғашқы қазақ баспасөздеріндегі сынды, рухани аңсарларын Абайдан бастайтын жаңа тұрпатты, жаңа сападағы жазба әдебиеттегі сыни ой-пікірлерді қарастыра келіп, кеңестік дәуірдегі әдеби сынның эстетикалық және социология табиғатын бағамдайды. Әдеби өркендеудегі тарихи сабақтастық мәселелерін ортаға салады. Әдеби сынның туу, қалыптасу проблемалары тек шығармашылық қана емес, саяси-әлеуметтік мәселелерімен де тікелей байланысты екендігін, әдебиет сыны тарихында оны орағытып өту мүмкін емес екендігін, сынның социологиялық және эстетикалық деңгейі көркем әдебиеттің биігіне тәуелді екенін ғылыми-сыншылық тұрғыда баса көрсетіп кетеді.
Тұрсынбек Кәкішев тек қана сын төңірегінде шектеліп қалмаған, ғылыми көкжиегінің өресі кең арналы, кең тынысты, аса мол эрудитке ие, сан қырлы талант иесі. Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, рухания-
тына қатыстының барлығын тергіштеп, түгендеп жүретін еңбекқор, ыждағатты жан. Мәскеу, Санкт- Петербург, Қазан, Уфа, Омбы, Ташкент қалаларының үлкен кітапханаларындағы сирек қолжазбалар қоры мен архивтердің шаң басқан сөрелеріне үңіліп, қазаққа қатыстының барлығына көз мойын тауысып, тезірек қазақ оқырмандарына жеткізуді өмірлік парызы деп біледі. Бұл еңбектерден елінің өнеріне, мәдениетіне, әдебиетіне деген зор сүйіспеншілігі, ұлтжандылық сезімі азаматтық позициясы әрдайым сезіліп тұратын.
Төңкеріске дейінгі 1915-1978 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ шәкірттерінің қилы тағдыры, олардағы шығармашылық, істер жайында қызғылықты зерттеулер жазды. «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ шәкірттері Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Зейнелғабиден Иманжанов, Армия Ешекеевтер бас болып шығарған қолжазба «Садақ» журналының қилы тағдыры туралы «Сандалтқан Садақ», «Садақ» сияқты танымдық мәні зор дүниелер туғызды.
Әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің қилы-қилы тағдыры, ұлттық рухани мұраның жай-жапсары туралы ой-толғаныстары, өз басынан кешкен талайлы өмір өткелдері туралы «Кер заманның керағар ойлары», «Ескірмейді естелік» атты еңбектерінде шынайы көңілмен сыр шертеді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қоғамдық-саяси идеологияның қыспағында қыстығып келген тұмшалауда болған ой-пікірлердің тиегі ағытылып, томағасы сыпырылды. Осы тұста бұл мәселеде өз замандастары, тұстастары арасында Тұрсынбек Кәкішев мәселені батыл қою принципімен, тың да тосын ой-пікірлермен ерекшеленді. Бір кездері Сәкентанудың негізін қалаған, Мәскеуден «Тамаша адамдар» циклінен «Сәкен Сейфуллин» деген ғұмырнамалық кітап жазған ғалым өзінің дәлел-дәйектерін құрғақ эмоцияға құрмай, Сәкен, Сәбит тұлғаларын олардың өмір сүрген дәуірлерімен тұтастықта қарастырып, қоғамның жалпы болмысын, өзіндік сипатын, трагедиясын бүкпей, жасырмай, қоғам традегиясын, жеке бас трагедиясының эволюциясын, заман қайшылығын, оның жеке тұлғаға тигізген зіл батпан жүгі мен ауырлығын байыпты
сипатына жүйе-жүйесімен жүлгелі ой құнарлы пікірлері мен тарата сабақтады.
Тұрсынбек Кәкішев ғалым ретінде соңғы жылдары Сәбиттану мәселелеріне де көп барды. Сәкен мен Сәбит тұлғасына байланысты ғалым: «Әр адамның өз амандығы үшін қолынан келгенді жасауға талаптануын ғайбаттау әрине кейінгілерге, әсіресе, басына іс түскендер үшін оп-оңай. Сәкен де, Сәбиттің де тарих алдындағы трагедиясы коммунистік идеалға ойланбай сенуден туғанын ашық айту керек. Сәкен иілмей, шұбаланбай мерт болды. Сәбит көрер тегерімін мықтап көрді, өзгеге де көрсетті. Әйтеуір, қазақ әдебиетінің бақытына аман қалды».
Тұрсынбек Кәкішев Сәбиттану саласында өнімді еңбек етіп жүрген авторларға сәтті қадам тілей отырып, олардың Сәбит тұлғасына байланысты әлі де тайсақтай, бата соға алмай отырған мәселелердің бетін ашады. Ол – Сәкен, Мағжан, Сәбит тұлғаларының арасындағы адами, саяси түйіні мол күрделі қайшылыққа толы мәселелердің бетін ашу. Осы тарапта ол белгілі сәбиттанушы, әдебиетші-ғалым, «Баянғұмыр» жинағының авторы Құлбек Ергөбековтің баспасөз беттерінде жарияланған «Ой қайнары – күнделік», «Хат жаздым қалам алып…», «Жүрек қанымен жазылған хаттар» деген эссе типіндегі мақалаларына тоқтала келіп, ондағы құнды ой сараптарына үңіледі.
Құлбек мақаласында жазушыны сүйе, құрметтей отырып, шындықты жасырмай айта білу, сынай білу қасиеті жетілгендігін, жақсылық пен жамандықты салмақтай білетін парасат, атқарылған іс-әрекеттің құпия сырын жыға түсінетін көзқарас, өткеннің артық-кемін таразылай алатын білімдарлық бар екенін айта келіп, «Құлбектің ызғары алыстан соғып, қалың өкінішке оранған жан ашуы мен адалдығын қалтықсыз көрсеткен «Құбылып соққан замана желі-ай…» деген мақаласынан алар ғибрат мол» – деп ой түйеді.
Құлбектің бата соға алмай отырған мәселесі – Сәкен-Сәбит-Мағжан мәселесі. Бұл жөнінде Тұрсынбек Кәкішев былай деп жазады: «Осындай ойды Құлбек бір қыдыру тұздықтап айтқанымен, қисынды бір мәселеге батылы жетіп бара алмағанын да көріп отырмын. Ол-Сәкен-Сәбит-Мағжан қарым-қатынасы жайындағы мәселе. Осыған тереңірек бару керек еді. Сәкен мен Сәбит әсіресе, Мағжанға қарсы 1929 жылға дейін идеологиялық, тағы да қайталаймын, идеологиялық тұрғыдан күресті. Солай бола тұрса да Алаш зиялыларының 1929-31 жылғы қуғын-сүргіндеріне, сот процесіне бұлар араласқан жоқ».
Сәкен мен Сәбиттің Мағжанға деген адами көзқарасы мен шынайы адамгершілік қасиеттерін, Мағжан 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласып, көмек қолын созуымен елге оралғанда жолдастық қолдарын созып, адамгершілік, азаматтық танытуын Т.Кәкішев: «1937 жылдың көктемінде С.Мұқанов Алматыға келген Мағжанды жападан жалғыз қарсы алады. Ол жөнінде «Қазақстан әйелдері» журналындағы естелігінде Мағжанның жары – Зылиха апай жазды, теледидардан айтты. Пойыздан түскеннен кейін Мағжан Сәбитке: «Мен алдымен Сәкенге сәлем берем. Оның жолы – дұрыс, менікі – бұрыс болды» – деген екен. Екінші Алматыға жеткізетін есек-арба іздеп жүргенде Сәбең Сәкенге телефон шалады. «Алып кел» деген жалғыз ауыз сөз болыпты бар айтқаны. Бұл тұста Москвадағы Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұловтың ұсталып жатқан хабары Қазақстанға дүңкілдей жетіп жатқанда Ғаббас Тоғжанов пен Ілияс Жансүгіровтың көп уақыт Жазушылар одағына хатшы болған Қадыр Қуанышевтің тағдыры шешіліп, тұтқындалу сәті тақалып қалған-ды» деп жазады.
Тұрсынбек Кәкішев Сәбит Мұқановтың өткендегі ғылыми-шығармашылық сипатына объективті тұрғыда үңіліп, оң бағасын берді. Өткен әдеби мұраларымыз бен тұлғаларымызға қатысты бірыңғай күйе жағудан аулақ болуға шақырып, оларды дәуірлік контексте қарастыра отырып, сарабдал да байыпты, ғылыми-объективті талдап-таразылаудың үлгісін тағы осы ғалым көрсетіп кетті. Оның бір мысалы Сәбиттануға қатысты қордаланған құнарлы ойлары мен тұжырымдары.

Сәбит ЖӘМБЕК,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар