Ұлтқа қорған – замана тұлғаларын танытқан қайраткер

«Ұлт қалай жетілмек?», «Қазақ ұлы мұратына қалай жетпек?», «Қағидаға айналған қателер қалай түзетілмек, санадағы жаралар қалай жазылмақ?», «Мемлекет саясатының беломыртқасы, рухтың түп қазығы, ар мен жан тірегі, ұлттық сана, тіл тағдыры елдік дәстүр қалайша жанданбақ!» жайындағы отты, уытты ойлы толғамдар – қоғам, ғылым қайраткері, оқымысты Тұрсынбек Кәкішұлының тұлғалық бітім-болмысын айқындайды.

Оның 1992 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақ Елінің Бірінші Құрылтайында: «Қазақ» не «Алаш» атты Орталық жасалсын! Оның үнемі жұмыс істеп отыратын басқармасы болсын! Әр елден таным-білігі жетілген адамдар сайлансын! Негізгі үлесті Қазақстан мемлекеті қоссын! Дүние жүзіндегі қазақтардың мәдени байлығы ата-жұртқа жиналсын!» деп дауылпаздықпен мәлімдегенінен қыруар сыр түюге болады. Ұлт руханиятының жоқшысы, әдебиет тарихшысы, көсемсөзші, ұстаз Т.Кәкішұлы қазақ әдебиеті сынының ғасырлық тәжірибесін елеп-екшеп ғылыми қолданысқа түсірді, Сәкен өмірінің эпопеясын кемелдікпен толғады, Жиенғали Тілепбереновтің, Саттар Ерубаевтың, Сабыр Шәріповтің мұрасын жинақтап жариялады, көсемдер тобының ортасында оттай лаулап, олардың шығармашылығы турасында түйдек-түйдек тұжырымдар туындатты, ХХ ғасырдың 70-інші жылдарынан бастап, Р.Бердібай, М.Дүйсеновтармен тізе қосып, айтыс өнерінің отын маздатты, сөз өнері ғылымына ынталыларды тура жолға түсіріп, жігерін қайрап, қолдады.
Ұлттық көркем сөз өнерінің өсу, өркендеу жолдарын, ұлттық прозаның даму белестерін, әдеби мұраның жариялану тарихын, қазақ зиялыларының қайырлы қадамдарын, ел мен жерді көркейту, кейінгі ұрпақты есейтіп, естелікке баулу үшін ізгіліктің шырағындай, білімнің бұлағындай, парасаттың биігіндей болған «Садақ» сияқты қолжазба журналын ешуақытта ойдан шығаруға болмайды. Бұл басылым 1915 жылдың 9 қарашасынан бас-тап, 1918 жылдың 10 ақпанына дейін Уфа шаһарында «Ғалия» медресесінде оқитын ішінде оты, көкірегінде көзі бар, өнерге құлшынған қазақ шәкірттерінің қажыр-қайрат жұмсауымен үздіксіз жарияланып отырған. Тұңғыш редакторы сара сөздің сардары Бейімбет Майлин де, сонан соң қазақ баспасөзінің көрнекті қайраткерлерінің бірі –жазушы Жиенғали Тілепбергенов болған екен. Ара-арасында «Тілші» газетінің редакторы болған, «Правда» газетінің тілшісі қызметін атқарған, қазақ тілінің әдістемесі бойынша көптеген еңбектер туындатқан, «Ырысты» дейтін повесть жазған профессор Хажым Басымов (1896-1939) «Садақтың» 8, 9, 10 нөмірлеріне бас сарашылдық жасаған. Хажым Басымов 1930 жылдарда Қостанай мұғалімдер институтында оқытушы болған. Ол сөз зергері Сейітжан Омаровтың ұстазы. Бұл орайда күйлі-қуатты, сырлы ойлардың сандығындай «Садақ» журналының шығу тарихына, оның ғажайып әлеміне шұқшия үңілген, күрделі ізденістердің қиыр-шиыр жолдарын жанкештілікпен бастан өткізген, маңдай терін есепсіз төккен, табанын тоздырған, 1957 жылдың тамызынан бастап Ақмола, Қызылжар, Уфа, Қазан, Санкт-Петербург, Мәскеу, Ташкент қалаларын шарлап, архивтердің ішек-қарнын ақтарып, тарландарды тірілтіп танытқан, қолжазба сырларын ағытқан, сөнген шоқты лаулатқан Тұрсынбек Кәкішұлы. Соның жемісті нәтижесі – «Садақ» эссе-кітабы (Алматы, «Жалын», 1986). «Садақ» қолжазба журналының тарихын жарты ғасыр бойы жалықпай зерттеп келе жатқан оқымыстының толықтырылған нұсқасы «Сандалтқан «Садақ» кітабы 2002 жылы жарық көрген-ді. Ғалым өз еңбегінде 1953 жылы «Садақ» туралы белгілі ақын Жақан Сыдықовтың аузынан естігенін әрі ақиқат шындықтан ауылы алыс «аңыздай көрінгенін» жазыпты. Содан өзі «Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы 7-ші санында Жиенғали Тіленбергеновтың «Кім қалай жазған?» деген анкета сұрақтарына берген жауабындағы: «Медресе «Ғалияға» мен барған жылдан бастап қаламымызды әдебиетке үйрету үшін «Садақ» деген жасырын журналды шығарып тұрдық. Журналымыз ойыншық сияқты болса да, қаламымыз едәуір ысылып қалды» дегенін оқыған соң, одан сайын қанаттанып, аңсап армандап, ықыласы ауған «Садақтың» соңына шырақ алып түседі. Кейбір сандарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Мемлекеттік кітапханасынан табады. Атап айтқанда, 1916 жылғы 20, 21, 22 нөмірлері. Әсіресе, «Жекейдің» жасырын атын (бұл –Жиенғали Тілепбергенов) көргенде жүрегі атша тулап, ыждаһатпен тексереді.
«Қанаты күміс құмдай» болған «Садақ» журналы ірі, кесек мақсат-міндеттермен өзгешеленеді. Олар: көркем сөз жазуға үйрету, елдің санасын сәулелендіру, ұстаздыққа баулу, халық қазынасымен таныстыру, оқу бағдарламасын жасау, журнал шығаруға төселдіру, қазақ шәкірттерінің әлеуметтік мәселелерін шешу, жанашырлық жасау, бірігіп-бірлесіп іс істеу, халық мүддесіне адал қызмет ету, ұрпақ тәрбиелеу және тағы сол сияқты «Садақтың» өзі «ұйқышылдарымыз көзін уқалап, ұйқысын ашар деген ой» деп тәптіштеп жазды.
Шын мәнісінде, «Садақ» қолжазба журналы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген балғын, жеткіншек жастардың қаламын жүйрік жазуға, сұлу ойлар тербеуге және журнал шығару ісінің құпиясына мықтап үйретті. Мәселен, олар «Тұзақ», «Бұлтармас» тәрізді күлкілі журналдарын дүниеге әкелді.
Сондай-ақ, өнер-білімге құмартқан сергек ойлы шәкірттерге «Садақ» әрқайсысына жеке-жеке газет-журнал сатып алу оңайға соқпас деп, ортадан «Қазақ», «Ұран», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жаңа заман» журналдарын алдырып, баршасының рухани сусынын қандырды. Әсіресе, Зейнелғабиден Имажанов пен Сабыр Айтқожиннің еңбегі ерекше елеулі. Қамқорлық жасауға арнайы құрылған қайырымдылық ұйымы білім іздеп, ит арқасы қияннан келген Ғалиақбар, Нұрахмет дейтін шәкірттер ауырғанда ауруханаға жатқызған, ас-суын, газет-журналын жеткізіп берген, сөйтіп, қиналғандарға қарлығашша қанатымен су тасыған.
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлының «Садақ» кітабында сымға тартқандай небір деректер, соны мағлұматтар тізіліп, інжу-маржан халықтық дүниелер туралы, «толық милы даналар» хақында келісті сырлар шертіліп, ой-пікірлер сәтті сабақталады.
Ғалымның алғашқы тәжірибелерінің, соны өрісті бастамасы ретіндегі мақаласы «Қолжазба «Садақ» журналы деп аталып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1958 жылдың 1 тамызындағы нөмірінде басылған. Ал, «Садақ» эссесі 1986 жылы шыққаннан бері «Садаққа» жан-тәнімен тұтас берілген, аяулы арыстардың артына қалдырған алтын іздерін, өрнекті ойларын, жарқын тұлғасын ширата сомдаумен, терең толғаумен, ұлы өмірдің ұшқындарын, елес-белгілерін ұқыпты жинаумен, толықтырумен болған. «Садақтың» өзі «үрім бұтақ нәсілім, қаным, асылым, қазақ балалары!» деп елжіресе, журнал тарихын тексерген зерттеушінің де оған деген құштарлығы өлшеусіз.
Тұрсынбек Кәкішұлының баяндауынша, араб тілінде «Жоғарғы» деген мағынаға ие «Ғалия» медресесінде химия, физика, алгебра, геометрия, география, сызу, көркем жазу, музыка, есеп, араб тілі мен грамматикасы, мұсылман құқы, жалпы тарих, орыс тілі, жаратылыстану, педагогика, гигиена пәндері оқытылған. Шәкірт ойының көркейіп гүлденуіне, таным түсініктерінің тереңдеуіне жойқын әсер ететін мейлінше қажет пәндер іріктеліп алыныпты. Ғылым-білім есігін айқара ашам десең де ұшан-теңіз мүмкіншіліктер тудырған екен ардақты «Ғалия» медресесі! XX ғасыр басындағы қазақ халқының 250-300 дарынды дүлдүлдері дүркіреп шығып, атақ-даңқын, абырой-беделі жер жарса, оның бір шоғырын «Ғалиядай» құтты оқу ордасы өнер, білім, мәдениет майданына әзірлеген. Яғни, «бір елдің мен-мені мен еркесін, қарағы мен шырағын» тәрбиелеп шығарған. Атап айтқанда, Әбілғазы Иманбеков, Бекмұхамбет Хұсайынов, Ахметжан Күзембаев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмардан Ғұмаров, Нұғымен Манаев, Қамалидден Жайсақов, Ғаббас Қоңқаев, Нұржан Еленов, Хамза Ибрагимов, Мұнарбан Ермектасов, Мырзахмет Қожақланов, Молдахмет Ержанов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Нұрғанбаев, Қапан Ғабділқариев, Хұсайын Ажаров, Жиенғали Тілепбергенов, Зейнелғабиден Имажанов, Хажимолла Басимов, Бимұхамбет Майлин, Сейіт Аманжолов, Ғабдулжаппар Байжұманов, Дөнехан Ғұмаров, Кәрім Ешмұхамбет, Ғабдрахман Мұстафин, Ғұмар Нияз, Нұрахмет Афлигов, Асылбаев, Нұртаза Нұрпейісов, Мәлік Мұстафин, Ғаббас Қанафин, Төлебай Ержанов, Армия Ешукеев, Ғайса Тоқтарбеков, Есмұхамбетов, Досмайыл Есентаев, Сұлтан Шоқаев, Әлмұхамет Жандыбаев, Ғабдолла Толыбаев, Балақожа Сүлейменов, Қапан Ережепов, Хайролла Ибрагимов, Садық Қасымов, Ахметнәби Ғалиханов, Дәулетқали Есенгелдин, Келді Мұхаметкелдиев, Меңдіғали Сахипов, Ахмет Егізбаев, Бекмұхамет Олжабаев, Досмұхамет Аманқұлов, Сәрсенбі Баубаев, Мұхаметкәрім Оралбаев. Сайын даланың әр бұрышынан жиналған сайыпқырандар. Әрқайсысының қазақ халқының рухани-әдеби тарихында белгілі бір орны бар. Ең болмағанда ауыл-аймағының арман қуған, ардан туған қадір тұтар перзенті.
Садақтың мұқабасының безендірілуі де әсем. Жоғары көркемдік түйсік-қабілеттен, табиғи талғамнан туғандығын байқауға болады. Көңіл де толады. Ғалым оны былайша сипаттап сөйлейді: «Мұқабаның айналасы қос сызықпен текшелене қоршалып, ішіне «Садақ» деп жазып, екі бүйіріне қорамса салған. Қорамсалар арасындағы ашық жерлерде жебесі тартылған садақтың суреті, онан төмен бүйірдегі киіз үйдің белдеуіне байланған ерттеулі ат, екі дөңгелекті әшекейі бар құйысқан ерге байланып, алдыңғы қасына қалқан ілінген. Мұқабаның етегінде ағаш бұтағына қонақтаған қаршыға мен әндетіп отырған тотықұс».
Негізінде, қолжазба мұра, Стефан Цвейг айтқандай, «құпия асыл қазынаның», «жұмбақ әлемнің» нақ өзі. Сондықтан да, «Садақтың» нөмірлерін табу да, оны шығарушылар мен жазушылардың әрі «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ шәкірттерінің өмір тарихын, қоғамдағы орнын анықтап, айқындау да қиямет-қайым. Міне, осынау күрделі міндетті халықтың рухани қажетіне, ел кәдесіне айналдыру, сан қырлы тағдыр иелерін келешек толқынмен сырластыру – тек қайратты зерттеуші, жалықпайтын жиһангез-саяхатшы Тұрсынбек Кәкішұлының маңдайына бұйырған десек артық айтқандық болмас.
Т.Кәкішұлының «Садақ» кітабында көркем мәдениетіміздің көрнекті өкілі, қолжазба журналының тұңғыш редакторы Бейімбет Майлиннің санаткерлік һәм қаламгерлік, ұйымдастырушылық әрі азаматтық істеріне айрықша ден қойылады. Ғалым Темірғали Нұртазиннің пікіріне жүгінсек, Б.Майлиннің 21-дей бүркеншік есімі бар екен. Яғни, «Толстой қаза», «Б-т», «Жолшы», «Жолаушы», «Қайдауыл», «Қарсақ», «Малай», «Шаңқан», т.с.с.
«Садақ» қолжазба журналында Майлиннен кейін редактор болған, суреткерлік қабілетіне ұйымдастырушылық қызметі сайма-сай Жиенғали Тілепбергенов шығармашылығын Т.Кәкішұлы түбегейлі тексеріп келген. Оның журнал бетіндегі әдеби мұрасы қомақты. Әңгімелері, суреттемелері, ертегілері, оқшау сөздері, жолжазбалары, көркемдік мәні ерекше «Жазғы кеш» атты әңгімелер топтамасы түгел келтірілген.
«Садақ» қолжазба журналының «Сәлемдесу» дейтін мына бір материалы (1916 жыл, қараша-желтоқсан, №20) шеберлік қырымен, көркемдік сұлулығымен, ұлттық ойлау ерекшелігімен қызықтырады.
«Бір күні түсте қымызға қанып алып, Орал мен Алтай тауларының арасындағы кең, жұмсақ төсекте ұйықтап жатыр екем. Тарбағатай тауының арасынан бір бөлек кісі көрінді. Әуелі басында шалмасы бар, қолында асасы, астында көк есегі бар ақсақалды бір шал келіп сәлем берді.
– Әлик салем! Ана соңыңдағыларың кімдер?
– Оларды соңынан айтармын. Әуелі мынау не? Мұны шеше аласың ба? – деп қолындағы бір түйінді көрсетті.
– Көппен ойласпасам, біле алмаймын.
Артына қарап қолын бұлғады. Әдемі қыз бен жігіт қол ұстасып келеді. Үстерінде неше түрлі асыл киімдер. Қарауға адамның көзі тоятын емес. Екеуі де бірінен-бірі өтеді. Біріне-бірі жарасып, әзілдесіп келеді. Екеуінің қолында екі түрлі жеміс бар, бір-бірлеп үзіп жеседі. Оның да не екенін адам білетін емес.
Әлгі қарт маған қарап күлімсіреп, аналарды көрсетіп:
– Бұлар кімдер, танисың ба? Үстіндегілері неден істелген киімдер? Қолындағы жемістері қандай жеміс?
– Біле алмадым. Мұндайды көрген емеспін!
Тағы артына қарап қолын бұлғады. Бір кемпір мен бір шал келді. Ол екеуі де қол ұстасқан. Иықтарына салған қоржындары бар. Келіп маған сәлем берді. Әлгі қарт аналарға қарап «түгел ме?» деді. Сосын аналар қоржындарын ақтара бастады. Неше түрлі жеміс, азық-түлік толып тұр. «Азырақ кебіңкіреген екен» дейді. Қайтадан салып жинап қойды.
– Бұл екеуі кімдер? Қоржындағылары не, білесің бе?
– Мұндай кісілерді де, мұндай азықтарды да көрген емеспін. Бөтендерменен ақылдаспасам.
Артына қарап тағы қолын бұлғады. Бір кебежек қарын, кең құрсақ үлкен семіз кісі келді. Қолымда безбені бар. Арқасында тағы бір нәрсесі бар.
Бұ кісіге қарап әлгі қарт «дұрыс па екен?» деді. Ол арқасындағысын алып, бір-бірлеп безбенге салып өлшей бастады.
Болғасын қайта жинап: «азырақ бір-біріне ауысайын деген екен, жөндедім!» деді. Маған қарап:
– Бұ кісі кім? Безбені не? Арқасындағысы несі?
– Мұны да біле алмадым, өзің баяндамасаң! Егер уақытың болса маған білдірсең екен!!!…
Маған қарап күліп қойды да:
– Осыны білмегенің бе? Ендеше, саған айтайын: бұлар былтырғы сенің іздеген материалдарың еді. Мынау қолымдағы түйін – өзіңнің әуелі қолданған неше түрлі жұмбақтарың еді.
Мынау қыз бен жігіт – роман, яғни, махаббат еді. Үстіндегі киімдер неше түрлі тасүрлер еді, халық әдебиеті, бұрынғы қыз бен жігіттердің қолданған сипаттары еді.
Мынау кемпір мен шал – неше түрлі ертегілер еді. Қоржындағылары халқына беретін азықтары еді. Бірақ, қазір кебіңкіреген.
Мынау безбен тұтқан би: неше түрлі мақал, тақпақтар еді. Осымен халықты өлшеп ұстап тұрады. Бірақ, қазір халық бұзылыңқыраған.
Міне, осыларды саған беруге әкеліп едім. Бұзылғандарды түзетіп, бұрынғы қалпына келтір деді. «Мен үш мың жылдан бергі Қыдыр атаң…» Авторы – Жекей (Жиенғали Тілепбергенов).
Осы әңгіменің өзіндік өзекті табиғи құрылым – құбылысындағы терең бір сырды мәлімдеу мақсатында татар әдебиетінің классигі Ғалымжан Ибрагимовтың «Матбуғатта қазақ жастары тарапынан қозғалтылған тіл мәселесі жайында» сөйлеген сөзінде «халықтың өз рухындағы мағынаны қандай тілмен айту тілегі жеңбек» деген пікірі дәл, әділ сипаттама дер едік.
Ж.Тілепбергенов атақты оқымысты Құдайберген Жұбановпен бірігіп мақала да жазған. Жазушы мұрасын ыждаһатпен зерттеген Тұрсекең оның 1969 жылы «Ізбасар» деген жинағын шығарған болатын.
1917-1918 жылдарда Сабыр Айтқожинмен бірге «Шәкірттер» ұйымын басқарған Зейнелғабиден Иманжановтың ұстаздық еңбегін, «Зейнел мектебінің» тарихын жүрек толқытарлық сезіммен түсіндіреді. «Зейнел мектебінен» ақын Өтебай Тұмажанов, жазушы Жүсіпбек Арыстанов, профессор Бейсембай Кенжебаев, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов пен Үрия Тұрдықұлова, ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы ұшып шыққанын баяндайды.
Автор дархан дарын Хажым Басымовтың (1896-1939) шығармашылығына кеңінен тоқталады. Оның «Ырысты» повесін жазған жүйрік қаламынан эсселер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, хабар-ошарлар, өлеңдер, мақалалар туындаған. 12 оқу құралын редакциялаған, бағдарламалар жасаған, қазақ тілінен мол ғылыми еңбектер мен көптеген қолжазба мұралар қалдырған. Осындай бағалы деректерді, қымбат мәліметтерді, құнды мағлұматтарды топтастырып беруі –Т.Кәкішұлының «Садақ» эссесінің елеулі сипаты.
Ал, Салахиддин Сарталиев – «Мақтым» повесінің авторы. Ол Астрахандағы «Уахбия», Қазандағы «Мұхаммедия» медреселерінде біліммен сусындап, 1917 жылы «Ғалия» медресесіне түскен. Осы жылы жаңағы «Мақтым» повесі жариялана бастапты.
Зерттеуші Т.Кәкішұлы «Ғалияда» оқыған Зияш Алдабергеновтың (1890-1970) өмірі мен өнерпаздық жолдарынан сыр толғайды. Бұл кісіні Сәкен Сейфуллин 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне орналастырады. Осыдан да Зияш Алдабергеновтің зиялылығын, тектілігін тануға болады. Профессор Т.Кәкішұлы оның эпистолярлық мұрасын шабытпен талдауы, «таудан аққан бұлақтай екпінді де мөлдір» философиялық ойларға толы үздік толғам-пайымдауларын тілге тиек етуі, «сөз асылын жидекше теретін» талант болмысына тәнті етуі қызықтырады. Оның шығыс даналары Әл-Фараби, Ибн-Сина, Әл-Бируни, Мұхаммед Хайдар Дулати мұраларын ой сүзгісінен сүзіп зерделеуі қандай тамаша!
Сабыр Айтқожин де «Ғалия» медресесінің шәкірті (1916-1919). «Бостандық туы» газетінің редакторы болған. Драма үйірмесінде жетекшілік жасап, спектакльде ойнаған, сахна өнеріне жетік екен, «Тау баласы» деген бүркеншік атпен «Садаққа» мақалалар бастырған.
«Ғалия» түлегі Әбілғазы Иманбеков Аягөзде 1914 жылы мектеп ашқан. 1911 жылы Темір уезінде мұғалім болған. 1912 жылы Аягөз жанындағы Көгілдір тауы-
нан қанат байлап ұшқан. 1925 жылы Бүкілресейлік мұғалімдер съезіне делегат ретінде қатынасқан.
1937 жылдың сойқанына ілігіп, атылып кеткен Әділғазы Иманбеков жазушы Ғабиден Құлахметовтың атасы екен.
Профессор Т.Кәкішұлы уақыт шаңы көмген «Садақтың» атын 1953 жылы естіп, 1957 жылы тұңғыш рет мақала жариялап, 1986 жылы «Садақ» дейтін кітабын шығарып, қысқасы, әдеби-ғылыми шығармашылықтың ең негізгі еңбегі ретінде толассыз толықтырумен келген баршамызды сүйсіндіреді.
«Садақ» журналының үлгі-өнегесі, ұлағат-тағылымы өзгеше. Бірінші: Қолжазба журналды шығарушылар, шынтуайттап келгенде, шынайы зиялылар, адамгершілік мәдениеттің көрнекті өкілдері, яғни, зиялылық дегеніміз жеке тұлғаның даралық қасиеті, табиғи ойлау қабілеті, отаны-жұрты үшін ұдайы еңбектенуі, болмыс-жаратылысының күрескерлік рухқа толылығы, адамзатқа ортақ істермен шұғылдануы, тарихи міндеттерді мінсіз атқаруы. Демек, «Ғалия» медресесінде білім алған қазақ шәкірттері осынау жаңашыл бастамалармен, ірі, кесек іс-қимылдармен, шығармашылық нәтижелермен қымбат.
Екінші: ел жүрегіне ерендігімен жол тапқан, ғасырлардың мұң-мұқтажын толғатқан Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Хажым Басымов, Салахаддин Сарталиев, Зейнелғабиден Имажанов, Зияш Алдабергенов, Сабыр Айтқожин сынды саңлақтармен бірге, Нұғман Манаев, Әбдірахман Мұстафин, Армия Ешкеев, Бейімбетпен кластас Сайфи Құдаш секілді сандаған көкірегі даңғыл санаулылардың өмірі, өнері, тағдыры Тұрсынбек Кәкішұлының «Садақ» эссе-кітабында тебіреніспен әңгімеленеді. Сол себепті солардың асқақ рухына бағышталған сом ескерткіш деу парыз.
«Садақ» қолжазба журналының тарихын ыждаһатпен зерделеді, жиһанкез атанып, архив қорларын сүзіп, ішек-қарнын ақтарды. Бұл ретте Еділдің қызыл желіндей шарболаттай шамырқанған шабытты ақын Ғафу Қайырбеков:
…Зулады ол талай жолдың белін бұрап,
Жеткізбей қиын мақсат, ауыр мұрат.
Алдынан архивтерін жайып салды,
Байырғы Қазан, Уфа, Петроград, –
дей келіп,
Сондағы тапқан оның Ұлы олжасы,
Кәдімгі шын оқымысты атағы екен, –
деп түйіндейді.
Т.Кәкішұлының байтақ ой қазынасы, бірегей бай кітапханасы, кесек кісілік қасиеттері, ұстаздық еңбегі – Дәуіттің қоржынындай десек артық айтқандық емес. Қайраткердің елге жасаған қайырым-жақсылығының бірі – 1957 жылы Башқұртстанның мемлекеттік кітапханасынан 700-дей қазақ кітабын (ішінде «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамал» бар) Партия тарихы институтына әкелгені. Сондай-ақ, «Отырар кітапханасында» 5000-нан аса, ҚР академиялық кітапханасында 6000-нан аса кітабы бар. Бұл – ұлт игілігі.
Асылы, Тұрсынбек Кәкішұлының кемел тұлғасы, ұлт суреткер Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «қынаптан суырылған қылыштай қылпып тұратын», «буырқанған әдебиет айдынында» «60 жыл ғұмырын ақиқат жолындағы арпалыстарға арнады».
Тұрсекең рухы – ұлт рухынан жаралған. Оның есімі Мәңгілік ел тарихында өшпейтіндігіне асыл мұрасы куә.

Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар