Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған топырағына тартып туған текті жан - АРҚА АЖАРЫ

Туған топырағына тартып туған текті жан

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының (Қазақстан бөлімі) Құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы 1927 жылы 15 тамыз күні Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Алтынды кенішінде алтын өнеркәсібі жұмысшысының отбасында дүниеге келген.
Бар саналы ғұмырын ғылымға арнап, ұлтымыздың жоғын түгендеуге, есесін жібермеуге аянбай қайрат танытып, еңбек сіңірген тұлға көзі тірі болғанда биыл тоқсан жасқа толар еді.

Рухани әкем Тұрсынбек Кәкішұлының бұл дүниеден өткеніне де міне, бір жылдан асып барады. Сынаптай сырғып, судай ағып, зымырап өтіп жатқан уақыт… Бәріне де ұлы уақыт төреші әрі емші дегенімізбен, әлі күнге Тұрсынбек ағайдың бақилық болғанын санам қабылдағысы келмейді…
Күләш апайға амандық-саулық білмек болып ағамыздың қара шаңырағына әрбір бас сұққан сайын ағай әдеттегідей жұмыс бөлмесінен шыға келетіндей елеңдеп, елегізе қараймын. Ағайдың үйіне отбасымызбен барған кездердегі түрлі сәттер ойыма оралып, кейде ағайдың мейірім тұнған жылы жүзі, астарлы, зілсіз әзіл-қалжыңдары, кейде қызына сөйлеп, әлденені дәлелдеу үстіндегі ақыл мен ашу оты қатар тұтанған шыншыл кейпі жиі көз алдыма келеді.
Тұрсынбек ағамыздың шаңырағы өзім деген жандардың барлығына әрдайым ашық, Күләш апайдың берекелі дастарқаны жаюлы болатын. Үйінен кісі үзілмейтін. Өз басым қазақтың небір жақсы-жайсаңдарын Тұрсынбек ағайдың үйіне барғанда кездестірдім. Тіпті шекара сыртында, шет елдерде мекендеп жатқан қандастарымыздың да елде қара тұтып, маңдай тіреп келетін шаңырағы да Тұрсынбек ағамыздың үйі еді. Ағай олардың барлығына да қолынан келген көмегін беріп, жөн сілтеп, жол көрсетуші еді. Мұның барлығы да ағайдың адам алаламас ақ адал мінезінің арқасы екендігі сөзсіз.
Ол кісі ешкімді де жерге, руға, жағдайына, туыстығына қарай бөліп, алаламайтын. Шыншыл, әділ, адал, бойында ілім-білімге талпынысы бар, дарын ұшқыны байқалған жандарды сол сәтінде лайықты бағалап, өзіне жақын тартатын, барынша қолдау көрсетуге тырысатын. Ал өтірікті, жағымпаздықты, екіжүзділікті, надандықты, өлермендікті жаны сүймейтін, жек көретін. Ондай мінезді жандарды кім болса да маңына жуытпайтын. Бетің бар, жүзің бар демей, ойын сол сәтінде ашық, бүкпесіз айтып салатын. Содан кейін кім болса да ешбір адамның сыртынан ешқандай алып-қашты әңгіме айтпайтын. Ондай қылық бұл кісіге мүлдем жат болатын.
Отбасымызбен үйіне барған кезімізде, Күләш апамыздың «Алтынай келді», – деген үнін естісімен, бөлмесінен күлімдей, құшағын жая шығатын. Жүзінен бір қуаныш лебі ескенін байқайтынмын. Асылы, мені көргенде тұтас туған өлкесін көргендей күйге бөленетін болуы керек. Өйткені, мен Тұрсынбек ағамыздың туған жерінен, өскен өлкесінен едім. Сол ауылда туып-өстім. Тұрсынбек ағамыз оқыған мектепте білім алдым. Содан да болар, Тұрсынбек ағамыз әр кездескен сайын елдің-жердің жай-күйін сұрап, сондағы көне көз адамдарды, ауылдың әрбір тауы-тасын, орман-көлдерін ойша көз алдынан өткізіп отыратын. Соңғы жылдарда ауылдың берекесінің қашқанына жаны күйіп, жанашырлық танытушы еді.
Күләш апайдың: – Тапжылмай отыр едіңіз. Атып тұрдыңыз ғой, – деген әзіліне: – «А как же» – деп, еріп барған кішкентайларымызға: – «қане, мұрныңды әкел», – деп балаларымыздың танауынан иіскеп жатушы еді. Амал нешік, жүрекке жылылық нұр құятын мұндай сәттердің енді қайталанбайтыны өзекті өртейді…
Жоғарыда айтқанымдай, мен Тұрсынбек ағамыз дүниеге келген өңірдің тумасымын. Сондықтан да, біз ағайдың аты мен атағына бала кезден қанық болып өстік. Сыртынан баршамыз мақтан тұтатынбыз.
Біздің ел – әйгілі Көкше өңірі. Бұл – шоқ-шоқ тоғайы мен ойдым-ойдым ормандары жайқалған, айнадай жалтыраған көлдері шалқыған, биік өскен шалғыны ат сауырын қағып, көркіне көз тоймайтын әсем де нулы-сулы өлке. Кезінде Біржан сал, Балуан Шолақ секілді қазақтың небір дүлдүлдері өнерін өрістетіп, төңірегін ән мен күйге бөлеп дүбірлетіп өткен жер. Бұл жердің үсті ғана емес, асты да небір пайдалы қазбаларға бай. Тұрсынбек аға туған ауылдың Алтынды аталуы да тегін емес. Онда бертінге дейін алтын өндірілді. Ағайдың әкесі де осында кен қазған. Мектеп бітіріп, жоғары білім алмаққа Алматыға жол тартқанда Тұрсынбек ағайдың тау-кен мамандығына бармақ болып бел байлап шығуы да осыған байланысты.
Мұндай жер жаннаты дерлік көрікті жер, құнарлы өлке көз тартпай, жау шақырмай тұрмайтыны белгілі ғой. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Ресейден Қазақ даласына қарай ағылған орыс мұжықтары – қара шекпендердің жаппай қоныстанғандары да осынау біздің шұрайлы өлке болатын. Бұл жерлерден қазақтар шөлейтті жерлерге ығыстырылып, орны орыс шаруаларына босатылып берілді. Сөйтіп, өз жері, атақонысында қазақтар азшылыққа ұшырап, ат төбеліндей болып қалды. Жер-су, елді мекендердің барлығының бұрынғы тарихи, қазақы атаулары өзгертіліп, орысша атауларға алмастырылды. Ағай туған Алтынды ауылы – Даниловка, Бөрілі деген аудан атауы – Макинка аталып, төңіректің бәрін Гусарька, Боярка, Богдановка, тағы басқаша, деген кілең орыстар қоныстанған елді мекендер қаптады. Сөйтіп шөлейтті жерлерге ығыстырылуға қарсылық танытып, өз атакүлдігіне табан тіреп қалған шағын-шағын қазақ ауылдары қалың орыстың құрсауында қалды. Міне, Тұрсынбек ағай өскен өңірдің жай-күйі осындай болатын. Бұл жағдай біз оқып, мектеп бітірген 1990 жылға дейін ұласты. Осындағы бірнеше ауылға ортақ жалғыз ғана қазақ мектебі болды. Оның қазақ мектебі деген аты ғана еді. Сабақтардың көпшілігін біз орыс тілінде өттік. Мұндай жағдай тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өзгере бастады. Талай жыл құрсаулаған отаршылдық-орысшылдық сеңінің көбесі сөгіліп, қазақы рух жандана бастады. Елді мекендердің тарихи атауларын қалпына келтіруге талпыныстар жасалды, ағайдың 70 жылдығында жоғарыда аталған қазақ мектебіне аты берілді.
Мұның барлығын жазып отырғаным, Тұрсынбек ағамыздың бойындағы әсемдікке, өнерге, руханиятқа жақындықтың туған өлкесі – Көкше-Бөрілі-Алтынды өңірінің көркем табиғатынан тамыр тартып жатқанын, ал қайсарлықтың, шыншылдықтың, ұлтшылдықтың, күрескерлік пен қайраткерліктің орыс-қазақ ортасында тайталасып, бәсекелесіп, тартысып жүріп, шыңдалу арқылы қалыптасқанын байқаймыз. Сөйтіп, адам туған топырағына тартып туады деген сөздің ақиқаттығына да тағы да бір рет көз жеткізе түсеміз.
Ауылдағы үлкендердің айтуы бойынша, ағайдың әкесі көп сөйлемейтін, дене-бітімі ірі, батыл және батыр адам болған. Ағайдың әкесін көзі көрген, жақсы білетін елдегі кісілер ол туралы: «Керемет қарулы кісі еді. Бір шана шөпті бір өзі жалғыз сүйреп кететін, жарықтық», – деп отырушы еді. Тұрсынбек ағай да әкесі туралы: «бізді батылдыққа, адалдыққа, тазалыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеген әкеміз», – деп есіне алатын. Ағайдың келбеті біздің жақтың табиғатының сұлулығын елестетін маған. Жан-жағына нұр шашып, пайдалы тұстарымды өздеріңе сіңіріп алыңдар деп тұрғандай болатын.
Ағай біздің ауылдың ғана емес, тұтас қазақтың мақтанышы. Біз елде Тұрсынбек ағамызға қарап бой түзедік. Алғаш ағайдың есімін естуім де жоғарыда аталған мектептен басталып еді. Бұл шамамен 1985 жылдар болатын. Жоғарыда айтылғандай, қазақша мектеп деген аты болмаса, пәндердің көпшілігі орыс тілде өтетін. Сол мектепте оқитын қазақ оқушыларының бағына берген батыл, өжет Бәтима Айтжанова деген апайымыз бар еді. «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен сол кісі беретін. Қазақ балаларының қамқоры болды. Ең бастысы, әдебиетке және Тұрсынбек Кәкішұлына деген ынтамды осы кісі оятты. Әдебиет кабинетінде ағайға арналған бұрыш бар еді. Үзіліс кезіңде барша бала ағайдың кітаптарын тамашалап, жарыса оқушы едік. Сөйтіп, ағамыз секілді әдебиетші болсақ деген талап, бізді жоғары оқу орнының филология факультетіне жетелеп әкелді.
Тұрсынбек Кәкішұлының шығармашылығы бо-
йынша диплом жұмысын жазып, кейін ол ғылыми жұмысқа ұласып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кандидаттық диссертация қорғадым. Ағайдан рухани нәр алуым осылай басталған еді. Тұрсынбек ағайдың көрсеткен өнегесіне, берген тәліміне әрдайым тағзым етемін. Ағамыздың екінші өлмес өмірі баянды болсын, рухы пейіште шалқысын деп тілеймін.

Алтынай Шәуәлиқызы,
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетінің профессоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар