Ұлттық сана мен білім ошағы

Жаздың жаймашуақ базарлы күндері тарқап, қыстың қаһарлы мезгілі бастау алар шақта Қазақ үшін ең бір қастерлі оқиға – Тәуелсіздік мерекесі табалдырығымызды аттайды. Азаттықтың ақ таңы арайлап атқан осы күн әрбіріміздің жүрегімізді тербеп, еркіндіктің шуақ нұрын себелейді.

Иә, бұл азаттық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ғасырлар бойы аттың жалында жүріп, қолдарынан үкілі найзаларын тастамаған бабалар жолы қалтарысы көп, қарбаласы да аз емес тірліктің терең тамырынан нәр алғаны ақиқат.

«Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда – тәуелсіздіктің көк туы. Елтаңбамызда – бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз. Арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар! Лайым бетімізден жарылқасын! Үлкен жолдың үстінде бізді ата-бабаларымыздың аруағы желеп-жебеп жүрсін!» дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде.
Бұл ұлы жол – Мәңгілік елдің ұзақ сапары іспеттес. Алтын қанатты пырақтар бізді межелі белеске көтереді. Кеше Көк түрік болып, айдай әлемде тұлпарымыздың тұяғының ізі қалды. Бүгінгі соқпақ одан да асқақ көрінеді. Жаһандану дәуірі төрімізге озған шақта аузымен құс тістеген елдермен терезе теңестіру оңай емес. Төрт құбыламыз тең, алты алашымыз аман болу үшін экономикамен бірге, рухани жан дүниемізді де жаңғыртсақ деген Елбасы талабы уақыттың талабымен үндеседі.
Рухани жаңғыру, яғни, имани сана биік болса, елдің де ертеңі бұлыңғыр болмасы анық. Біз зайырлы елміз. Бірақ, біз дінімізді бөлектеп алған имансыз ел болмайтынымыз тағы ақиқат. Алғаш тәуелсіздік алған күннен бастап, қасиетті дініміздің діңгегі бекіп, тамыры тереңдей түскені азаттығымыздың пешенемізге бұйырған бір бақыты болса керек.
Қазақ енді дін еркіндігін де алды. Бес парызын орындап, көк күмбезді мешіттерін салып, намазын оқып, оразасын ұстауға мүмкіндік алғаны шынымен ғасырлар бойы аңсаған асыл арманымыз еді-ау. Ата-бабаларымыз тығылып намаз оқып, шоқындыру саясатына қарсы қаймықпай қарсы тұрғаны тарихтың еншісінде қалды. Көкшенің асыл елін шоқындырудан сақтап қаламын деп жанталасқан Науан хазірет бабамыз қандай батыр еді.
Әлі есімде тоқсаныншы жылдардың басында Е.Әуелбеков көшесіндегі ескі мешіт ғимараты қайтадан Алланың үйіне айналған қуанышты оқиғасының куәгері болып едік. Бір ғасырлық тарихы бар ескі мешітте Алла тағалаға құлшылық ету араға жетпіс жыл салып, қайтадан бастау алды.
Міне, Науан хазірет есімін алған жаңа мешіт те бой түзеп, қаламыздың сәніне айналып отыр. Сырт қарағанда ол намаз оқитын және діни жоралғыларды өткізетін орын болғанымен, оның тағылымы – рухани ошақ екендігінде дер едім. Күн сайын Алланың үйіне кіріп-шығып жататын адамдар ең алдымен өздерінің бас амандығын тілейді. Сосын қасиетті елінің саулығын тілеп, өткен арғы ата-бабаларына дұға оқытады.
Бірде кіп-кішкентай сәби әжесін сүйрелеп, мешітке әкеле жатқанын көрдім. Сонда әлгі бет-жүзін әжім басқан қария: «Мен жетпіс жыл атейстік заманның дәмін татып, мұсылмандықтан да алшақтағанымызды жасыра алмаймын. Шынымды айтсам, дәл қазір менде бір қобалжу бар. Мешітке немерем сүйрелеп келе жатқанына қамығамын. Ол емес, мен оны иманға ұйытуым керек еді ғой. Бірақ, заманның ағымы сол болды. Мүлде мешіт есігін ашпадым деп айта алмаймын. Намаз оқы деп қолқалаған немеремнің сөзін жерге тастағым келмейді. Ал, ол сәби болса да, бірер жылдан бері осы мешіттен діни сауатын ашты» деп ағынан жарылған еді.
Бүгінде Алланың үйі жастардың көп келетін қасиетті орнына айналды. Бұл да жөн шығар, бірақ, жат ағымның жетегінде кетпесінші деген тілек әр ата-ананың жүрек түкпірінде жатқанын несіне жасырамыз. Егер сәбиді кішкентайынан асыл дініміздің құндылықтарына сусындатсақ, бәлкім, бұлай есейе келе өзге ағымды желеу етіп, өз ошағынан кетпес еді-ау. Жаңа мешітте неке залы жұмыс істейді. Мұсылмандық жолмен некесін қидыратындар саны артқанын да байқаймыз.
Сауат ашу курстары да қарапайым адамдарға алғашқы діни сауат жайлы білім береді. Елбасы өзінің бір сөзінде діни ахуалды жақсарту үшін халықтың діни санасын қалыптастыру бағытында жұмыстар істеуді тапсырған еді. Мешіттердегі сауат ашу шаралары да осыған бағытталады.
Жақында орталық мешітте хиджама жасау бөлмесі ашылды. Оның алдында шаштараз қызметі жолға қойылған еді. Осының бәрі адамдарға көрсетілетін қызмет түрлерінің халал түрін ұсынуға негізделеді. Бір жағынан қайырымдылықты жан-жақты жүзеге асыру басты мақсат етіледі. Себебі, жаны жабырқағандарға қамқорлық көрсету исламның да басты құндылықтарының бірі саналады. Мешіттер бұл бағытта миллиондаған теңгенің ізгілік көмектерін көрсетеді.
Бұған мешіт жанындағы қайырымдылық дүкені де мысал бола алады. Күніне мұнда алпыс-жетпіс адам тегін азық-түлік, киім-кешек алып тұрады. Ал, ақша сұрап, басқа да мұқтаждықтарын айтып келетіндерден мешіт бір арылған емес. Біреу ақшасын ұрлатып алып, жолдан қалғанын айтып, өтініш білдірсе, енді біреу науқастанып, дәрі-дәрмек ала алмай қиналатынын айтады. Оны айтасыз, қазір өзге ұлт өкілдерінің де аз келмейтінін байқаймыз. Бір жолы осындай жандардың бірі өзінің шіркеуге барып, ондағылар мешітке жұмсағанын тілге тиек етті.
Биылғы жылы облыс бойынша бірнеше жүз адамға қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Осы мешіттегі шара барысында бір қарияның көзіне жас алып тұрғанын көріп, себебін сұрағанда ол өзінің орыс екенін, бірақ, ислам дінінің қайырымдылығына тәнті болғанын ағынан жарыла айтты.
Жалпы, тәуелсіздікке қол жеткізгелі жиырма алты жыл. Бұл аз да уақыт емес. Ең бастысы, экономика алға жылжып, өндірісіміз өркендеп келеді. Меніңше, рухани әлеуетіміз де алға басқанын айтуға тиіспіз. Оның ішінде асыл дініміз елдің имани санасын қалыптастыруда барынша үлес қосқанын атап өткеніміз абзал.
Мен сөзімді Елбасының: «Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деп ой-санасын қамшылауы керек» деген ой-тұжырымымен аяқтағым келіп отыр. Шынында, біз еліміздің өркені биік болғанын қаласақ, ортақ мүдде жолында жатпай-тұрмай еңбектенгеніміз аса қажет дер едім.

Бақыт СМАҒҰЛ,
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар