Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, жобалар мен жоспарларды тиянақты орындап шығудың маңыздылығын атап көрсетіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыстық басқармалар, ведомстволар мен кәсіпорындардың басшылары қатысқан кеңесте облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов курортты аймақты дамыту жоспары экология мен транспорттық логистика инфрақұрылымдары проблемасын шешу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарын қарастыратынын, жалпы, 61,4 миллиард теңгеге бағаланған отыз төрт шараны өткізу межеленгенін баяндап берді. Оның ішінде 31,1 миллиард теңгеге бағаланған 26 шараны облыстық әкімдік жүзеге асырмақшы. 2018 жылы тоғыз шараға 4,5 миллиард теңге қарастырылған. Қабылданған жоспармен қатар Бурабай ауданы аумағындағы қала құрылысының кешенді жобасы жасалды. Курортты аймақтың әкімшілігі болып саналатын Бурабай кенті мен Абылайхан алаңында, өзге де аумақ пен Щучинск қаласы маңында қала құрылысын дамыту қарастырылған. Бүгінгі таңда жұмыста екі бас жоспар пайдаланылады. Облыс басшысы бұл бас жоспарлардың түзетілуіне назар аударуды тапсырды.
Кеңесте бұдан екі жыл бұрын бекітілген Щучинск қаласының бас жоспары жөнінде айтылды. Бұл қаланың Заречный шағын ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бой көтерген. «Rixos» қонақ үйі кешенінің маңына туристік ойын-сауық орталығы салынбақшы. Дегенмен, бұл жобаға бүгінгі күнге дейін конкурс жарияланбапты. Аймақ басшысы бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі 2013 жылы жасалған Бурабай кентінің бас жоспарымен танысты. Мұнда спорттық, туристік ойын-сауық нысандары мен автокөлік жолдарына қатысты тузетулер енгізілген. Келесі жылы бульвар салу межеленген. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров өз сөзінде Щучинск-Бурабай курортты аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алты жоба қарастырылғанын айтып өтті. Бүгінгі таңда төрт жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта судан құтқару станциясы, спорт кешені және өзге де нысандар салынбақшы. Облыс басшысы бұл нысандардың туристерге де ортақ болуын тапсырды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченко өз сөзінде су, жылу және кәріз жүйесі тартылғанын, қазір кейбір нысандардың құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Биылғы жылы Щучинск қаласы, Бурабай кенті мен Қатаркөл ауылында жүзеге асырылып жатқан алты жобаға республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржы толық игерілген. Келесі жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бұл жұмыстар одан әрі жалғастырылады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дудар Сағитов өз сөзінде биылғы жылы салынған курортты аймақтың жолдары жөнінде айтып берді. Жобаны түзетуге облыстық бюджеттен тиісті қаржы қарастырылған. Жол құрылысына 2,5 миллиард теңге қажет. Келесі жылы Мәдениет ауылына баратын жол, аудандық маңызы бар тағы басқа біршама жолдар жөнделеді. Облыс әкімі өз сөзінде Бурабай кенті ішіндегі автокөлік жолына көңілі толмайтынын атап өтті. Тіпті, мұнда қонақ үйлерге баратын күре жол жоқ. Бұдан соң аймақ басшысы аквопарк, парковка, ипподромның және үш бульвардың жобаларымен танысты. Облыстық туризм басқармасының жұмысына аймақ басшысының көңілі толмады. Жергілікті әкімдік пен басқармаға мұз қалашығын тезірек салуды тапсырды. Бұдан кейін таулы шаңғы базасының жобасымен танысты. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасау үшін 1,5 миллион доллар қажет екен. Құрылысына да қомақты қаржы керек. Облыс әкімі жобаның иелерінің бұл сөзімен келіспеді. Мәлік Мырзалин Щучинск қаласындағы спорт кешенінің жобасымен танысып, оны кеңейтуді тапсырды. Курорттық аймақта арабтар салатын жылқы қорасы, салынатын және салынып жатқан өзге де нысандарды тізімге алып, бақылауда ұстау қажеттігін айтты.
– Сондай-ақ, курортты аймақта сумен және балшықпен емдеу орындары жұмыс істеуі керек. Әзірше кәсіпорын басшылары белсенділік танытпай отыр. Келесі жылы тазалықты сақтамайтын демалыс орындары, мейрамхана, асхана тәрізді нысандар жұмыс істемейтін болады. Осы орайда, бұл жұмысты бүгіннен бастап қолға алу керек. Алдағы жылдары жаңа қонақ үйлер салынып, сіздердің кірістеріңізбен ортақтасады. Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлер даму жолына түсуі қажет. Демалыс орындары қолжетімді болуы тиіс,– деген өңір басшысы тиісті басшыларға жаңа жылдың басында курортты аймақта туристік саланы дамытудың жол картасын бекітуді тапсырды.
Рамазан Тілеуов.