Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Бурабай курортты аймағындағы «RixosBorovoe» қонақ үйінде дәстүрлі Президент шыршасына жиналған бүлдіршіндерге жаңа жылдық жылы лебізін білдіріп, әр балаға бағалы сыйлықтар жасады. Президент шыршасына облысымыздың әр өңірінен 200-ден астам ата-ананың қамқорлығынан тыс қалған, тұрмысы төмен отбасыларының балалары мен талантты балалар қатысты.
Мерекеге сай сәнмен безендірілген Президент шыршасына келген бүлдіршіндерді Крол Джей, Эльза ханша, аққала Олафа сияқты мультфильм кейіпкерлері мен ескі жылдың рәмізі – Қораз кейпіндегі кейіпкер көңілді күлкімен, әдемі әнмен қарсы алып, ізгі лебіздерін білдіріп жатты. Бұдан кейін балалар Елбасымыздың өздеріне арналған құттықтауы мен игі тілектерін бейнеэкраннан көріп, тыңдады. Облыс басшысы да Президент шыршасына жиналған балаларға арналған жылы лебізі мен ақ тілектерін ортаға салды. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын балаларға арнап Президент шыршасын өткізуді берік дәстүрге айналдырып келеді. Сендер жаңа ғана Елбасымыздың өздеріңе арналған жүрекжарды жылы лебізі мен ақ тілектерін тыңдадыңдар. Мемлекет басшысы еліміздің болашақ тізгін ұстары – жас ұрпақтың білімді, дендері сау, талантты және спортпен белсенді айналысатын отансүйгіш болып өсуін қалайды. Бұл жолда елімізде балаларға қажетті барлық жағдайлар жасалуда», – деп атап өтті аймақ басшысы құттықтау сөзінде.
Облыс әкімі мерекеге жиналған бүлдіршіндерге жаңа жылдық сыйлықтарды өз қолымен табыс етті. Балалар облыс әкімінің қолынан естелік кітаптар, тәттілер мен басқа да ойыншықтар алып, қуанышқа кенелді. Президент шыршасында бүлдіршіндерді тағы басқа да есте қаларлық ғажайыптар күтіп тұр екен. Олар өздеріне арналған жаңа жылдық театрландырылған көркем сахналық көріністерді тамашалады. Бүлдіршіндер жәй ғана тамашалаушы болып қоймай, жаңа жылдық шыршаны айналып ән шырқады, би биледі, түрлі ойындар ойнап, өз өнерлерін ортаға салды. Осылайша жаңа жылдық Президент шыршасы балалар үшін есте қаларлықтай көңілді де әсерлі болып өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.