Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құқық бұзушылыққа қарсы күресті күшейту қажет - АРҚА АЖАРЫ

Құқық бұзушылыққа қарсы күресті күшейту қажет

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген құқық бұзушылықтарды алдын алу жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында тұрмыстағы зорлық-зомбылық, бас бостандығынан айырылып, кейін бостандыққа шыққан соң қоғамға бейімделуі, жұмыссыздар мен баспанасыздарды әлеуметтік қамту мәселелері қаралып, комиссияның 2017 жылы атқарған жұмысы қорытындыланды және келесі жылдың жоспары бекітілді.

Комиссияның кезекті отырысына аудандардың және Көкшетау мен Степногорск қалаларының әкімдері, мүдделі органдардың басшылары қатысты. Күн тәртібі нақтыланған соң, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ҮЕҰ-дың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарын қорғау жұмыстары, баспанасыздар мен жұмыссыздардың әлеуметтік жағдайы туралы баяндама жасады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепілдік берілген және оны жүзеге асыру ішкі істер органдарының басым бағыты. Осы орайда, облыстық ішкі істер департаментінің қызметтері заң шеңберінде мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, азаматтардың құқығын қорғау бағытында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, соның ішінде әйелдерге қатысты жәбірлеу фактілерінің жолын кесу, алдын алу бойынша бірталай жұмыстарды атқарып келеді. Жыл басынан бері осы бағытта 34 іс-шара өткізіліпті. Әйелдерді отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау және оның алдын алу бағытында түрлі акциялар ұйымдастырылды. Мәселен, түрлі қоғамдық қорлар мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Тұрмыс. Қадағалау. Алкоголь.» секілді алдын алу акциялары жүргізілген. Оқу орындарында «Отбасындағы зорлық-зомбылық», «Неке және отбасы», «Зорлық-зомбылықсыз үй», «Қайшылықтарға қалай жол бермеу керек?» деген тақырыптарда дәрістер оқылыпты.
–Жыл басынан бері отбасында зорлық көрген әйелдерге қатысты 2276 қорғау ұйғарымдары шығарылған. Онда белгіленген талаптарды бұзған 80-нен астам азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Жалпы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсету, олардың құқығын бұзушылықтардың 80 пайызы алкогольді ішімдік ішудің салдарынан орын алады. Осыған байланысты спиртті ішімдікке құмар адамдарды есепке қою жұмыстары дұрыс жолға қойылды. Бүгінде облыстың ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрғандар саны 6,4 мыңнан асып жығылады. Олардың ішінде салауатты өмір салтын ұстанғысы келмейтін 435 адам мәжбүрлеп емдеу мекемесіне жіберілді, – деді жергілікті полиция қызметінің бастығы.
Бас бостандығынан айырылғандардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуі, жұмыспен қамтылуы туралы баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың айтуына қарағанда, биыл жұмыспен қамту орталықтарына 292 адам келген, олардың ішінде бас бостандығынан айыру мекемелерінен келген 49 адам және пробацияда жүрген 112 адам жұмыспен қамтылған. Олардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға орналастырылған.
Күн тәртібінің екінші бөлігінде комиссияның 2017 жылы атқарылған жұмыстары қорытындыланып, 2018 жылғы жұмыс жоспары талқыланды. Осы орайда, облыстағы жасөспірімдер мен жастардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруі, ойын-сауық орталықтарында өз беттерімен отырулары, алкогольді ішімдіктерді сату уақытының қадағаланбауы, мектеп оқушылары мен ересектердің суицидке баруы, оқушылардың бір-бірін жәбірлеуі, жол апаттары мен онда қаза тапқандар көрсеткішінің өсуі секілді көптеген өзекті мәселелер қаралды. Жергілікті полиция бастығы Серік Баймұқановтың мәлімдеуінше, облыста жол-көлік оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға, яғни, 451-ден 436-ға, ал жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер саны 2 пайызға, нақты айтқанда 689-дан 675-ке дейін төмендепті. Бұл көрсеткіштерге көңілі толмаған өңір басшысы Мәлік Мырзалин облыста жол-көлік оқиғасы азайғанымен, одан қаза тапқандар саны көбейгенін айтты.
–Биыл облыста орын алған 436 жол-көлік оқиғасынан 107 адам, былтыр 451 жол-көлік оқиғасынан 91 адам қаза тауыпты. Биылғы көрсеткіш өте жоғары, – дей келе, аймақ басшысы соңғы уақытта полицейлердің өз жұмысына салғырт қарауынан бірнеше оқиға орын алғанын еске салды. Олардың бірі көктемгі су тасқыны уақытында балалар автобусының Жарқайыңнан Көкшетауға жолға шығып кетуі. «Дер кезінде жасалған көмектің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Жол бойында қаншама полицейлердің бекеті бар бола тұра автобустың жолға шығып кетуі сіздердің жұмысқа деген салғырт қарауларыңыздың себебі. Бұған қоса, Щучинскіде орын алған полиция көлігін ұрлау фактісі қоса бар» деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі.
Сөзін қорытындылай келе, өңір басшысы жол-көлік оқиғасын алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізіп, осы бағытта жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті және басқа да мүдделі органдардың өкілдеріне құқық бұзушылықтар мен жасөспірімдер қылмысының, жол көлік апаттарының алдын алып, көрсеткіштерін төмендетуді тапсырды. Бұл орайда, облыс прокуроры Тимур Тәшімбаев мектептердегі бейне-камераларды күн сайын бір жауапты адам қарап отыруы, осыған байланысты оған тиісті мамандарды бекіту керектігі жөнінде ұсыныс айтты. Сонымен бірге, аймақ басшысы облыста арнайы жұмыс тобын құрып, жасөспірімдердің ұйымдасқан топтарының бар-жоғын анықтауды тапсырып, комиссия отырысын қорытындылады.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар