Құрылыс қарқыны екі есе артатын болады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин мен «Регион строй» серіктестігінің директоры Александр Дворцевой журналистермен брифинг өткізіп, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған тұрғын үй құрылысы комбинатының жұмысы жайында айтып берді.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары алдымен, Көкшетау қаласында өндірілетін құрылыс материалдары жөнінде сөз қозғады. 2014 жылы тұрғын үй құрылысы комбинатының жобасына 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жоба аясында қырықтан астам тұрақты жұмыс орны ашылыпты. Бүгінгі таңда осы салада «Регион строй» серіктестігі қарқынды жұмыс істей бастады. Кәсіпорын негізінен құрылыс материалдарын шығарып, тұрғын үй құрылысын жүргізеді. Сапасы жоғары құрылыс материалдары Астана қаласы мен Ақмола облысының рыногында сұранысқа ие. «Регион строй» серіктестігінің директоры Александр Дворцевой өз сөзінде кәсіпорын құрылысы 2013 жылы өңірді индустрияландыруды қарастыратын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында басталғанын айтып берді.
– Жылдық жобалық қуаты 50 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын құрайтын комбинат 2014 жылы салынды. Онда Ұлыбритания, Италия, Испания, Ресей мен Украинада жасалған қазіргі заманғы қондырғылар орнатылған. Жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі мемлекет есебінен субсидияланды. Бүгінгі таңда комбинат құрылыс рыногына қажет өнімнің түр-түрін шығарады. Зауыт пайдалануға берілгенге дейін біздің өңірдің құрылысына қажет темірбетонның негізгі бөлігі Астана қаласы мен өзге өңірлерден тасымалданды. Қазір бұл жағдай мүлдем өзгеріп, жергілікті рынокты, сондай-ақ, Астана мен Петропавловск қалаларын құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеміз. Қазір зауыт өндірістік қуатына шығуға дайын. Білікті мамандардан тұратын ұжым құрылды. Инженерлік кадрлар таңдалып алынды,–деген серіктестік басшысы кәсіпорын құрылыс техникасымен және барлық тетіктермен жабдықталғанын айтты. Кәсіпорынның негізгі міндеті – көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізу. Биылғы жылы пилоттық жоба болып саналатын Уәлиханов көшесі бойындағы тоғыз қабатты, ірі панелді 90 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Бастапқыда бұл жоба Беларуссияда жасалды. Мұндай тұрғын үйлердің құрылысы Беларуссияда жоғары деңгейде жүргізіледі. Бұл жобада жаңа технология пайдаланылды. Тұрғын үй панелден салынса да кеңес заманындағы панелден салынған тұрғын үйге ұқсамайды. Жаңа технология әр шаршы метр тұрғын үй алаңын арзандатуға мүмкіндік береді. Беларустардың көмегімен 3-4 класқа сәйкес келетін пәтерлердің тұрғындарға жайлы болуы қарастырылған.
–Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында бұл үйдің құрылысын келісім-шартқа отыру арқылы Тұрғын үй құрылыс банкінің көмегімен пайдалануға бердік. Баспананың бір шаршы метрінің бағасы 150 мың теңгені құрады. Биылғы жылы Бурабай шағын ауданында дәл осындай екі тұрғын үйдің құрылысын бастадық. Бұл тұрғын үйлерді тұрғын үй құрылыс банкімен бірге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салудамыз. Құрылысқа 1 миллиард теңгеден астам қарызға алынған қаржы тартылды. Тағы бір тұрғын үй өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, нәтижесінде 550 миллион теңгенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын болды. Бұл үш тұрғын үйдің құрылысын келесі жылы аяқтаймыз. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бірқатар жоба жасадық. Тұрғын үй құрылыс банкісі арқылы сатып алынатын баспананың бір шаршы метрінің бағасы 120 мың теңге. Бұл бағдарлама басымдыққа ие. Қазір Көкшетау қалалық әкімдігі тұрғын үй салатын жер телімдері мәселесін шешуде. 2018 жылы қалалық құрылыс бөлімі облыс орталығының Сарыарқа шағын ауданында 108 шағын пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысын жоспарлап отыр. Осының арқасында біздің комбинат толық қуатында жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Өйткені, барлық негізгі өнімдер зауыт пен құрылыс учаскелерінде жасалады, – дейді Александр Дворцевой.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар