Қысқы сақтық шаралары есте болсын

Жыл мезгілі қысқа ойысқан қазіргі уақытта ауа температурасының күндіз де, түнде де төмендеуіне байланысты төтенше жағдайлар қызметін алаңдататын бір жайт, тұрғындардың пеш пен электр құралдарынан және газдан сақтану мәселелері.   

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Досбол Жақсыбаев жан-жақты баяндап, ескерте түсті.

Оның мәлімдеуінше, жылыту маусымы басталғалы облыс аумағында осындай 23 өрт тіркеліп, келтірілген материалдық шығын 51 миллион теңгені құраған. Өрттің шығуына 18 жағдайда электр құрылғыларын тарту және техникалық пайдалану ережелерін бұзу себеп болса, 5 жағдайда тұрғындардың отқа абайсыз қарауы түрткі болған.

– Өрттің алдын алу мақсатында кешенді шаралар атқарылып жатыр. 10 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, тұрғындармен әңгіме жүргіздік, 850 тұрғын үйде пештердің мұржалары тазартылды. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық алаңдарда үгіт-насихат материалдары орналастырылып, ұялы байланыс операторлары арқылы SMS-таратылым жүргізілуде, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында да осындай жұмыстар атқарылуда, – деді Досбол Жақсыбаев.

Баяндамашы атап өткеніндей, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындар тұратын үйлерге ерекше назар аударылуда. Биыл мұндай тұрғын үйлерде иіс пен түтінді анықтайтын 536 арнайы сезгіш құрылғы орнатылған.  Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 9-ына жалпы сомасы 194 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Брифинг соңында басқарма бастығының орынбасары:

– Өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес береміз. Пешті жағарда тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға болмайды. Жанып тұрған пештер мен қосулы тұрған электр жылытқыш құралдарды қараусыз қалдырмаңыздар және олардың маңына балаларды жолатпаңыздар. Сонымен бірге, жылыту құралдары мен мұржалардың ақаусыздығын уақытылы тексеріп, тазартып тұруды да сұраймыз. Электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіздер және тек ақаусыз электр жылытқыштарын пайдаланыңыздар. Газдың иісі байқалған жағдайда дереу бөлмені желдетіп, 112 нөмірі арқылы шұғыл қызметтерге хабарласыңыздар, – деп тағы да тұрғындарға құлаққағыс жасады.

Сондай-ақ, брифингте облыс аумағында «Ата-анаңның үйін тексер!» республикалық акциясы өтіп жатқаны атап өтілді. Аталмыш акцияның да мақсаты жылыту маусымы кезінде тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру болып табылады. Сөз соңында Досбол Жақсыбаев тұрғындарды тағы да бір рет өз ата-аналары мен жақындарының үйлеріне барғанда пеш жабдықтарының, мұржалардың және электр сымдарының ақаусыздығына зер салып, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына назар аударуға шақырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар