Ұлттың ары мен жанашыры

Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясы Қазақстан бөлімінің Құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, профессор, жазушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің туғанына 90 жыл толу құрметіне арналып, «Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы және рухани мұра мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Конференция жұмысына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушы-ғалымдарының үлкен тобы келіп қатысты. Ордалы оқу орнына жиналған республикамыздың айтулы ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері алдымен Ақмола облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаларға арналған көрмені тамашалады.
Алматы, Астана, Көкшетау, Степногорск қалаларының зиялы қауым өкілдері, жазушының жан жары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет, жерлестері, ұстаздар және студенттер қауымы қатысқан алқалы жиынды ашқан университет ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров, жазушы-ғалымның азаматтық және қайраткерлік қызметіне деген ерекше құрметін жеткізе отырып, облыс әкімінің құттықтау хатын оқып берді. Ректор өз сөзінде ғалымның өмір жолы мен еліне сіңірген ерен еңбегінің кезеңдеріне тоқталып, мазмұнды баяндап берді. Жиында алғашқы болып, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов сөз сөйлеп, рухани, елдес інісі ретінде Тұрсынбек Кәкішевтің талантының көп қырлылығы, шығармашылығының aуқымдылығы мен қазақ әдебиеті пен мәдениетінің дамуына қосқан үлесіне тоқталып өтті.
Конференцияның ресми бөлімінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірқатар ғалымдары сөз кезегін алып, ғалымның сан қырлы келбетін сипаттайтын сырға толы естеліктерімен бөлісіп, еліміздің мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген ерен еңбегін тілге тиек етіп, мазмұны бай баяндамаларын жасады. Алғашқылардың бірі болып Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі, мемлекет және қоғам қайраткері Ғарифолла Есім «Кемеңгерлік философиясы» тақырыбында баяндама жасады. Ал, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы болса, Тұрсынбек Кәкішевтің сан қырлы тұлғасы туралы орамды ойларын ортаға салды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы конференция жұмысына қатысып отырған Тұрсынбек Кәкішұлының жан жары Күләш Ахметті университет ұжымының атынан «Күлтегін» медалімен марапаттап, ескерткіш сыйлық табыс етті. Танымды шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серік Негимов, филология ғылымдарының кандидаты Әліби Шапауов, айтыскер ақын, жыршы-манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Кәкішевтің шәкірті Баянғали Әлімжанов, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы сөз сөйлеп, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Олар көрнекті ғалымның оқымыстылық, қайраткерлік тұлғасына зор баға бере келіп, оны «Ұлт ұяты» деп бағалады.
Жиын соңында ғалымның зайыбы Күләш Ахмет сөз алып, жиналғандар алдында конференцияны ұйымдастырушыларға өзінің жүрекжарды, ақжарма алғысын білдірді және үлкен парасат, білім иесінің өзі білетін қырларына тоқталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар