«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын іске асыру нәтижесінде еліміздің дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың нақты тарихы мысалында табыстылық идеяларын, бәсекелестік принциптерін, білім және прагматизм культын насихаттау және дамыту арқылы қоғам санасын рухани жаңғырту көзделген болатын.
Аталмыш жаңа жоба аясында онлайн-дауыс беруге 302 кандидат ұсынылып, үміткерлер қызмет саласы бойынша 6 санатқа бөлінді. Яғни, ғылым саласында – 45, спортта – 42, қоғамда – 86, медицинада – 46, мәдениетте – 37 және бизнес саласында 46 адам «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткер ретінде тіркелді. Дауыс беруге ұсынылған кандидаттар елдің барлық өңірлерін қамтыды.
Атап өтерлігі «100 жаңа есім» жобасында Ақмола облысынан да сегіз адам жеңімпаз атанды. Облыс абыройын аспандатып, өз мерейін асырған үздіктердің қатарында Степногорск қаласындағы №6 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі – Александр Кинцель, бокстан Әлем чемпионы – Дина Жоламан, Аршалы ауданындағы Вячеславск үлгілі орта мектебінің директоры – Татьяна Немцан, Көкшетау гуманитарлы-техникалық лицейінің директоры – Наталья Дементьева, «Покажи мне небо» кітабының авторы, 11 баланың әкесі – Мұрат Қабылбаев, Родина ауылдық округінің әкімі – Белла Газдиева, аршалылық омарташы Анатолий Добровольский, Жақсы ауданынан сынға түскен сценарист, продюсер Айдие Айдарбеков бар.