Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жас ұрпақтың сапалы білімі – басты назарда - АРҚА АЖАРЫ

Жас ұрпақтың сапалы білімі – басты назарда

Елдің абыройы, оның жарқын болашағы – білім көрсеткіштерімен, оның
сапасымен белгіленіп, баға берілетіні түсінікті. Ешқандай елде білім сапасын жоғары көтермей даму, ілгерілеу болуы мүмкін емес.

Білім деңгейін көтеру үшін, ұрпақтың жан-жақты, сапалы білімін жетілдіру үшін күресу – барша қоғамның міндеті. Бұл жауапты міндетті жекелеген адамдардың иығына артып қою – өнегелі жұрттың ұстанымы болмақ емес. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты ел халқына жолдаған Жолдауы мен «Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында елімізде білім беру жүйесін жетілдіру бағытында көптеген алға қойған мақсат-мүдделерімізді атап көрсетіп берді. Әрине, бұл орайдағы басты бағыт – бәсекелестік қабілетін арттыру болып табылады. Бүгінгі бәсекелестік жағдайын әлемдік даму үрдісімен сабақтастыра отырып, білімді жаһандыру – мемлекетіміздің күш-қуатын, мүмкіншілігін айқындайтын басты факторлардың бірі болып саналады. Ел басшысы жоғарыда аталған мақалаларында, сонымен бірге, осыған дейінгі еңбектерінде де бұл мәселелерге үнемі көңіл бөліп, маңыздылығын атап көрсетумен келеді. Мемлекеттің негізгі капиталы – адам десек, еліміздің әрбір мүшесінің заман талабына сай білім алып, сонымен бірге, кәсіби мамандығын жетілдіру зор маңызға ие болып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» деген болатын. Міне, білім беру саласында еңбектеніп келе жатқан әрбір қоғам мүшесінің санасында тұруға тиіс ұғым, білімнің басты темірқазығы осы болуға тиіс. Білім саласында шектелу, тек өз қазығыңды айнала беру, әлемдік тәжірибеге сүйенбеу – абырой әпермек емес. Елбасы жаһандық даму үрдісінің озық қырларын батыл қолдануды үнемі айтып және дәлелдеп келеді. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында «Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда» деген сөздері саналы ұрпаққа күш-жігер береді, өз істеріне деген сенімін нығайтады. Кім жақсы өмірге, абыройы асқақ болуға ұмтылмас? Ал, оған тек ерінбей еңбек ететін, талмай ғылым іздейтін, жалықпай техника меңгеретін адамның жететінін айтқан Елбасының сөздері ізгілік мұрат-мүдделерге, талмай ізденуге жетелейді.
Міне, осы бағыттарды іске асыруда біздің Ақмола облысының білім беру жүйесінде де бірқатар істер атқарылып келеді. Қолымыздан келгенінше Елбасының білім беру жүйесіне орай айтқан ұсыныс-бағыттарын басты назарымызда ұстап келеміз.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес білім сапасын арттыру жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттары білім беру процесіне қатысушылардың үздік білім беру ресурстары мен технологияларына бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету, азаматтарының жалпы білім беретін мектептерде интеллектуалдық, рухани дамуын қалыптастыру болып табылады.
Бүгінде облыста 584 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде: 565 мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін мектеп, 10 кешкі, 5 арнайы түзету, 2 ведомстводан тыс, 1 мемлекеттік емес, 1 Назарбаев Зияткерлік мектебі. Облыс бойынша жалпы орта біліммен 120590 оқушы қамтылған.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты үштілді білім беруді дамыту. Үш тілде білім берудің негізгі стратегиялық мақсаты – халықаралық стандартқа сәйкес қазақстандықтар бір уақытта үш тілді меңгеруіне қажетті жағдай жасау, немесе қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білу, орыс тілі, қазақ тілімен қатар қолданылатын ресми тіл, ағылшын тілін әлемдік экономикаға бірігу құралы ретінде үйрену.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Жаңартылған білім мазмұнын пилоттық енгізу туралы» бұйрығына сәйкес «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндерін инварианттық режимде ағылшын тілінде оқитын облыста 7 пилоттық мектептер (Көкшетау қаласы бойынша «Білім инновация лицей-интернаты», №1 орта мектеп-гимназиясы, №6 орта мектеп-гимназиясы, №17 орта мектеп-гимназиясы, Астана қаласы, дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты Егіндікөл №2 орта мектеп, Ерейментау №2 орта мектеп) анықталды. Сонымен қатар, «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндерін инварианттық режимде ағылшын тілінде оқыту элементтерін енгізе бастаған 15 пилоттық мектеп анықталды.
Жаратылыстану математика бағыты (ЖМБ) пәндердің тілдік курстарында (физика, информатика, химия, биология) біліктілікті арттыру курстарынан 494 педагог өтті, қазіргі уақытта 206 ЖМБ педагог және 114 ағылшын тілі мұғалімі оқуын жалғастыруда.
Облыс бойынша 2017 жылы біліктілігін арттыру курстарында 7544 педагог білім алып, біліктіліктерін жетілдірді.
Орта мектепте білім алушы оқушылар өздерінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялары бо-йынша дағдыларын білім алу процесіндегі барлық оқу пәндері арқылы дамытады, яғни, ақпаратты табу, құру, мәліметтермен, идеялармен алмаса отырып, кең спектрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы бірлесіп қызмет жасау барысында өзінің жұмысын бағалайды және жетілдіреді. Облыстың барлық мектептері Интернет желісіне қосылды.
Ақмола облысының бірыңғай «Күнделік» ақпараттық жүйесінде 515 мектеп қызмет көрсетуде. Облыстың барлық мұғалімдері BilimLand білім беру платформасына қол жеткізе алады. «BilimLand» білім беру платформасындағы материалдарға қол жеткізу үшін облыстың 565 мектебі 1401 мультимедиялық жиынтықтармен жабдықталған.
2017 жылы облыстың мектептері үшін 64,7 миллион теңгеге 21 жаңа модификациялы кабинет сатып алынды, облыстың мектептері интерактивтік тақтамен қамтылған.
STEM-білім беруді дамыту аясында (мектептерді робототехника кабинеттерімен жабдықтау жүргізіледі), қазіргі уақытта облыс бойынша 52 білім ұйымы робототехника кабинеттерімен және оның элементтерімен жабдықталған.
Білім саласындағы атқарып жатқан жұмысымыздың нәтижелі боларына жерлестерімізді сендіргіміз келеді. Бар күш-жігерімізді жас ұрпақты оқыту, сапалы білім беру, тәрбиелеуге жұмсаймыз. Жаңа технологиялық мүмкіншіліктерді барынша пайдалану, әлемдік озық іс-тәжірибелерге арқа сүйеу – біздің басты міндетіміз болып табылмақ. Бірақ, бір нәрсені баса ескерткім келеді. Сөзімнің басында айтқандай, біздің атқарып жатқан істеріміздің түбегейлі нәтижелі болуы сіздердің әрқайсыңыздың қатыстарыңыз бар, жас ұрпақ болашағы үшін, оның білімді, жан-жақты, тәрбиелі, озық, мәдениетті болып шығуы үшін әрбір қоғам мүшесі, ата-ана ретінде де немесе үлкен ағалық, апалық тұрғысынан да немесе бір елдің азаматы, отандасым, жерлесім, жанашырым, жақыным деп біліп, атсалысады деп сенемін.
Құрметті жерлестер! Болашаққа бірге, сеніммен нық қадам жасайық, ұрпақпен бірге болашағымыз да нұрлы болсын, еліміз жаңа сападағы жастарымызбен нығая берсін!

Талғат ЖҮНІСОВ,
Ақмола облыстық білім беру
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар