Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Спортсыз өмір жоқ - АРҚА АЖАРЫ

Спортсыз өмір жоқ

Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп. 2017 жыл біздің облыстың спорт саласы үшін толайым табыстарға толы болды. Өз елімізде өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиададан басталған спортшыларымыздың жеңісті де жемісті сәттері барша қазақстандықтарға мерей. 2018 жыл да спортшыларымыз үшін жауапты сын-додалардан басталғалы тұр. Біз спортшыларымыздың жарқырап, жеңіс тұғырына көтерілуіне тілектеспіз.

Облыста спорттың инфрақұрылымын дамытып, халықтың бұқаралық спортқа деген сұранысын арттыру, оған қоса жоғары спорттық жетістіктерді одан сайын молайту спорттық ұйымдардың жұмыстарының негізгі бағыты. Қазіргі уақытта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты 2025 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын және Ақмола облысының аймағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бағытында біршама жұмыстар атқаруда. Аймақты дамыту бағдарламасында белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Оның алғашқысы азаматтардың дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысуын қамту болатын. Жыл соңындағы көрсеткішке үңілетін болсақ, облыста 204 мыңға жуық адам спортпен айналысады, бұл өткен жылғыдан 8424 адамға көп. Мақсатты индикаторлардың келесісінде балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің секцияларына, арнайы дене дайындығы клубтарына қатысуын қамту қарастырылған. Алдыңғы 2016 жылмен салыстырғанда, өткен жылы спорт мектептеріне және балалар мен жасөспірімдердің спорттық клубтарына қатысушылардың саны 1663 адамға көбейді. Облыстың Степногорск қаласы мен Жарқайың, Жақсы, Зеренді аудандарында басқа аймақтарға қарағанда спортпен шұғылданушылар көбірек тіркелгендігі қуантады.
Қазіргі уақытта дене шынықтыру және спорт саласында 2079 адам жұмыс істейді, соның ішінде 1148-і ауылды жерлерде еңбектенуде. Олардың 1100-дейі жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері, 150-і орта арнаулы және жоғары оқу орындарының оқытушылары, 400-ге жуығы жаттықтырушы-оқытушылар.
Спортқа қызығушылығы бар, онымен айналысамын деген азаматтарға облыста 2355 спорттық нысан қызмет етеді. Олардың 1672-сі ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Өткен жылдың басынан бері жаңадан 57 спорт нысаны іске қосылды. Шортанды ауданының Шортанды кентінде жүзу бассейні, Сандықтаудың Балкашино селосында дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Державинск қаласында жасанды газон төселген футбол алаңы бар үлкен стадион салынып, облыс орталығындағы «Оқжетпес» стадионы жаңғыртылды. Тұрғындардың бос уақыттарында спортпен шұғылданулары үшін көптеген жерлерде қазіргі заманға сай спорттық алаңдар, хоккей корттары ашылды. Бұл нысандарды салуға қаржыны жергілікті бюджет пен иелік ететін субъектілер бөлді. Облыс бойынша жалпы алғанда 34 спорттық алаң салынып, қажетті құралдармен жабдықталды. Солардың 18-і жасанды газонмен жабылса, 15-іне көше тренажерлары орнатылды. Олардың бесеуінде Стрит Воркаутпен шұғылдануға және хоккей ойнауға болады.
Степногорск қаласының орманды саябақ аймағын спорттық аумақ деп атауға болады. Мұнда көп функционалды хоккей корты, көпшілік сырғанауға арналған хоккей корты, мини-футбол алаңдары, синтетикалық жабынды жамылған баскетбол, волейбол, теннис корттары, Стрит Воркаут алаңдары іске қосылды. Бұдан бөлек онда барлық азаматтарға, тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тренажерлар орнатылды. Сонымен бірге, инвесторлардың көмегімен Егіндікөл ауданының Алакөл селосында спорт залы мен шағын стадионы бар мәдени-демалыс орталығы бой көтерсе, Көкшетауда жекпе-жек спорттық залы салынды, Жақсы ауданының Ишимка ауылында стадион, Жарқайың ауданында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ауыр атлетика залы қайта жаңғыртылды.
Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мерген» спорт клубы жұмыс істейді және онда 200-ден астам адам спортпен шұғылданады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен оны насихаттау мақсатында облыста 3,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оларға 279 мыңдай адам қатысты. Солардың ішінде спорттың 10 түрі қамтылған жазғы «Ақ бидай», қысқы «Хрустальный колос», спорттың 9 түрі бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Үміт», ұлттық және халықтың спорт түрлерінен өткен «Құлагер» спартакиадалары спортшыларды ең көп жинаған бәсекеге толы мерекелер болды.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі шеңберінде өткен Ақмола облысының күндерінде біздің өңір «Қазанат» ипподромында және этноауылда бес күн қатарынан ұлттық спорт ойындарынан спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырды. Оған 500-ден астам спортшы мен 100 шақты ат қатыстырылды.
Бұқаралық спортпен қатар, облыста жоғары жетістіктер спортына да басым көңіл бөлінеді. Спорттық резервті дайындау мақсатында облыста 29 спорт мектебі және Бөгенбай батыр атындағы спорттағы дарынды балалар мен жасөспірімдердің мектеп-интернаты жұмыс істейді, олардың 4-еуі олимпиада резервтерінің мектептері. Көкшетау қаласында олимпиадалық резервті дайындайтын облыстық орталық жұмыс істейді. Жоғарыда аталған спорттық білім беретін нысандарда 43 спорт түрі бойынша 14107 спортшы шұғылданады. Сонымен қатар, қазіргі таңда облыста Қазақстан Республикасының чемпио-
наттарына қатысып жүрген 6 кәсіби команда бар. Олар шайбалы хоккейге қатысатын «Арлан» хоккей клубы, футболдан «Оқжетпес» футбол клубының ерлер және әйелдер командалары, баскетболдан да ерлер мен әйелдер командалары және бір команда футзал бойынша бақ сынасады.
ҚР Ұлттық командаларының құрамына облыстың 364 спортшысы енді. 2017 жыл басталысымен қысқы спорт түрлері бойынша сынға түсетін спортшылар үшін халықаралық спорттық іс-шаралар қыза түсті. Қаңтар-ақпан аралығында Алматы қаласында өткен дүниежүзілік қысқы универсиадаға біздің облыстан 16 спортшы қатысып, қанжығамызға 7 медальді салып берді. Жалпыкомандалық есепте 36 медальмен Қазақстан екінші орыннан көрінді. Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азиада ойындарында Қазақстан 32 медальді иемденіп, жалпыкомандалық есепте 4 орыннан көріндік. Бұл шараға облыстан 8 спортшы қатысып, 6 медаль иеленді. Жалпы, өткен жылы облыстың спортшылары республикалық және халықаралық жарыстардан әртүрлі деңгейдегі 721 медальді қанжығамызға салыпты. Сол секілді әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан спортшыларымыз 70-ке жуық медаль олжалады.
Жаңа жылда осы жетістіктерді одан әрі молайта түсуге мақсат қойып отырмыз. Осы ретте, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтар қатарын көбейтіп, заманауи спорт алаңдарын әлі де сала бермекшіміз. Астрахан ауданының Астраханка селосында дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу көзделген. Бұландыдағы жүзу бассейнінің құрылысы аяқталып, Бурабайда Спорт сарайын салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Облыстың жетекші спортшыларын халықаралық старттарға қатысуға дайындаймыз. Нақты айтқанда, жақында Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына облыстан 10 үміткер барады. Олардың ішінде Алина Райкова, Анастасия Кондратьева, Роман Еремин, Тимур Хамитгатин биатлоннан бақ сынаса, қалған алтауы шаңғы жарыстарына қатысады. Олар: Валерия Тюленева, Николай Чебатько, Денис Волотка, Евгений Величко, Олжас Климин, Константин Борцов. Осы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Паралимпиада ойындарына шаңғы жарысына тірек-қозғалу аппаратында бұзылушылығы бар спортшы Денис Петренко барады. Аргентинада жасөспірімдер жазғы олимпиадасы болады, оған екі спортшы қатысады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Индонезияда жазғы Азиа ойындары өтпекші, оған облыстан Дина Жоламан, Мөлдір Базарбаева, Теміртас Жүсіпов секілді боксшыларымыз бен Анна Нұрмұхамбетова, Екатерина Столяренко, Жасұлан Қалиев, Тахиржан Қадырқұлов, Аян Бейсембаев, Мейірлан Ысқақов, Темірлан Теміров секілді спортшыларымыз барады. Олардың әрқайсысынан күтер үмітіміз мол.
Міне, бұл өткен 2017 жылдың жетістіктері. Ал, енді 2018 жылы осы нәтижелерді одан әрі жандандырып, алға нақты мақсаттар қойып, бұдан да көп жетістікке жетіп, спортшыларымыздың жеңіс тұғырына жиі көтерілуіне тілектеспіз. Жаңа жыл құтты болсын!

Надежда ПАТЮТКИНА,
облыстық дене шынықтыру және
спорт басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар