Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Алтын ғасыр» «ЦҮМ»-ге айналғаны несі? - АРҚА АЖАРЫ

«Алтын ғасыр» «ЦҮМ»-ге айналғаны несі?

Көкшетау қаласының орталығындағы кеңес заманында «Центральный универмаг» аталған, кейінірек жекешелендіріліп, сауда үйіне айналған және «Алтын ғасыр» деген әп-әдемі атқа ие болған ғимаратқа биыл көктемде жөндеу жұмыстары басталған еді. Дегенмен, сауда үйінің сыртқы бейнесін түгел өзгертетін күрделі жөндеу жұмыстары жазда бітпей, әлі күнге дейін жалғасуда. Несін айтасыз, қаланың сәнді бір сауда орталығы болғалы тұр.
Алайда…

Жә, жөндеу жұмыстары созылып кетсе, ол құрылысшылардың кінәсінен немесе қаржы жетпегендіктен шығар, онда біздің шаруамыз жоқ. Дегенмен, осы қаладағы ең ірі сауда орталықтарының бірі саналатын мекеменің атауының өзгергені қайран қалдырды. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары аяқталған сауда үйінің Абай көшесі жақ беттегі кіре беріске қызыл түсті үлкен әріптермен «ЦҮМ» деген жазу жазылғанына қарап, «Алтын ғасырдың» атауының өзгергенін аңғардық. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, иелігіндегі сауда үйіне қандай атау берсе де, қожайынның өз еркі ғой.
Десе де, ғимараттың кіре берісінде жазылған «ЦҮМ» деген атаудың мәнін түсіне алмадық. Егер ескі атауы қалпына келтірілсе, «ЦУМ» болуы керек еді. Ал, қазіргі жазуы «ЦҮМ». Оның қандай мағына берерін және қай тілде жазылғанын білмей аң-таңбыз. Егер қазақшаласа «Орталық әмбебап дүкені», қысқартып алғанда «ОӘД» болуы тиіс. Ал, бүгінгі атауы – «ЦҮМ» дегеннің мағынасы не және қай тілде жазылған? Қазақша ма, орысша ма, әлде ендігінің талабы бойынша латынша жазылды дейін десең оған да келмейді.
Бұрынғы атауының арасына түсіп кеткен қазақша «ү» дыбысы оны қай тілде екенін білуге мүмкіндік бермейді. Жұмбақ.
Бәлкім, осылай жасау арқылы сауда үйінің иесі оның атауын қазақ және орыс тілдерінде екі рет қайталап жазудан қашып, «бір оқпен екі қоян атып алғысы» келген шығар? «ЦҮМ» деген не орысша, не қазақша емес сөздің мәні осында болар? Бұның жайын енді сауда үйінің қожайыны немесе осы атауды қойып, жазған адамнан сұрау қажет шығар?..
Сонымен, «ЦҮМ»-ге қош келдіңіздер, дейміз.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар