Абай ауылының аумағында қойдың сүтiне иленіп, жүнi және аттың жалы араластырылған саз балшықтан қаланып, салынған Беспақыр мазары бар.
Нұра өзенінің оң жағалауында орналасқан мазар алғашқы рет отыз жыл бұрын зерттелген. Мазар XIX ғасырдың 30-шы жылдарында, Кенесары атымен байланысты, жаугершiлiк заманда қайтыс болған бес кiсiге салынған деген аңыз бар. Көлемі 30х23х10 және 50х10 сантиметр шикі кiрпiштен қаланған. Мазар салынған кiрпiштің құрамы қойдың сүтi, жүнi, аттың жалы мен саз балшықтан тұрады. Күмбезiнiң үстiңгi бөлiгi опырылған, ішіне кіре беріс қақпасының жан-жағындағы қабырғада бұзылған жерлерi бар. Екi бөлмелi композиция көлденең ортасында, шығыстан батысқа қарай созылған. Шығыс жағында аласа дарбаза (арка) және кiрпiш шығыңқы қаланған күмбезбен жабылған есiгі бар. Нысанның диаметрi 2,8 метрді құрайды. Осы қалпында сақталып қалған көне мазар аудандағы ертеден келе жатқан тарихи ескерткіштердің бірі болып табылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Қорғалжын ауданы.