Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Салтымызды бұрмалап одан не ұтамыз?!. - АРҚА АЖАРЫ

Салтымызды бұрмалап одан не ұтамыз?!.

Сыңсу – қыздың ұзатылар алдындағы ел-жұртымен, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып-өскен жерімен қоштасу түрінде айтылатын тұрмыс-салт жырларының бірі. Ұзатылатын қыз сыңсуды сіңлілерімен немесе жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп, белгілі әуенмен айтатын болған. Оның сөзін ақындар немесе қыздардың өздері шығарған.

Ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу арқылы жұртқа өзінің жан сырын жеткізген. Ерте кезеңдерде сыңсуда қыздың жеке басының мұңы әлеуметтік мәселелерімен ұштасып, ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеумен қатар, қоғамдық ортаның, азаттық аңсаған әйелдер көзқарасы білдірілген. Қыз өзінің ішіндегі бар сағынышын шығарып, күйеуінің жұртына кетеді. Сыңсудың әні мен сөзі үйлесіп, салтымыз санадан өшпей тұрғанда былайша айтылған екен:
Есіктің алды ошаған,
Ұстатпайды қашаған.
Қайта айналып келгенше,
Аман да бол босағам.
Базардан алған тақтайым
Сындырмай қайтіп сақтайын.
Айналайын ақ апам,
Ақ сүтіңді қайтіп ақтайын.
Қызғалдақ едім құлпырған.
Барамын ұзап жұртымнан.
Тірегім болған әкешім,
Тілеушім болған сыртымнан.
Базардан келген құйысқан,
Тарамай шашым, ұйысқан.
Келіп те кетіп жүріңдер,
Сағындырмай туысқан, –
деп, осылайша өріліп кете береді. Ал, қазіргі уақытта сыңсу негізінен қыз ұзатылып кетіп бара жатқанда туған-туыстарымен қоштасу барысында айтылады. Иә, айтылады. Мәселе осында жатыр. Ертеде ұзатылып бара жатқан қыз сыңсуды өзі айтса, қазіргі таңда оны олардың орнына өзгелер орындап жүр. Тұрмысқа шыққалы жатқан қыз ата-анасымен қоштасу әнін әншімен бірге айтып жатса, оған біздің қарсылығымыз жоқ. Өкінішке орай, осы күнгі тойларда халқымыздың салт-дәстүрі көрсетіліп жатқанымен, оның ешбірінде шынайылық жоқ секілді. Бәрі ақша үшін жасалғасын солай болады да. Өйткені, ақшасын алған адам өзіне жүктелген міндетті тез-тез атқарып кетсем екен деп тұрады. Ақырында, сыңсуымыз сыңсу болмай, оның не туралы екенін, мән-мағынасын жан дүниесімен беріліп орындамаған не қыздың өзі, не жиналған қауым да түсіне алмай қалады.
Біздің облыс орталығында да тапсырыспен сыңсу айтатын 3-4 адамды білемін. Осы орайда солардың қолда бар телефон нөміріне хабарласып, «Салтымызды бұрмалап, сыңсуды өзге біреуге орындатқызғаннан не ұтамыз?» деген сауалымызды қойған едік. Телефонның ар жағынан өзін Жанар Нұрланқызымын деп таныстырған кейіпкеріміз өзінің жақында қалаға ауылдан көшіп келгенін, ақша табу үшін той агенттіктеріне сыңсу айтамын деп жарнама бергенін айтты.
–Халқымыздың салты бойынша қыз туған үйінен ұзатылардан екі-үш күн бұрын туған-туысқандарымен сыңсу айтып қоштасып, жүрегіндегі қимастық сезімін әндетіп жеткізетін болған. Қазір заманның ырғағына қарай көптеген салт-дәстүрлеріміз өзгеріске ұшырап жатыр. Сол сияқты сыңсу айту да заманауи түрге енді. Бәрі де ақша табудың амалы ғой. Мен де декреттік демалыста отырғанымда азын-аулақ нәпақа табу үшін сыңсу орындауға дайындалып жүрмін, бірақ әзірше ешкімнен ұсыныс алған жоқпын, – дейді Жанар.
Жасыратыны жоқ, әнші қыз-келіншектердің де біразы сыңсуды бизнеске айналдырып алғалы қашан. Иә, тойда дауысы әдемі кәсіби әншінің ән орындағаны жақсы ғой. Тек, әр нәрсенің өз ретін біліп, ондай салт-жоралғыларды жасағанда оның дұрыс-бұрысына да көңіл бөліп отырғанымыз жөн. Салтымызды өйтіп бұрмалағаннан бәз-біреулер ұтып жүрген де шығар, алайда ата-бабаларымыздан мирас болып келген дәстүріміз бірте-бірте түп тамырынан ажырап қалмасына кім кепіл? Соны ойланайық.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар