қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев ұстазға осындай баға берген екен
1985 жылы туған жерім, ыстық мекенім – күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайтын ауылым, бұрынғы Целиноград облысы, Теңіз ауданы, қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданы Сарыөзен кеңшарындағы онжылдық орта мектептің сегізінші класын бітірген соң, соғыс және еңбек ардагері, қарт әкем маған «енді оқуыңды қалаға барып жалғастырасың» деді. Менің болашағымнан бірдеңе күтті ме, ол жағын білмедім, көп сөзге жоқ еді. Бірақ, менің алдымдағы балалар да сегізінші класқа дейін ауылда, қалғанын қалада оқыған болатын. Сол дәстүрді бұзбайын деген шығар…
Қалада әжеміз бар…
Осылайша мен Ақмоладағы, ол кезде Целиноград қаласы деп аталады, Жамбыл Жабаев атындағы №4 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттадым. Алғашқыда ауылдан келген қара домалақ балаға бәрі қызық көрінді, ауылдағыдай шағын мектеп емес, кең, жарық, екі қабатты зәулім ғимарат. Жаңа орта, басқа ұстаздар…
Ауылдағыдай тыныш өмір емес, қаланың ию-қию тірлігі, адамдардың көптігі, машиналар, базар, бәрі де таңсық, мәз болып мен жүрмін.
Бір күні класс жетекшім шақырды. Бардым.
– Сен Тілеубек Ысқақов деген кісіні танисың ба? – деп сұрады.
– Әрине, – дедім.
Ол кісі менің ауылдағы ұстазым. Бізге әдебиеттен сабақ берген деп айтып жатырмын.
– Онда былай, сол ұстазың бізге хабарласып, менің шәкіртімді қайтарыңдар деп айғайлап жатыр. Даусы да зор екен. Сені қайтармасақ, өзі келіп алып кетемін деді. Қалай қарайсың? – деді.
Апырым-ай, ә, ол кісінің менде несі бар екен деп таң қалдым. Жақсылық жасағысы келсе адам деген басқаша жасамай ма екен?
Сөйтіп, менің өмірімде бірінші рет қорқыныш пайда болды. Иә, расында да келіп алып кетсе не істемекпін? Мына әдемі мектеп, жаңа орта, қызық қала, жаңа дос-
тарым, сосын… сосын әнебір әдемі қыз… бәрі қалатын болды-ау…
Келмесе екен, ауырып қалса екен, тіпті балалықпен иә, иә балалықпен… өліп қалса екен деп те тілейтін болдым…
Содан бері міне, отыз жыл өтіпті, ағамыз әлі тірі жүр.
Жетпіске келді!
Сөйтсем, бір қарағанда түсі сұсты болып көрінетін, бір жағынан өзім қорқып, аяғымды алдында еппен басып жүретін ұстазымның мен туралы басқа бір ойы бар екен. Мен оны қайдан білейін? Сол кездің өзінде-ақ ол кісі мен туралы «әдебиет жағынан бірдеңе шықса, осы баладан шығады-ау» деп ойлап жүреді екен. Бірақ, енді ол ойын маған айтпаған, маңайындағыларға айтып жүріпті. Оған себеп болған мынадай оқиға болатын.
Бірде әдебиет сабағы өтіп жатқан. Түс болып қалған кез. Интернаттың балалары қарындары ашып, терезеге телміріп, қоңырауды асыға күтіп отырғандарын ішім сезеді. Бірақ, мен өзім жақсы көретін сабақ болғаннан кейін асығып отырғаным жоқ. Бір көзім ағайда, бір көзім кітапта. Ағай сабақ түсіндіріп жатыр. Клас-
та шыбынның ызыңы естілетін тыныштық. Басқа уақытта у-шу болып класты басына көтеріп отыратын біз осы ағамыздың сабағында тым-тырыс бола қалатынбыз. Өйткені, қорқамыз. Ағамыз қатал. Түсі де сұсты. Бірақ, алдыңғы партада отырып алған менің ойым дәл қазір басқада. Өйткені, кеше интернатта бастаған бір кітапты тауыса алмай сабаққа ала келіп, соны оқып отырмын. Бұл кітап Сәкен Сейфуллин туралы жазылған бір ғалымның монографиясы болатын. Бұл кезде мен бар болғаны 6 кластың баласымын.
Оқудың қызығына түсіп кетіппін. Ақырын жаныма келген ағайды байқамай қалыппын.
Ағай ақырын менің жаныма келді де, оқып отырғаның не деп сұрады. Сасып қалдым. Біткен жерім осы шығар деп ойладым. Ағамыздың кейде қолына ұстаған таяқшамен бастан нұқып та қалатын кездері болады. Кітапты қолына ұстап әрі бері аударып, парақтап көрді де маған қайтарып берді. Сосын маған ерекше бір көзбен қарады. Жүзінің жылып кеткенін, бір ерекше нәрсенің жылт еткенін байқап қалдым.
Үндеген жоқ.
Кейіннен осы оқиға туралы ұстазым жүрген жерінде айта жүріпті. «Бар болғаны 6 кластың баласы. Оқып жүргені – монография. Монографияға 6 кластың баласы түгілі, университеттің студенттерінің де тісі батпайды. Әй, бірдеңе шықса, осы баладан шығады» дейді екен сүйсініп.
Бір күні шақырып алып, қолыма «Абай жолын» ұстатқаны бар. Ап-ауыр екі кітап. Зілдей. Алғашқыда оқуын оқысам да түсіне қоймадым. Тілі де ауыр секілді. Енді алтыншы кластың баласының қауқары белгілі емес пе? Бірақ, сонда да ақырына дейін оқып шыққаным есімде. Кейіннен «осы кітапты оқып шықшы» деп тағы да басқа кітаптарды әкеп беріп жүрді. Ақыры ақырын-ақырын ауылдағы шағын кітапхананың барлық кітаптарын оқып шықтым. Енді мен оқитын кітап қалмады.
Кейіннен бүкіл Теңіз ауданында бірінші болып Алматыдағы қазақ білімінің қара шаңырағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, айды аспанға бір-ақ шығарғаным бар. Өйткені, «қатардағы көп қойшының баласы, тамыр-танысы жоқ, ол бала қалай ғана КазГУ-ге түсті екен?» деп таң қалғандар көп болыпты. Менің бұл табысқа жетуіме аяулы ұстазым, кейін білдім, өзіме туыс ағам Тілеубек Сабырұлының сіңірген еңбегі зор еді…
Рас, шыны керек, талай ұстаздардың алдын біз де көрдік. Университетте мүйізі қарағайдай, білімі телегей теңіз, атағы алты алашқа мәлім ұстаздар сабақ берді. Олардың алдын көру, дәрісін тыңдау дегеніңіздің өзі үлкен бақыт еді. Қазақ әдебиеті деген мұхиттай терең, Алатау-
дай асқақ. Шегі, шеті жоқ. Бірақ, жамандағаным емес, заман ағымымен, бала-шаға қамымен жүргендерді де көрдік. Енді бес саусақ бірдей емес қой. Ішінде осыдан жиырма жыл бұрын жазған, әбден сарғайып кеткен қағаздарын сөмкесінен алып шығып, судыратып оқып беретіндері де болды. Қазір тіпті қиын заман туды. Екінің бірі оқитын болды. Біліммен емес, ақшамен. Ақшасын төлеп қойсаң болды, сабаққа да барудың қажеті жоқ жеке меншік оқу орындары көбейді. Екінің бірінің дипломы бар. Бір емес, екі-үш дипломы бар, базарда тәшкі сүйреп жүргендерді де көрдік. Білімнің қадірі азайып, дүкені барлар сөйлейтін болды.
Ал, ол кезде басқа еді. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» еді.
Адам түгілі бір түйір дән де түскен жері құнарлы болса ғана өсіп, өнеді. Өнім береді. Ал, адамның өмірінде туған жері, туып-өскен отбасы ерекше із қалдырады. Тілеубек аға өзінің нағашы апасы Шәрбан Алтыбайқызының есімін үнемі ілтипатпен еске алып жүреді. Апасы халық ауыз әдебиетіне жақын жан болса керек. Алғашқы ертегілерді, қисса, жырларды, аңыздарды сол кісінің аузынан естиді. Ал, әкесі Сабыр ақсақал болса кітапты көп оқыған көзі ашық, көкірегі ояу азамат болыпты.
Міне, осындай ортадан шыққан Тілекеңнің әдебиет әлеміне қарай аяқ басуы заңды да еді. Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Қараегін жетіжылдық мектебін бітірген соң бала арманы оны Ақмоладағы педагогикалық училищеге алып келеді. Арман – ұстаз болу. Осы жерде Оспан Омаров, Рақым Қазыбаев, Назым Ахметжанқызы, Жұмағали Қыздарбеков сынды азаматтардың мейірімін көп көріп, ұлағатын молынан сезінеді.
Ағамыздың алған марапаттары, көрген сый-сияпаттары бір басына жетерлік. Өзі айта бермейді. Оны 50, 60 жасқа толғанда журналистердің жазған мақалаларынан оқып, білдім де. Журналистер кейде өзі жазатын адам туралы толық біле де бермеуі мүмкін. Бастық тапсырды, газет бетін толтыру керек, мақала жазу керек. Сондықтан, бейтаныс кейіпкерінің өмір жолына, алған марапаттары мен алғыс хаттарына көбірек тоқталып, жаттанды сөздермен мақаласын тәмамдап жатады. Ал, өзің кішкентай кезден білетін, өзіңе қатысы бар, біраз өмірі көз алдыңда өткен адам туралы жазу, ол енді басқа бір нәрсе! Сондықтан, маған дейін жазылған біраз дүниелерді қайталай бермей, ағамыздың адамгершілік мұраттары, ұстаздық ұлағаттары, қоғамдық ой-көзқарастары туралы көбірек айтуға тырысайын.
Менің бір байқағаным, Тілекең тек әдебиетші ғана емес, тарихшы да, саясатқа да араласып қоятыны бар. Көзі көрген, өзі білген ақын-жазушылар туралы да сағаттап әңгіме айтып бере алады. Туған халқының тарихына да бейжай қарай алмайды. Тіл мәселесінде де өзінің орнықты пікірін айтып жүрген жан. Осыдан елу жыл бұрын өзі білім алған Ақмоладағы педагогикалық училище туралы, оның ұстаздары мен сол кездегі қала өміріндегі қоғамдық-саяси өмір туралы да естелік айтып, қалам тербегені бар. Кейіннен 70 жылдардағы Қарағандының әдеби-мәдени өмірін де бір шолып шықты.
Бірде газет ақтарып отырып, бір мақалаға көзім түсті. Былайғы жұрт көбінесе газеттің не жазғанына қарап, кім жазғанына назар аудара бермейді. Ал, журналист қауымы міндетті түрде бұл мақаланы кім жазғандығына көз жүгіртіп өтеді. Сөйтіп, бара-бара кең байтақ еліміздің қай жерінде кім бар, ол не жазып жүр, қабілет-қарымы қалай, деңгейі қандай екендігін біліп, санасына сақтай береді.
Мақала «Қырандай желге қарсы қаңтарда ұшқан» деп аталады екен. Елең еттім. Тақырып керемет. Бір елге белгілі ғалым адам жазған болар деп мақаланың аяқ жағына көз жүгіртсем «Тілеубек Ысқақов» деп тұр. Менің аяулы ұстазым. Ағам. Қалай оқымайсың. Бір демде оқып шықтым. Оқып шықтым да үлкен ойға қалдым…
Ағамыз бұрын-соңды өзі сабақ берген шәкірттерін де ешқашан ұмытпайды. Олар туралы сұрап, біліп, тіпті кейбіреулері туралы мақала да жазып жүреді. Тағдырына алаңдайды, тағдыр тәлкегіне ұшыраса өкініш білдіреді, титтей болса да табысқа жетсе қуанышын жасыра алмайды.
Мысалы, жуырда Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінен «Ғани мінер ақбоз ат» атты мақаланы көзім шалып қалды. Оған «Жүректегі бейне» деп айдар тағылуының өзі көп нәрседен хабар берсе керек.
«Ғани марқұм есіме түскен са-
йын, неге екенін қайдам, Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақбоз ат» деген әңгімесі ойға оралады. Әңгімеде талабы зор, дарынды Тортай үлкен қалаға барып, оқу оқи алмай, ауылда қалып қояды. Жазушыда осыған қынжылыс бар», – дейді зейнеткер ұстаз, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің озық қызметкері Тілеубек Ысқақов.
«Менің шәкіртім Ғани да ауылда қалып қойды. Алысқа шыға алмады. Жасынан денсаулығы көтермеді. Әйтпесе әжептәуір сазгерлік қабілеті бар еді. Кезінде көмек қолын соза алмағаныма өкінемін. Әттең, Ғани ақбоз атын қаңтара алмады», – деп өкініш білдіреді.
Міне, менің ұстазым, ағам осындай адам!
Тұрсынбек ӘЛИҰЛЫ,
журналист, жазушы.
Астана.