Балтабаевтың наны

Ерейментау ауданында іссапарда жүр едік. Түс әлпеті. Қала орталығындағы шағын асханаға бас сұққанбыз. Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жинақы, шағын асхана екен.

Ас мәзіріне көз жүгіртіп тұр едік алдымызда тұрған жігіт ағасы:
– Балтабаевтың наны түсті ме, қарағым? – деп сұрады.
– Түсті, аға, –деп жауап берді сатушы.
Алғашқыда елең еткен жоқпыз. Бұйырған дәмнен ауыз тиіп, арғы жаққа ел қондырып сыртқа шыққанбыз. Дәл іргеде азық-түлік сататын кішкентай дүкен бар екен. Темекі алмақшы болып кірдік. Кезекте тұр едік, алдымыздағы әлдебір әжей дүкен сатушысынан:
–Айналайын, Балтабаевтың наны түсті ме? – деп сұрасын.
Алғашқы естігенімізде елең етпегенімізбен, екінші жолы ойланып қалдық. Шамасы «Балтабаевтың наны» деген сөз ас атасының белгілі бір түрінің атауы-ау.
Облыс орталығында да халық күнделікті тұтынатын нанды әрқилы атайды. Әне бір наубайхананың атауымен, содан соң күнделікті нан жеткізетін аудандардың атауымен. Мәселен, Тайыншаның наны, Айыртаудың наны деп жатады. Ас атасы туралы артық ауыз сөз айтуға болмайды. Обал. Бірақ, дегенмен әр наубайхананың өнімінің сапасы әртүрлі екендігі белгілі. Күнделікті тұтынып жүргендіктен ол жайды халықтың бәрі біледі. Кейбірі борпылдақ, ортасы қуыс, кескеннің өзінде үгіліп, шашылып қалады. Енді бірі пісуі жетпегендей көкаязданып, қарманып қыссаң суы шығардай шіп-шикі болып тұрады.
Жаңа ғана асханадан дәм татқанда, Балтабаевтың наны қандай болады деп сұрамағанымызға өкіндік. Қайтып барғанша осы елді мекеннің ішінде болса тауып алып танысайықшы деп ұйғардық. Білетіндердің айтуына қарағанда, алыс та емес екен. Екі-үш көшеден кейін оңға бұрылдық. Алдымызда бір қабатты, ұзыншалау келген наубайхана кезікті.
Шағын ғимараттың табалдырығынан аттаған сәтте-ақ тәп-тәтті нан иісі бұрқ ете түсті. Танауыңды жаратындай. Қарсы кездескен адамға жөнімізді айттық. Жетелеп алып жүрді. Кішкентай, шағын жұмыс кабинеті.
Наубайхана иесі Жанат Балтабаев жарымжан адам екен. Анығында инсульт алған. Бірнеше жыл бұрын. Кейін сырқаты қайталап соққан. Сонда да мойымаған. Неткен жігер, қайрат, өмірге, еңбекке құштарлық деп ойладым ішімнен.
Тілдестік. Бажайлап сұрауға дәтіміз бармады. Инсульттің салдарынан тіл күрмелген. Қасында күнде жүргендіктен ыңылы мен ымын жаза баспай танитын көмекшісі көмектесіп отырды.
Осы ауданның Тайбай ауылында мал дәрігері болып еңбек еткен екен. Кейін Кеңес Одағы ыдырап, кеңшарлар жабылғанда жұмыссыз қалған. Тірі адам талпынып тіршілігін істеуі керек. Алғашында сауда-саттықпен айналысса керек. Қолы жүрген адамға, сәті түссе сауданың да несібесі мол. Мал баққан адамның
малы жылына бір-ақ рет төлдесе саудагердің малы күнде туады. Кейін айықпас сырқат жабысқан. Енді саудамен айналысуға мұршасы болмай қалды. Ойдағыны орып, қырдағыны қырып жүретін денсаулық жоқ. Алғашында соныға салар соқпақ таппай қаңтарылып қалғаны да рас. Кейін жинаған азын-аулақ қаржысына осы наубайхананы сатып алған. Бейтаныс кәсіп емес еді, бір кезде өзі де осында жұмыс істеген.
Әлі есінде 2012 жылдың 9 мамыры күні екі қолын алдына сыйғыза алмай кәсіп іздеген Жанат бір қап ұннан нан пісірген. Сөйтіп, мерекеге жиналған халыққа сатты. Ас атасының қабара қызарып піскен, дәмі тіл үйіретін сапасын көрген халық пышақ үстінде бөліп, сатып алып кеткен. Міне, содан бастап нан пісірумен айналысады. Қазір шағын наубайханада 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шалғайдағы шағын ауданда бұл да жұмыссыздықты жоюға аздап болса да септігін тигізетін игілікті іс. Екінші қырынан алып қарасаңыз, тіпті маңызды. Жарты денесінде жан жоқ, мүгедек адамның тепсе темір үзетін азаматтарды сүттей ұйыған ұжымға айналдырып, уақытылы жалақысын төлеп отыруының өзі ерлік емес пе?!
–Күнде жұмыс істеп тұрған соң ара-тұра наубайханаға кейбір қосалқы бөлшектердің қажет болып қалатыны бар. Тосып тұратын уақыт жоқ. Халық нан жеуі керек қой, сондай кезде Жанат машинаны өзі тізгіндеп Астанаға барып келеді, тәулігіне екі рет барған сәттері де болған. Қажеттілік туындаса Кереку де асады,–дейді наубайхана есепшісі Алмагүл Аяпбекқызы.
Айналымдағы қаржы азайып, оралымға келмей олқы түскенде ұнды аудандағы диірмендерден қарызға да ала береді екен. Өз ісіне тындырымды, әр сөзіне жауапты Жанаттың борышкер болып қалмайтынына олар да сенеді. Сенбейтін банк қана. Шаруасын сәл кеңейтіп, сауда үйін салсам ба деген әзірге орындалмай тұрған ізгі арманы бар Жанаттың. Өкінішке орай, банк ережесінде мүгедектерге, оның ішінде Жанат тәрізді үш мәрте инсульт болған адамға несие беру қауіпті көрінеді.
– Менің жұмысшыларым қажет кезінде несие алып жатады. Соларға жұмыс тауып беріп, отбасыларын асырауға септігімді тигізіп отырған мен ала алмаймын,–дейді кәсіпкер Жанат Балтабаев.
Өз нанын өзі сататын шағын дүкен де ашқысы келеді. Дәмі тіл үйіретін, иісі мұрын жаратын наубайханадан шыққан нанды ып-ыстық күйінде тұтынушының қолына тигізсем, шіркін дейді. Бірақ, сұрағанның сыбағасы сәтімен орала бере ме?.. Шағын наубайхана қазір аудан орталығын ғана емес, іргедегі ауылдарды да қамтып отыр.
–Жанаттың еңбегіне ел разы,–дейді аудан әкімі Ермек Нұғыманов,–жарты ауданды нанмен асырап отыр. Еңбегі өз алдына, өнегесі қандай. Қазақ жігіттері, еліміздің азаматтары осындай қайратты болуы керек. Тіршіліктің ақ бас толқындарымен алысып, өмірдің өкпек желі кеудесінен кері итерсе де, алға басып келеді.
Шынында да, солай емес пе?! Жанаттың наубайханасы қазір Ерейментау ауданының жартысын сапалы нанмен қамтып отыр. Тұрғындар тарапынан тапсырыс түссе, нан өнімдерінің түр-түрін пісіре береді. Жолға бірер бөлке алғанбыз. Ақкөлде ат шалдырдық. Жанаттың нарттай қызыл, дәмі тіл үйіретін нанынан ауыз тидік. Шынында да, дәмді екен. Бәлкім өмірге құштар, еңбекке ынтызар көңілдің махаббатына орап пісіргеннен шығар.

Байқал Байәділов.

Ерейментау ауданы.
Суреттерде: жеке кәсіпкер Жанат Балтабаев; технолог Татьяна Манушкина.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар