Өнегелі өмір белесінен көрінген азамат

Еңбек – ел мұраты

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың қатысуымен Еңбек күнін мерекелеу аясында Астанада өткен «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумында ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі мемлекеттік деңгейде лайықты бағаланған жұмысшы мамандығы иелерін арнайы марапаттау рәсімі болып өтті.

Сондай майталмандардың бірі – «Қамқор Локомотив» ЖШС-ның Атбасар электровоз жөндеу зауыты филиалының токарі, жоғары мемлекеттік марапат – «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған жерлесіміз Есен Қабылқалықұлы Сұлтанов.

Тек ақылмен ғана емес, жүрек қалауымен де таңдалатын мамандықтар бар. Сондай-ақ, жұмысы өздері үшін жай ғана күнкөріс көзі емес, керісінше, бар ғұмырын, күш-қуатын, тәжірибесі мен жан-дүниесін арнайтын өмірлік мұратқа айналған жандар да кездеседі. Мұндай тұлғалар кез келген өндіріс саласының негізгі тірегі, экономиканың діңгегі және өз ісіне деген адалдықтың нағыз үлгісі болып табылады.

Міне, сондай жандардың күнделікті еңбегі кейде өзгелердің назарынан тыс қалатын жағдайлар да болып тұрады. Алайда, арамызда сол еңбегі үшін құрметке ие болуға тиісті мұндай адамдар туралы айтудың маңызы зор. Өйткені, әрбір табысты кәсіпорын мен өндірістік жетістіктің артында нақты адамдар – өз ісінің шеберлері мен таңдаған мамандығына жылдар бойы адал болып келе жатқан, мол тәжірибесін жас ұрпаққа табыстап, жұмысқа деген жауапкершіл көзқарасы арқылы туған өңірінің дамуына үлесін молынан қосып жүрген мамандар тұрады.

Солардың бірі де бірегейі бола білген жерлесіміз Есен Сұлтановқа Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Олжас Бектеновтің  «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етуі қуанарлық жайт. Оның қажырлы еңбегінің республикалық деңгей де осындай жоғары бағаға ие болуы жерлестерінің ерекше мақтаныш сезімін тудырды.

Есен Қабылқалықұлы 1970 жылы дүниеге келген. Оның жүріп өткен жолдарында 40 жылдық еселі еңбегінің жемісі жатыр. Сол абыройлы еңбегінің 20 жылын токарьлық салаға арнаған. Бұл жылдар жауапкершілік пен өсуге, сондай-ақ, шыдамдылық пен шеберлікті талап ететін күнделікті жұмысқа негізделген кәсіби жолды айшықтайды. Токарь мамандығында қиыс кетуге жол берілмейді. Өйткені, бұл кәсіп дәлдікті, жеті рет өлшеп, бір кесуді, яғни, асқан мұқияттылықты талап етеді. Осының бәрі мол тәжірибе мен зейінге, өз кәсібіне деген терең сүйіспеншілікке байланысты. Мұның бәрі жылдар өте келе, адамның жай ғана жұмыс атқарудан өтіп, сол іспен шынайы өмір сүре бастауы арқылы қалыптасатын дағды десе болады. Міне, сол жүкті біздің кейіпкеріміз бұл өмірде өте сәтті, табанды түрде көтеріп келеді.

Мамандық таңдау – көп жағдайда өмір жолын таңдаумен пара-пар. Адамның өз ісіне ондаған жылдар бойы адал болуы оның мінез-құлқы, жауапкершілік сезімі, мамандығына деген сүйіспеншілігі және өз еңбегінің нәтижесіне деген құрметі туралы көп нәрсені аңғартады. Мұндай мамандар кәсіпорын үшін де, мемлекет үшін де баға жетпес құндылық болып табылады. Олар өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсіби дәстүрлерді сақтайды әрі жас қызметкерлерге үлгі-өнеге көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының, еңбектің маңыздылығы туралы бірнеше рет айтқан болатын. Президентіміз өз сөздерінде еңбекқорлық пен таңдаған кәсіпке деген адалдықтың құндылығына ерекше тоқталып жүр. Бұл сөздер Есен Сұлтановтың өмір жолымен дөп келеді. Өйткені, нағыз шеберлік дәл осы кәсіпке деген адалдық, адал еңбек және көп жылдық тәжірибе негізінде қалыптасады.

«Ерен еңбегі үшін» медалі – жай ғана ерекшелік белгісі емес, бұл күнделікті қажырлы еңбегі арқылы отандық өнеркәсіптің дамуына үлес қосып жүрген азаматтың жетістіктерін мемлекет тарапынан бағалаудың белгісі. Мұндай жоғары құрметке біздің өңірдің тұрғыны – Атбасар электровоз жөндеу зауытының қызметкері ие болғаны ерекше қуантады.

Иә, еліміздің әрбір жетістігінің артында нақты адам, оның ақадал маңдай тері тұр. Ол адамдардың есімдері көпшілікке кеңінен таныс болмауы, ал, атқарған жұмыстары әрдайым назарда бола бермеуі мүмкін. Дегенмен, дәл осындай мамандардың арқасында өнеркәсіп алға жылжып, экономика нығайып, Отанымыз дамып келеді. Өз кәсібіне ондаған жылдар бойы адал қызмет еткен жан тек марапатқа ғана емес, сонымен қатар, ең терең, ең шынайы құрметке де лайық. Міне, еліне еңбегімен танылған Есен Сұлтанов туралы тек осыны айтуға болады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
арының» өз тілшісі.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар