«Таблиғи жамағат» ұйымының шынайы бет-бейнесі қандай?

Біздің еліміз – сан ғасырлар бойы түрлі мәдениеттер мен діндердің тоғысқан мекені, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі. Ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Ислам діні әрқашан адамдарды бірлікке, білімге, отансүйгіштікке және отбасылық құндылықтарды қадірлеуге шақырған. Алайда, бүгінгі жаһандану заманында дінді жамылып, қоғамға іріткі тудырғысы келетін жат ағымдардың белсенділігі байқалады. Солардың бірі – елімізде заңмен тыйым салынған «Таблиғи жамағат» халықаралық ұйымы.

Бұл қозғалыс өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында (шамамен 1926-1927 жылдары) Үндістанда пайда болған. 100-ден астам елде 70 миллионға жуық ұстанушылары бар жаһандық деңгейдегі ең ірі исламдық қозғалыс болып табылады. «Таблиғ» сөзінің мағынасы араб тілінен аударғанда «жеткізу, хабарлау, ескерту», ал, «жамағат» сөзі – «топ», «құрылым»  деген мағыналарды білдіретін халықаралық ұйым. Негізін қалаушы – Маулана Мұхаммад Ілияс есімді діни қайраткер.

Таблиғи жамағат «жасырын желі» сияқты әрекет етеді, бұл оларды басқа да радикалды топтардың қолдауы үшін қолайлы. Халықаралық орталығы Үндістандағы Нью-Дели қаласындағы Низамуддин Марказ мешітінде орналасқан. Бастапқыда бұл топ сауатсыз мұсылмандар арасында дінді насихаттауды мақсат тұтқан сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе, оның идеялары трансформацияланып, әлемнің басқа елдеріне, соның ішінде Орталық Азия мен Қазақстанға да жетті.

Олардың басты ерекшелігі – «уағыз айту» (оны өздері «хуруж» немесе «дағуат» деп атайды). Бұл ағымның мүшелері бірнеше күнге, аптаға немесе айға үй-ішін, бала-шағасын тастап, ауыл-ауылды, мешіттерді аралап, өздерінің діни көзқарастарын насихаттаумен айналысады. Ұйым зайырлы шаралардан бас тартуды, әйелдерді қоғамдық өмірден шеттетуді уағыздайды және мұсылман емес қауыммен қатынас жасамауға шақырады. Франциядағы зерттеушілердің пікірінше, таблиғи жамағатты қоса алғанда, исламистік топтарды біріктіретін нәрсе – зайырлылыққа деген өшпенділігі. Олар зайырлылықты «бәрінен қатты жек көреді».

Сыртынан қарағанда, олар тек «намаз оқуға, жақсылық жасауға» шақыратындай көрінуі мүмкін. Алайда, олардың теологиялық ұстанымында терең қауіп жатыр.

Бұл ұйым мүшелерінің басым бөлігінің терең діни білімі жоқ. Олар тек өздерінің тар шеңбердегі кітаптарын ғана оқиды. Ғылымды, мектеп бағдарламасын, өнер мен мәдениетті жоққа шығарады.

Олар ислам дінін қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан бөліп қарастырады. Олар үшін ұлттық құндылықтардың маңызы жоқ, бұл өз кезегінде жастардың санасын улап, өз тамырынан ажырауына әкеп соғады.

Халықаралық сарапшылардың зерттеуінше, «Таблиғи жамағат» идеясымен уланған адамдар кейіннен анағұрлым қауіпті, қарулы лаңкестік және экстремистік ұйымдардың қатарына оңай өтіп кетеді. Бұл – радикализмнің алғашқы баспалдағы.

«Таблиғи жамағат» ұйымының мемлекеттік құрылымға деген көзқарасы біздің зайырлылық принциптерімізге мүлдем қайшы келеді.

Олар өздері өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын, конституциялық құрылымын және азаматтық міндеттерін мойындамайды. Олар үшін мемлекеттік мерекелерді тойлау, Отан алдындағы борышты өтеу, тіпті заманауи медициналық көмекке жүгіну (мысалы, екпе егуден бас тарту) дұрыс емес деп есептеледі.

Оған қоса, бұл ағым мүшелері отбасы алдындағы жауапкершіліктен қашады. Еркектер айлап үй көрмей, нәпақа таппай «дағуатта» жүргенде, олардың бала-шағасы әлеуметтік көмекке мұқтаж болып, қараусыз қалады. Бұл – қоғамның тірегі болып табылатын отбасы институтын күйрету.

Осы айтылған қауіп-қатерлер ескеріле отырып, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешіміне сәйкес «Таблиғи жамағат» ұйымы экстремистік деп танылып, оның еліміздің аумағындағы қызметіне ресми түрде тыйым салынды.

Біздің басты байлығымыз – еліміздің тыныштығы мен болашақ ұрпақтың амандығы. Діни білім алғыңыз келсе немесе көкейіңізде сұрақтар туындаса, тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми мешіттеріне, білікті имамдарға жүгінулеріңізді сұраймын. Күмәнді топтардың, көшеде жүріп уағыз айтушылардың жетегінде кетпеңіздер.

Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз осындай жат ағымдардың ықпалына түсіп қалды деп күдіктенсеңіз, Ақмола облысының дін істері басқармасына немесе «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығына» хабарласып, теолог және психолог мамандардан тегін, құпия көмек ала аласыздар.

Болат ҚАСЕНОВ,
Ақмола облысы дін істері басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар