Құрметті мұсылман қауым!
Сіздерді исі мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Сіздерге және отбасыңызға мол бақыт, мықты денсаулық, амандық пен береке тілеймін.
Құрбан айт Алланың мейіріміне бөленудің, тақуалық пен рухани тазарудың, мұқтаж жанға қол ұшын созып, сауапқа кенелудің мерекесі. Айт күндері адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, бауырмалдық пен жанашырлықтың, татулық пен бірліктің көркем үлгісін паш етеді.
Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.
Ұлық мерекеде шалатын құрбандық пен ізгі амалдарыңыз қабыл болғай! Еліміздің ертеңі үшін жасаған әрбір ізгі ісіңіздің сауабы мен жақсылығы өзіңізге еселеп қайтып, Жаратушы Жаббар Иеміз екі дүниеде мерейіңізді үстем еткей!
Құрбан айт құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, төрт құбыламыз түгел болғай! Әумин!
Ізгі ниетпен,
Қуаныш СӘБИТ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Ақмола облысы бойынша бас имамы.
![]()

