Көкшетау – қастерлі де, қасиетті ел. Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың ақ ордасы, қазақтың соңғы ханы – Кенесары баһадүрдің кіндік кескен жері. Патшаның сойқан саясатына қасқайып қарсы тұрған, туған жерін шоқынудан сақтап қалған Науан хазіреттің өсіп, өнген киелі мекені.
Бүгінде біз азат елміз. Бабалар дәстүрін мирас етіп, бүгінгі ұрпақ санасына ұлттық болмыс-бітіміміздің асыл сипаттарын да сіңіріп жатырмыз. Ұлттық салт-санадан имани құндылықтарымызды бөліп-жарып қарай алмайтынымыз да жасырын емес. Тарихымызды түгендеп, дәстүрімізді жаңғыртып, тілімізді айшықтап, дінімізді көркейту үшін бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты, татулығымыз жарасты болғаны абзал.
Осы асыл құндылықтар жолында ұлт қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері сияқты дін жанашырлары да өздерінің сүбелі үлестерін қосып келе жатқаны айдан анық. Көкшетаудың дін ордасы – Науан хазірет бабамыздың атындағы қасиетті мешітті Қанат Қыдырмин сияқты имамымыз басқарып, елдік пен бірліктің, адалдық пен әділдіктің абыройын асқақтатқан еді.
Міне, сол Қанаттан кейін дін ордасының тізгінін ұстаған Көкшенің тағы бір ұлы, ол – Қуаныш имам. Әлбетте, елдің алдында жүру, иманды насихаттау аса күрделі қызмет. Діннің атын жамылып, ағым-ағымға жіліктеліп бөлінген, бүйректен сирақ шығарып, елді алалап іштен шыққан жауларымыз да көлеңкеде тұрып тас атқан жайы бар. Осындай қым-қуыт шақта елдің, ұлттың және діннің ара-жігін ажыратпай, туған жұртының қамы жолында атқа мінген азаматтың бірі осы – Қуаныш имам.
Мен отыз жылдан аса уақыт осы мешіттің, діннің, иманның жанашыры болып, осы тақырыпқа қалам тербеп келе жатқан адам ретінде Көкшетауда бас имам болған жандардың елеулі еңбегін тілге тиек етіп отырамын. Осыдан оншақты жыл бұрын Қанат имам елордаға қызметке ауысқанда «Жүректер неге жылады!..» деп мақала жазып едім. Сол Қанаттан кейін бас имам болған Қуаныш Жұмабайұлының да қызмет атқарғанына он шақты жыл болыпты.
Енді осы жылдар ішінде Көкшетаудың дін саласында атқарылған жұмыстарына бір тоқталайыншы. Қуаныш имам тумысында іскерлігі басым, ұйымдастырушылық қабілеті мол адам. Өңірдегі көп жүдеу мешіттерді қамқорлыққа алып, есік-терезесін түгендеп, намаз оқитын жерін жаңалап, діни рәсімдерді өткізудің жаңаша жолдарын қарастырды. Көкшетау қаласының өзінде төрт мешіт бой көтерсе, Ақмола облысында заманауи үлгіде 37 мешіт, 6 намазхана салынды. Көкшетау мен Атбасар қалаларында Құран жаттау орталықтары пайдалануға берілді.
Жалпы, дін елді иманға ұйытатын, өз ұлтын сүюге, дәстүрін жалғастыруға айғақ болатын арна. Бірақ, дінді ұлттық дәстүрден бөлектеп, сананы сансыратқан сандалбайлар да жоқ емес. Дәстүрлі дін елдікті де, ұлттың болашағын да жарқын етуге ынталы екені анық жай. Қуаныш имам ең алдымен дін мен ұлттық дәстүрдің біртұтас екенін өз қызметіне арқау етті. Оны осы жылдар ішінде қазақтың ұлттық ойындары асық ату, садақ ату сынды өнерін насихаттаумен келе жатқанын айтсақ болады. Бүгінде ол еліміздің садақ ату федерациясының Ақмола облысы бойынша филиалының төрағасы.
Дін намаз оқып, бес парызды өтеуден ғана тұрмайды. Ізгілік пен қайырымдылыққа да ерекше көңіл бөлінеді. Осында алғаш имам болып келгенде «Ел үлесі – пәтерге!» деген жобаны ойлап тауып, жетім-жесірлерге, үйсіз-күйсіздерге ақша жинап, пәтер сыйлау бастамасын көтерді. Кейін бұл Мүфтияттың пәтер сыйлау жобасына айналды. Қазіргі таңда осындай жаны жабырқаған мыңдаған отбасы қоныс тойларын тойлады. Ақмола өңірі бойынша ғана 27 мұқтаж отбасыға 260 миллион теңгенің баспанасы табыс етілді.
Кешегі ел басына күн туған пандемия кезінде Қуаныш Сәбиттің бастамасымен өңірдегі көп ауруханалар медициналық құралдармен қамтылды. Соның басы-қасында жүргесін айтайын, 31 миллион теңгенің 173 ИВЛ аппараттары 25 ауруханаға тапсырылды.
Ақмола өңіріндегі халал қызметі де Қуаныш имамның кезінде жан-жақты қолға алынды. Қаншама тамақ пен азық-түлік өндіретін кәсіпорындар тексеріліп, адалдық жайына мән берілді. Мәселен, Көкшетау қаласындағы «Бижан» ет өңдеу комбинаты, «Көкшетау сүт зауыты» сияқты елімізге танымал кәсіпорындар алғашқылардың бірі болып халал сертификаттарын алды. Жалпы, облыс бойынша барлығы отыздан астам әртүрлі өндіріс орындары мен қоғамдық тамақтандыру мекемелері шариғат жолымен адал өнім өндіруге жауапкершілік берілді.
Мешіт ақпаратына үңілсем, осы тоғыз жыл ішінде 121 мың отбасыға 480 миллион теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілген екен. Өңірдегі су тасқыны тұсында да жергілікті мешіт жапа шеккендерге алғашқылардың бірі болып қолын созды.
Білім алып жатқан 68 шәкіртке 10 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілсе, «Мектепке жол» акциясы аясында 5 мыңнан аса оқушыға мектеп құралдары сатылып әперілді. Өз басым бір көрген оқиғаны айтайын, бірде мешіт жанында орыс ұлтының жасы біразға келген әжені кезіктірдім. Мешіттен қуанып шығып келе жатыр. Әңгімеге тартқанымда жағдайы өте мүшкіл, қиындықта күй кешіп жатқанын айтты. Сосын шіркеуге барып көмек сұрағанын, ондағылар мешітке бар деп жөн сілтегенін де жасырмады. Сөйтіп, мешіттің бас имамына кіріп шыққанын, қомақты ақшалай көмек көрсеткенін көзіне жас алып баяндады.
Көбіміз байқамаймыз, жағдайы мүшкіл жандар да өте көп. Ондай күйдегі өз қандастарымыз біреуге қол жаюға арланады. Осындай қайырымдылық акциясы кезінде үй-үйді аралағанда көзіміз талай көрді. Міне, біздің мешіттер ізгілікке де, мейірімділікке де көп назар салатынын көрмегесін, садақаның ақшасы қайда кетіп жатыр деп жоқтан барды әңгіме етеміз.
Қазір садақаның өзін банкілік терминалдар арқылы салу мүмкіндігі бар. Осы жүйені мешітке алғаш енгізген де осы – Қуаныш имам еді. Еліміздің кез келген мешіті бүгінде осындай құрылғылармен қамтамасыз етілген. Сондықтан, әркімнің берген садақасы есеп шотқа түсіп жатады.
Имам болып елдің алдында жүру оңай емес. Ең бастысы, басқаның қамы үшін қамыға білу. Осы жылдар ішінде қаншама дін қызметкерлері қамқорлық аясында жаңа қоныс тойларын тойлады. Осындай ізгіліктің басында бас имам жүргенін айтқан ләзім.
Иә, алдағы жұма күні Қуаныш имам Сәбит елордаға қызмет ауыстырады. Ол жайлы жақсы сөз айту, еңбегін бағалау, ізгілігін жеткізу біздің де бір парызымыз іспеттес. Себебі, келіп-кетіп жатқан имамдардың барлығымен ортақ мүдде жолында ниеттестігіміз бар.
Сөзімнің соңында Қуаныш имамға жаңа барар қызметіңіз еңсеңізді биік, абыройыңызды асқақ етсін деген тілегім бар.
Бақыт СМАҒҰЛ,
журналист.
![]()

