«Жуас» көрінгенімен, бізге жат ағымдар

Бүгінгі таңда өзекті әрі идеологиялық тұрғыдан  күрделі, көпшілік мән-жайын толық түсіне бермейтін радикалды бағыттардың бірі – салафизм мен оның ең қауіпті көрінісі такфиризмге жеке тоқталуды жөн көрдім.

Бұл мақала  аталған ағымдардың ішкі құрылымын, жат ұстанымдарын және біздің ұлттық құндылықтарымыз бен мемлекеттік тұтастығымызға қалай қайшы келетінін ашып көрсетеді.

«Сәләфизм» араб тілінен аударғанда «алдыңғылар», «ізашарлар» дегенді білдіреді. Ислам дінін тек алғашқы үш ұрпақтың түсінігімен ғана шектеп, кейінгі ғасырлардағы ғылыми жетістіктерді, мазһабтарды және ұлттық құндылықтарды теріске шығаратын бұл ағым ХVIII ғасырда Арабия түбегінде Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың уаһһабизм ілімі негізінде қалыптасты.

Салафизм дегенде көбіміз тек сыртқы келбетті, (қысқа балақ, үлкен сақалды) елестетеміз. Бірақ, мәселе сыртқы көріністе емес, ішкі ойда.

Қазақстандағы салафизм – сарапшылардың да, қарапайым халықтың арасында да ең көп талқыланатын топ. 2000 жылдардың басында ерекше белсенді тарала бастады. Ислам бағытындағы барлық халықаралық террористік ұйымдар салафиттік идеологияға негізделеді. Атыраудағы 2011-2012, Ақтөбедегі 20116, 2016 және Алматыдағы 2016 жылдардағы террористік актілердің орындаушылары көп жағдайда жиһадтық салафизм өкілдері болған.

Ал, негізгі ұстанымдары – «алғашқы мұсылмандардың өмір сүру салтына қайта оралу». Олар ғасырлар бойы қалыптасқан діни мектептерді, халықтың салт-дәстүрін, мысалы, келін сәлем салу, ас беру, зиярат етуді мойындамайды. Салафизмнің ішінде соғысқұмар және тек уағыз айтушы бағыттары бар. Бұл отбасылық құндылықтардың бұзылуына және қоғамның жіктелуіне алып келеді.

«Такфиризм»: Салафизмнің шектен шыққан радикалды формасы. Оның басты қауіптілігі – өздерінің көзқарасымен келіспеген өзге мұсылмандар мен мемлекеттік жүйені «кәпір» деп айыптауында. Мұны такфир жасау дейді. Бұл идеология қоғамдағы алауыздыққа, отбасылардың бүлінуіне және экстремистік әрекеттерге тікелей жол ашады.

Олардың қаупі көшеге шығуында емес, адамның санасын іштей улап, ұлттық бірегейліктен ажыратуында.

Бұлар несімен қауіпті? Дін істері басқармасының 3 ескертуі:

  1. Ағайын арасына іріткі салады.

Мадхалиттер өздерінің көзқарасына қосылмаған адамдарды, мейлі ол өз әке-шешесі немесе бауыры болсын, «адасқандар» деп есептейді. Олар тек өз «шейхтарын» ғана тыңдайды, ал, қалған мұсылмандарды менсінбейді. Бұл – отбасылардың бұзылуына, бірге туған бауырлардың жауласуына алып келетін рухани төзімсіздік.

  1. Ұлттық құндылықтарға шабуыл жасайды.

Ғасырлар бойы қалыптасқан Ханафи мәзһабын, ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрлерді, келін сәлемі, марқұмға құран бағыштау, ұлттық аспаптар, домбыра тартуды «бидғат», яғни, дінге енген жаңалық немесе «ширк», серік қосу деп таниды. Бұл – халықты өз тарихы мен мәдениетінен ажырату арқылы «мәңгүрттендіру» әрекеті.

  1. Шетелдік идеологиялық орталықтарға тәуелділік.

Олар үшін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы (Мүфтият) немесе жергілікті білімді ұстаздар беделді емес. Олар кез келген мәселе бойынша шетелдік «псевдо-шейхтардың» пәтуасына жүгінеді. Бұл дегеніміз – біздің азаматтардың санасын сыртқы күштердің басқарып отырғанын білдіреді.

Ал, біздің мақсатымыз, ешкімнің жеке басының діни сеніміне шектеу қоймау. Бірақ, біз үшін елдің бірлігі мен тыныштығы бәрінен қымбат. Нағыз дін – адамды мейірімділікке, ата-ананы сыйлауға, Отанды сүюге және білім алуға тәрбиелеуі керек. Ал, адамды қоғамнан бөлектейтін, өз жақынын жау көрсететін кез-келген бағыт – мемлекет үшін де, ұлт үшін де жат.

Қадірлі ата-аналар, жастар!

Дін – адамды рухани байытуы тиіс, ал, деструктивті ағымдар оны бөлу құралына айналдырады. Сондықтан, дәстүрден тыс бағыттардың «жуас» кейпіне алданбай, олардың идеологиялық негіздерін терең түсіну – біздің рухани қауіпсіздігіміздің кепілі.

Дін туралы білімді көшеден немесе күмәнді Telegram-каналдар мен YouTube-парақшалардан емес, ресми мешіттеріміз бен сауатты мамандардан алыңыздар. Біздің есігіміз кез келген сұрақ бойынша әрқашан ашық.

Бірлігіміз бекем, дініміз таза, еліміз аман болсын!

Болат ҚАСЕНОВ,
Ақмола облысы дін істері басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар