«Сіреңке – ойыншық емес, от – ермек емес» деп ересектер өз балаларына жиі ескерте бергендері дұрыс. Себебі, отпен ойнау бірде болмаса бірде үлкен қайғыға әкеліп, сан соқтыруы мүмкін.
Балалар оттың соңы өрт екенін білмейді, ал, біз, ересектер болсақ, өрт қауіпсіздігі қағидалары баршаға бұрыннан белгілі деп жүре береміз. Жалпы, оттың қандай қайғыға душар қылдыратынын, тіпті, жай сіреңкенің өзі қаншалықты қауіп төндіретінін балаларға қалай түсіндіруге болады? Жылу мен жарық көзін беретін сіреңке күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын зат.
Бірақ, барлық адамдар оны дұрыс қолданбайды. Балалар сіреңкені алғаш қолына алғанда, оның не екенін де білмейді. Содан оны ашып, тұтатып көрулері де мүмкін. Сондықтан, ата-аналар сіреңкені балалардың қолдары жетпейтін жоғарыда орналасқан сөрелерде сақтауы тиіс.
Біз баланың қолындағы жағылған сіреңке қандай қауіпке әкелуі мүмкін екендігіне мән бермей, бір жаққа шығарда оны балалардың қолы жетпейтін жерге тығып қоюды ұмытып кетеміз.
Балалар – біздің болашағымыз. Сол бүлдіршіндеріміздің болашақта қуанышты және бақытты болулары үшін, олардың өмірлеріне ешқандай төтенше қауіп-қатер төнбеуі үшін ересектер осы мәселені қадағалап, бақылауда ұстауы керек.
Құрметті ата-аналар, мынаны есте сақтаңыздар! Балалардың психологиялық қорғану реакция-
лары жоқ, олар отпен ойнаудың зиянын білмейді. Өрт кезінде бөлмеден шығудың орнына, бұрыш-бұрышқа тығылады. Сондықтан, балаларыңызға отпен ойнау өте қауіпті екенін түсіндіріңіздер!
Саят ЖҰМАБАЕВ,
Көкшетау қаласының төтенше
жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғаныс капитаны.