2018 жылы «ТNК агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарма шығаратын зауытты іске қосады. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«ТNК агрофирмасы» біздің еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі компаниялардың бірі. Оның өндірістік қуаттары Жарқайың ауданында орналасқан. Компания ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен және өңдеумен айналысады. Егіншілік сондай-ақ, мал шаруашылығындағы өнімдерді дұрыс ұқсатып, іске асыру компанияға айтарлықтай табыс әкеліп отыр. Компания биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұңғыш рет тағайындаған «Кемел іскерлік» халықаралық арнайы сыйлығына ие болды.
– Біздің компанияның тарихы 2000 жылдан басталады. Бүгінгі таңда ол құрамына 15 шаруашылықты біріктіретін ірі ауыл шаруашылығы құрылымы. Мұндағы өнім негізінен, «Жақсы» сауда маркасымен шығарылады. Қазақстанда өндірілетін ұнның 7 пайызы біздің диірмендерге тартылады. Сонымен бірге, бізде мал шаруашылығы да жақсы дамыған. Қолымызда 8 мыңға тарта ірі қара мал бар. Олардан сүт, ет өнімдері алынып, шұжық өнімдері, жартылай ет фабрикаттары өндіріледі. Бізде «ауылдан дастарханға дейін» деп аталатын толық өндірістік цикл жүзеге асырылады, – дейді компанияның ІТ және сапаны бақылау жөніндегі директоры Людмила Реммеле-Кошелева.
Оның айтуы бойынша 2018 жылы компаниялар тобы қазір елімізде сұранысқа ие болып отырған барлық жарма түрлерін шығаратын зауытты іске қосатын болады. Қазір оның құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, жаңа жылда агрофирма макарон фабрикасының құрылысын бастамақшы. Мұнда экологиялық таза өнім өндірілетін болады.
Компания осыдан бір жыл бұрын, өткен жылдың желтоқсанында «Алтын сапа» сыйлығына ие болған еді. Мұның өзі компанияға осы сыйлықтың эмблемасын 4 жыл бойы пайдалану құқын береді. Ал, «Қазақстанның үздік тауары» конкурсында «ТNК агрофирмасы» екінші жыл қатарынан бірінші орынды басқаларға бермей келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.