Бесік қашан пайда болған?

Қара қытайлар Сарыарқаның кеңдігіне қызығып, жиі шабуыл жасап отырады. Бірақ Мизам бабқа шамасы жетпей, үнемі жеңіліс табады екен. Мизам баб ағаш егуді, бау-бақша жасауды кәсіп етеді. Жұрт «ағаштың пірі – Мизам баб» деп атайды. Аңызда Жетісу мен Алтай өңіріндегі ну орман Мизам бабтың еккен ағашынан шыққан деседі. Ол жүз елу жыл жасап қайтыс болыпты.
Бабтың дүниеден қайтқанын естіген қытайлар бір күнде келіп, оның орманын өртеп жібереді. Бұл кезде Мизамның баласы Айдаһар алыста жүр екен. Әкесі түсінде аян беріп: «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді», – дейді. Айдаһар би ертесіне жетіп келеді. Орман түгелімен жанып кетіпті. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары ғана оттан аман қалған екен. Айдаһар әкесіне Құран бағыштап, қисық ағаштарды өзімен бірге ала кетеді.
Бір күні Айдаһардың сәбиі уанбай, жылай беріпті. Әйелі екеуі не істерін білмей қиналады. Емші-тәуіптерді жағаласа да, баласы жұбанбайды. Би қатты сасады. Қызының жылағанына шыдай алмай, далаға шығып кетеді де, Құдайдан медет тілейді. Бір уақта қызының дыбысы шықпай қалады. «Бір нәрсе болды ма екен» деп үйге жүгіріп келсе, қызының жанында ақ киімді бір кісі отырады. Ол жанбай қалған тобылғының қисық бұтағына бөпені салып тербетіп отыр екен. Айдаһар жақындағанда көзден ғайып болады. Би мұны «Құдайдан келген ишарат» деп түсінеді. Түнімен қисық ағаштарды құрастырып отырып, бесікті жасап шығады. Сәбиін соған салғанда ол жұбанып, тәтті ұйқының құшағында тербелген екен.
Бесіктің пайда болуы аңызда осылай баяндалады. Бесік ең алғаш тобылғыдан жасалғандықтан, ол қасиетті ағаштардың біріне айналыпты. Одан бесік, қамшы, ыдыс-аяқтар жасапты. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін шыға бастаған екен. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды.

Бос бесікті тербетпе
Бос тұрған бесікке Ібіліс баласын салып қояды екен. Бос бесікті тербеткен шайтанның баласын тербеткенмен бірдей. Сондықтан, «бос бесікті тербетпе» деп тыйым етеді. Ібілістің баласы бос бесікте жасырынып жатады екен. Сәбиді бөлер кезде отпен алас-
тамаса, жасырынып жатқан шайтан баланың ішінен нұқи береді. Содан сәбидің іші ауырады. Мазасы қашады. Сондықтан, бөпені бесікке бөлерде аршамен, адыраспанмен болмаса жеті шырпымен аластаған жөн деген дәстүр шығыпты.

Құндақтау дәстүрі
Діни аңыздарда Мұхаммет пайғамбар дүниеге келер сәтте аспанда бір жарық нұр пайда болып, ол айнала төңірекке шуағын мейірлене төгіп тұрыпты деп баяндалады. Сол күні жер мен аспан тербеле қозғалған. Саба көлі тартылып, Қос өзені арнасынан асып, жағалауды шайып кетіпті деседі. Парсы елінің патшасы отыратын сарай сілкініп, көптеген мұнарасының күл-талқаны шығыпты. Сәуегейлер түс көріп, түсінде жаман іс көріп, арабтың жылқысы парсының түйесін жеңіпті. Таң ата сәуегейлер патшаға:
– Арабия жақтан алапат қауіп тууы мүмкін, – деп ескертіпті. Түнде жұлдыздардың оты бір сәтте өшіп, барлық тас пұттар құлаған екен. Жын-перілер адамды азғырудан жаңылып, оларды періштелер тым-тырақай қуыпты. Ібіліс сол түні шарасыз халге түсіпті. Әмина ананың көңіл көзі күншығыс, күнбатыстың бәрін көріпті. Перзентіне қараса, ол сәждеге бас қойып:
– Үмбетімнің күнәсін кеше көр, – деп дұға етіп жатады. Әмина түсінбей қалыпты.
Сол кезде көктен Жебірейіл, Мәкәйіл, Ысрапыл атты үш періште түседі. Бірінің қолында күміс құман, бірінде зүмірттен (асыл тас) жасалған леген бар екен. Үшінші періштенің қолында пейіштің жібек матасы. Періштелер пайғамбарды легенге отырғызады. Ысрапыл құманмен су құйып шомылдырады. Жебірейіл асыл жібектен жасалған матаға пайғамбарды құндақтап орапты. Әмина анамызға:
– Әмина, қорықпа. Ұлық Алланың сүйікті досы, ақырдың елшісі Мұхаммет дүниеге келді. Пайғамбардың тәні жалаңаш болмауы үшін Алла бізді оның мүбәрәк денесін құндақтауға жіберді, – дейді.
Періштелер Әмина анамызға жас нәрестені қалай дұрыс құндақтау керегін үйретіпті. Осыдан бастап дүниеге келген балаларды құндақтау тәртібі дәстүрге еніпті.

«Салт-дәстүр сөйлейді» кітабынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар