Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ломбардсыз да тығырықтан шығуға болады - АРҚА АЖАРЫ

Ломбардсыз да тығырықтан шығуға болады

Облыстық «Арқа ажары» газетінің үстіміздегі жылдың 27 қаңтары күні шыққан санында осы басылымның бас редакторы Қайырбай Төреғожаның ломбардтар туралы мақаласын оқып, шынымен де тіршіліктің бүгінгі бояуы осындай ғой деген ойға қалдым. Мақалада біраз адамдар өздерінің пікірлерін білдірген екен. Мен де қолыма қалам алып, ломбардтар жайлы өз ойымды айтсам деймін.

Расында да, соңғы жылдары облыс орталығында ломбардтардың саны көбейгенін байқауға болады. Осыдан төрт жыл бұрын қаладағы Бурабай ықшам ауданында бір ғана ломбард болатын. Ал, қазіргі таңда олардың саны – төртеу. Орталықта да бірінен соң бірі қатар-қатар тізіліп тұр. Күн сайын жұмысқа бара жатқанымда мен мұндалаған ломбардтарға қарап, соларда кеткен алтындарым есіме түсіп, жүрегім сыздайды. Сосын ешқандай бағалы бұйым, асыл зат денсаулыққа жетпейді ғой, ең бастысы, бауырымыз бүтін, деніміз сау болсын, деп өзімді-өзім тоқтатуға тырысамын.
Алтындардың санына, салмағына уайымдамаймын, әрине. Тек, олардың әрқайсысы жақындарымның маған шын көңілмен әперген сыйлықтары болатын. Анамның мектепте оқып жүргенімде өзінің ай сайынғы жалақысынан жинап, сол ақшаға сатып әперген сырғасын да өз қолыммен ломбардқа тапсыра салғаныма қынжыламын. Анамның «көзімнің қарашығындай етіп сақтап, құлағыңнан шешпей тағып жүр» деген өсиетін орындай алмағаныма қатты өкінемін. Мені көрген сайын анам: «Құлыным, мен әперген сырғаны неге тақпай жүрсің?», – деп сұрап қояды. Сол кезде кібіртіктеп не айтарымды білмей қаламын. Жолдасымның үйленген кезімізде сыйлаған мәһр сыйлығы – алтын алқаны да, екеуіміздің неке жүзігімізді де, айттырып келгенде салған сырғаны да ломбардқа өткіздім. Алғашында неке жүзігін алу мерзімін ұзартып отырдым. Қырсыққанда дәл алатын күнін ұмытып кетіппін. Артынша алтынымды сұрап барғанымда ломбард қызметкері менің кеш қалғанымды, жүзігімнің Қостанай қаласына сатуға жіберілгенін айтты. Сол сәтте қалай өкінгенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ақшам бола тұра, ломбардқа барғыштауды әдетке айналдырғаныма қатты налыдым.
Декреттік демалыста отырған кезімде де жолдасым отбасымызды ештеңеден тарылтқан жоқ. Бәріне де кінәлі мына өзім. Адам ломбардқа бір барса, одан кейін еті әбден үйреніп алады екен. Ақшадан қысылып тұрмаса да, түкке тұрғысыз нәрселерге бола, алтынын өткізіп, алған ақшаға мәз болып жүреді. Өмірімде орын алған сол бір өкінішті сәттерден кейін енді қайтіп ломбардқа жоламайтын болдым.
Мақалада: – Ломбард дегенің болмаса да ештемеңіз кетпес еді. Қазір оны көре тұрып, екінің бірі қолындағы жылтыраған бірер жүзігін осылай қарай тапсырғанша алып-ұшады. Үйіңе де шыр бітірмей, нағыз берекені кетіретіннің өзі. Одан да сол ломбардқа жем болмай, бірді екі етіп, тапқан-таянғаныңды ұқыптап жұмса, – деген кейіпкердің пікірімен толық келісемін. Баяғыда не ломбард, не несие атаулы болмағанда, әке-шешелеріміз жоқтан бар жасап, азын-аулақ еңбекақыларын ұқыптап, ештеңеден де таршылық көрмей өмір сүрді. Ал, біздер қолда барымызды бағалай алмай, өз берекемізді, ырысымызды өзіміз қашырудамыз.
Бүгінгі таңда ломбардтардың адамды көрсеқызар, шыдамсыз ететінін, ақшаға құнықтыратынын көріп отырсақ та, оларды жаптырту қолымыздан келмейтіні анық. Десек те, осы нарық заманында өмір сүріп жатқан қоғамның бір мүшесі ретінде әрқайсымыздың ой айтуға, ақ пен қараны ажыратуға үн қатуға құқығымыз бар. Қандай жағдай орын алса да, ақшадан қалай қысылып жатсаңыз да, шыдамды болыңыз, әбден ойланып, ломбардсыз-ақ тығырықтан шығатыныңызға сеніңіз. Бар айтарым осы.

Гаухар САДЫҚОВА,
Көкшетау қаласының тұрғыны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар