Мемлекет басшысының ел халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын мұқият оқып шықтым. Бұл құжат жаңа әлемге бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды. Елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты. Өткен жылы еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті.
Елбасы өз сөзінде мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретіні, азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім жөнінде жиі айтады. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс. Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін елімізде қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдіміз.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың мүмкіндігі екенін, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігін айтып өтті. Біз жайқалтып егін өсірумен бірге мал өнімдерін қайта өңдеуді қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді.
Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Өткен жылдың наурыз айында Қараөзек ауылында құрылған «Әлихан-Әмір» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі көктемнен бері Көкшетаудың сүт зауыттарына айтарлықтай көлемде сүт тапсырды. Қазір сүт өңдейтін кәсіпорындарға күн сайын 2,5 тонна сүт жеткізіп тұрамыз. Жаз айларында тапсырылатын өнімнің күнделікті көлемі 7 тоннаға дейін жетеді. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Елтай, Бірлестік, Қызылағаш, Қараөзек, Васильковка, Дөңгілағаш және Нұрлыкөш ауылдарының тұрғындарынан қабылдаған сүтті «Milk Project» және «Natige» серіктестіктеріне өткізуде.
«Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы аталмыш кооператив мүшелерін «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүт бағытындағы мал сатып алу үшін қаржыландырды. Сондай-ақ, кооператив қордан несие алып, модульді сүт қабылдайтын пункт сатып алды. Сүтті салқындататын бұл пунктке жеңілдетілген жүйе арқылы қол жеткіздік. Жүйеде мемлекет тарапынан бөлінетін инвестициялық субсидия есепке кірді. Қордың несиесін қамтамасыз ету үшін сүт қабылдайтын пункт кепілдікке қойылды.
Кооператив сүтті өзінің отыз бір мүшесінен және маңайдағы ауылдардың екі жүз отбасынан қабылдайды. Бүгінгі таңда кооперативте екі сүт танкері, сүт тасымалдайтын төрт автокөлік бар. Елтай ауылына орнатылған 2 мың литрлік сүт танкерінің құны 5 миллион теңге тұрады. Оның тең жартысы мемлекет тарапынан субсидияланды. Қыс айларында да сүт қабылдаймыз. Қараөзек ауылында сүт қабылдайтын үш тонналық танкер тұр. Алдағы уақытта тағы бір сүт тасымалдайтын автокөлікті ауыл шаруашылығын қолдау қорының несиелік қолдауымен сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз.
Құнанбай СЕРҒАЗИНОВ,
«Әлихан-Әмір» ауыл шаруашылығы
өндірістік кооперативінің төрағасы.
Зеренді ауданы.