Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Бейбіт Әбілев пен осы департаменттің бөлім басшысы Азамат Мырзалин журналистермен брифинг өткізіп, елімізде жаңа технологияларды игеру үрдісі және Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заң талаптарының орындалуын қадағалау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жүктеген тапсырмалардың бірі – қалаларда «Смарт сити» стандартын енгізу. Әлемнің озық елдерімен иық тірестіру үшін ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың жаңа дәуіріне қадам басқан тұста бұл жобаның тиімділігі зор болатыны анық. «Ақылды қала» қалыптастыруға астаналық облыстық мүмкіндігі зор. Осы жайында департамент басшысы Бейбіт Әбілев журналистерге жан-жақты әңгімелеп берді. Оның айтуынша, «Смарт сити» тұжырымдамасы – халықтың барлық ресурстары мен қажеттіліктерінің жан-жақты тепе-теңдігін қамтамасыз ететін қалалық инфрақұрылымның зияткерлік дамуы.
«Елімізде «Смарт сити» технологиясын қалыптастыруды Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Атырау және Ақтөбе қалалары қолға ала бастады. Олар негізінен бейнебақылау камералары, құқық бұзушылықтарды фото-бейне тіркеу, сонымен қоса деректерді өңдеу, жедел басқару және интеллектуалды байланыс орталықтарын құру түрінде жүзеге асырылуда. «Смарт мектеп», «Смарт көше жарығы», «Смарт емхана» бағыттарымен біраз жоба іске асты. Сөйтіп, «Смарт сити» технологиясы қала тұрғындарының уақытын үнемдеуге, алдын ала жоспарлауға оң септігін тигізіп отырған жайы бар.
– «Смарт сити» технологиясы ақмолалықтардың да уақытын үнемдеуге, алдын-ала жоспар жасауға көп көмегін тигізбек. Мысалы, Астанада орнатылған «ақылды аялдамалар» жолаушылар көлігінің уақыты мен бағытын көрсетіп тұрады. WIFI мен қаһарлы қыста жылу жүйесі де қосылады. Бұл аялдамаларды күннен қуат алатын батареялармен жабдықтау назарға алынып отыр. Мегаполистердің бірі – Алматыда да тиімділігін көрсетіп үлгерген «Смарт Сити» жемісін астаналық облыста көретін күн алыс емес, – деді Бейбіт Әбілев.
Ал, бөлім басшысы Азамат Мырзалин тексеріс кезінде қалалық және аудандық ауруханалар мен емханаларда өлшем бірлігі құралдарын қолдануда метрологиялық куәландырудың болмауы – өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тіркеу тізіліміне енгізілмеу және тексерместен өткізу сияқты өрескел заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.
Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша 44 метерологиялық тексеріс жүргізіліп, 19 заң бұзушылық анықталған. Тексеріс жүргізілген медициналық мекемелердің ішінде науқастарға диагностика жасау және емдеу кезінде тексерілмеген өлшем бірліктерін қолданылғандығы дәлелденді. Бұл Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заң нормаларының бұзылғандығын білдіреді. Осындай олқылықтар бірқатар медициналық мекемелерде тіркелді. Тексеріс нәтижесіне сай, олқылық жібергендерге 286 өлшем бірілігі құралдарын қолдануға тиым салу жөнінде 16 жазбаша нұсқау берілді.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.