Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Айбыным – Астана! - АРҚА АЖАРЫ

Айбыным – Астана!

Елбасы мен Елорда! Осы бір екі сөз егіз үндей естіліп, еңсесі биіктеген егеменді жұрттың бүгіні мен ертеңін айғақтап тұрғандай. Байтақ даланың бағына туып, байрақты мемлекетінің бақталайына бой көтереген осынау дарабоз тұлға мен даңқты қаланың ат-атаулары Алаш баласының абыройын асқақтата, алты құрлыққа сауын айтып, Астананың 20 жылдығын төрткүл дүние, дүйім жұртқа паш етуі қазақ елінің қайтпас қажыр-қайратын, алғыр ақыл-ойын, бесігінде тербеткен береке-бірлігін, қазыналы ырыс-молшылығын, ертеңін ойлаған кемеңгерлігін, алысты болжайтын алымдылығын, ата жолына адалдығын, баба дәстүріне беріктігін мойындату емес пе екен?!
Астана десе Елбасының ерен тұлғасы, ғасыр жүгін арқалаған ғажайып ерлігі, нар тәуекелшіл намысқорлығы, сабырдан сарқып ішпейтін саясаткерлігі, көш ұзатқан көрегенділігі көрінеді һәм еске түседі, тебірентеді, тербелтеді. «Астана келбеті – ұлт келбеті. Мемлекет дидары. Халық мерейі», – деп Президентіміздің өзі айтқандай, ажарлы Астана, ақ дидар Астана, айбынды Астана ең әуелі Тәуелсіздігіміздің құдіретін, ел болып еңсе көтерудің тамаша үлгісін көрсетті.
«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі, алсын қайдан кемеңгерді», – деп құлагер жырдың иесі Ілияс ақын жырлағандай, қабырғалы ел, қалың жұрт, қаймана қазақтың дәуір толғағы ащы, тағдыр жолы ауыр болса да ұлтым деген ұлды, халқым деген қайсар перзентті туғызбай қоймайды екен-ау! Тектінің тесіп шығатыны расқа айналды.
Елдігіміздің ертеңіне екі ұдай қарап, мемлекеттік тұтастығымызға ту сыртымыздан сынай, міней қарағандар дәл бүгін Қазақстанның таңғажайып қарқынын еріксіз мойындағандай, сарабдал саясаттың салтанат құруына мойын ұсынғандай.
Ғасыр ғажабына, ғасыр дидарына айналып бара жатқан ақ манар, ажарлы Астананы арудай жасандырып, алқа топ – адамзат алдына алғаш рет алып шығу бақыты дәл осынау тарихи оқиғаны көзбен көріп, бастан кешіріп отырған сіз бен біздің пешенемізге бұйырыпты, тағдыр табағымызға тартылыпты. Олай болса атам қазақтың арғы-бергі тарихында шынайы тәуелсіздіктің шырын балын ішкен, шындық күйін тыңдаған, бейбіт бесігінде тербелген, береке-ынтымақтың бес елі қаймағынан дәм татқан сіз бен бізден бақыттырақ қазақ сірә да болмаған шығар. Аллам асылыққа жазбасын. Тілекке тілек, білекке білек қосқан берекең мен ынтымағың болса, босағаң берік, қазығың нық, уығың бекем, керегең кең, шаңырағың шалқақ болмақ-дүр.
Сонау биікке, көз жетпес көкжиекке отты жанарын қадаған менің Алтын қыраным Астана жұртын айналып ұшып, Алтай, Атырау арасында самғай бер, бек шарлай бер демекпіз!
Өзгелермен ой жарыстырған Азамат-тұлғам, басқалармен бой таластырған Астанам аман бол! Уақыт тізгіні сенің қолыңда, бақыт бастауы сенің жолыңда!

Ерболат БАЯТҰЛЫ.
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар