Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана тілінің қадірін әуелі аналарымыз ұғынса ғой... - АРҚА АЖАРЫ

Ана тілінің қадірін әуелі аналарымыз ұғынса ғой…

«Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп ақын Қадыр Мырза Әли айтқандай адам әуелі өзінің туған тілін қастерлеп өтуі керек. Әлемнің қанша тілін меңгерсек те, туған тіліміз қашанда санада сайрап тұруы қажет. Жаза жаза бұл тақырып жауыр болмады ма, қашанға тіл мәселесі қозғала береді демеңіздер. Тілдің болашағы – ұлт болашағы болғандықтан, қоғамда орын алып отырған жәйттар қолға қалам алғызбай қоймайды.

Бүгінде өзіміздің қаракөз жас ата-аналарымыздың балаларымен өзге тілде шүйіркелесіп, осылайша бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндерін туған тілдерінен алшақтатып жатқаны қатты қынжылтады. Көшеде анасының баласымен орысша өрбіген әңгімелерін тыңдап, жаныма мұң ұялайды. Бұл халқымыздың болашағына деген немқұрайлы көзқарас деп білемін. Тілдің қадірін ұғынатын азаматтар қатары сирек екеніне әркез куә болуға тура келеді. Алысқа бармай-ақ, өз балаларым барып жүрген облыс орталығындағы балабақшалардың бірін мысалға алайын. Үлкен ұлымның тобындағы жиырма бес баланың тек екеуі ғана қазақ тілін жақсы меңгерген. Қасындағы достарына еріп, балам да балабақшаға барғалы бері сөйлем арасында орысша сөздерді қосып сөйлейтін болды. Ана тілді қастер тұтатын мен үшін баламның ондай қылығын көру жат.
Балапандарыммен өзге тілде сөйлесуді ешқашан ойлаған емеспін. Керісінше, ана тілімізде еркелетіп, ертегі оқымасам, оларды аналық мейіріміме жеткілікті бөлей алмайтын сияқтымын. Ана тілінің жанға қаншалықты жақын, жүрекке ыстық екенін осыдан-ақ көруге болады. Бала мен ананың арасын жақындастыратын аналық мейірім мен махаббат болса, ана тілі де осы істе сондай маңызды рөл атқарады. Ұл-қыздарымызды халқымыздың бай әдеби мұрасына сусындатып өсіріп, қазақтың қандай көркем маржан сөздерімен жазылған жыр-дастандарын кішкентай кездерінен үйретсек, олардың болашағы зор болатынына кәміл сенемін.
Балабақшаға баламды әкетуге барғанда өзге ата-аналардың «Сіздің балаңыз қазақша сөйлейді екен ғой», – деп таңданыспен қарағанына жаным ашиды. Оған несіне сонша таңқалатыны бар? Әр адам өзінің туған тілін білуге міндетті. Осыдан шығатын қорытынды, ана тілінің қадірін әуелі аналарымыз ұғынса ғой, шіркін. Сонда, тіліміз үшін мұнша күйінбес пе едік, кім білсін?..
Жанерке РАМАЗАНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар