Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз мемлекетінің санатына қосылу үшін бағдар ұстанатын ең өзекті деген он міндеті айқындалып, атқарушы органдардың алдына сол міндеттерді орындау жөніндегі тапсырмалар белгіленген. Осы орайда, Жарқайың ауданының еңбеккерлері де Елбасы Жолдауында бағдарланған міндеттерді орындауға өз үлестерін қосып келеді және алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек.
Өткен жылы аудан экономикасына 7 миллиард теңгеден астам қаржы салынса, оның 57 пайызы жеке инвесторлардың еншісіне тиеді. Салыстыра айтар болсақ, экономикаға салынған қаржы 2016 жылға қарағанда 102 пайыз болды. Алдағы үш жылдағы экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз ету үшін ауданда жұмыс тобы құрылып, нақты инвестицияларды дамыту жоспары әзірленді.
Аудан экономикасының болашағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытумен тікелей байланысты. Осы орайда, қайта өңдеу саласы бойынша жұмыс істейтін құны 4 миллиард теңге болатын 7 инвестициялық жоба қолға алынуда. Бұл жобалардың іске қосылуы қосымша 156 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін болады.
Екінші негізгі міндет – ресурстарды пайдаланудың тиімділігін айтарлықтай жақсарту. Осы бағытта Ақмола облысында баламалы энергетика саласында бірқатар жоғары технологиялық жобалар іске асырылды. Мысалы, Целиноград және Ерейментау ауданындағы жел электр станцияларын атауға болады. Жарқайың ауданында да баламалы электр қуатын өндіруге байланысты жобаларды қарастыру ойымызда бар.
Бүгінгі күні агроөнеркәсіптік кешенде жаңа технологияларды енгізу қажеттілігі туындап отыр. Елбасы Жолдауындағы үшінші міндет – еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру. Бүгінгі күні аудан шаруашылықтарының барлығы дерлік ылғалүнемдегіш технологияны пайдаланады. Сонымен бірге, ауыл егін егуге қатысты науқандық шаралардың бәрін уақытында сапалы орындау ауа райына қарамастан, жыл сайын бітік егін өсіруге жағдай жасайтынын тәжірибе көрсетуде. Аудан шаруашылықтары осы бағытта айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Өткен жылы диқандарымыз гектарына 9,48 центнерден өнім жинап, 584 мың тонна жоғары сапалы астықты қамбаға құйып алды. Машина-трактор паркін жаңарту, егін өсіру мәдениетін жақсарту және де Бараев институты ғалымдарының кеңестерін ұсынудың есебінен еңбек өнімділігі артып келеді. Біздің ауданның астығы елден тыс жерлерде де үлкен сұранысқа ие. Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, сондай-ақ, Қытайға бидай шығарсақ, Иран мен Ауғанстанға арпа жеткізіледі. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруға орай 40 жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру арқылы өңірде ет және сүт өнімдерін өндірумен айналысатын екі ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
Мемлекет басшысы төртінші негізгі міндетінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттілігі туралы айтқан болатын. Осы тапсырма аясында «Орталық-Батыс» бағыты бойынша жаңа логистикалық мүмкіндіктер ашатын Шойындыкөл кенті арқылы жұмыс жалғасады. Өткен жылы қалаішілік жолдардың барлық түрлерін жөндеуге 36 миллион теңге жұмсалды. Ағымдағы жылы осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Биылғы жылы Державинскіден Тасты-Талды ауылына дейінгі жол учаскесін жөндеу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, Тасты-Талды ауылынан Қостанай бағытында өтетін күре жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсат үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді.
Құрылыс саласында да мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылы тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 115,0 пайызды құрады. Сөйтіп, 1684 шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 120 пайыз болды.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Бірсуат ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта құру жоспарланып отыр. Бұл жоба облыс әкімімен бекітіліп, республикаға қарауға жіберілді. Қостанай және Челябинск қалаларының мамандарымен ашық көздерден суды тазарту және залалсыздандыру станциясын пайдалануға беру туралы келіссөздер жүргізілді. Біз үшін бастысы – азаматтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу.
Елбасы алтыншы міндетінде – қаржы жүйесін, банк жүйесін жетілдіруді қамтамасыз ету, қарапайым азаматтардың мүдделерін қадағалау мен қарауды күшейтуді тапсырды. Осыған байланыс-ты «Жарқайың» кредиттік серіктестігі ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде несие алу процесін жеңілдету мүмкіндігін қарастыру қажет.
Жолдаудың жетінші маңызды міндетінде – сананы жаңғырту арқылы адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылған. Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да жұмыстар жалғастырылуда. Мемлекет басшысы мұғалім мамандығының беделін көтеру қажеттігін атап өтті. Мұғалімнің жаңа көзқарасын қалыптастырмай, біздің өміріміздің кез келген саласында, тіпті білім беруде де сапалы өзгерістер болуы мүмкін емес. Ауданда 200-ден астам мұғалім білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқының денсаулығын қорғаудағы Жолдауының негізгі бағыттары ерте диагностикаға, негізінен аурудың алдын алуға бағытталған. Ақмола облысы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық құжаттарды қағазсыз басқаруға көшу бойынша пилоттық жобасына енгізілді. Осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 111 миллион теңге қарастырылған. Облыста дәрігер мамандарының тапшылығы белсенді шешілуде. Өткен жылы дәрігерлер үшін 15 пәтер бөлінді. Биылғы жылы да біз пәтерлердің көп бөлігін медицина қызметкерлеріне бөлу мақсатында 60 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіруді бастаймыз. Яғни, денсаулық сақтаудың тиімді жұмысын жүргізуде біз үшін барлық жағдай жасалған.
Мұрат БАЛПАН,
Жарқайың ауданының әкімі.