Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ақмола облыстық филиалының директоры Виталий Чеусов қаржы нарығындағы қазіргі жағдай және еліміздің бүгінгі қаржы-экономикалық саясаты жөнінде ой бөлісті.
Брифингте банк өкілі алдымен, облыстағы қаржы нарығының жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының банк жүйесінде Көкшетау қаласында және облыста екінші деңгейлі банктердің 19 филиалы және «Қазпошта» акционерлік қоғамының Астана филиалы «Астана поштамты» Көкшетау қалалық пошта байланысы торабы жұмыс істейді.
– 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша банктердегі депозиттерінің жалпы көлемі 145,7 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,8 пайызға және 126,6 миллиард теңгені құрады. Депозиттердің жалпы сомасындағы жеке тұлғалардың депозиттік үлесі 86,8 пайызды құрайды, – деді Виталий Чеусов өз сөзінде.
Сонымен қатар, ол ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарындағы жағдай бойынша экономика саласына салынған несиелік салымдардың жалпы көлемі 216,5 миллиард теңгені құрағанын атап өтті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға артып отыр. Дегенмен, осы күні берілген несиелердің толық қайтарылмай жатқан да жайы бар.
– Қазіргі кезде банктердің тұтынушылық несиелері бойынша облыс халқының берешегі 57 миллиард теңгеге жетті. Ипотекалық несиелері бойынша облыс тұрғындарының берешегі 26,4 миллиард теңгені құрады, – деп атап өтті Виталий Чеусов.
Сонымен қатар, брифингте депозиттер және төлем карточкалар нарығындағы
ахуал сөз болды. Мәселен, алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр банктердегі ұлттық валютамен салынған депозиттердің жалпы көлемі 33,9 пайызға артып, 89,9 миллиард теңгені құраған.
Брифингте журналистер тарапынан банк жұмысы мен қаржы нарығына қатысты сауалдар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.
Аслан Оспанов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.