«Үш қоңыр» Кремльде шырқалды

Иә, құлақтан кіріп бойды алар әсем әннің, сөзі мен әуені жүрек қылын шертер ғажайып туындының құдіреттілігіне ешқашанда шек жоқ. Орындаушылары сай болса, ондай ән қазақтың тұмса табиғатының бар көркі мен қасиетін, Елбасының өзі баурайында балалық шағын өткізген «Үш қоңырдай» ұлық таудың асқақ болмысын жер-жаһанға әйгілеген үстіне әйгілеп жеткізе бермекші. Туған жерге, оның тау-тасы, жасыл алқасына, ата-бабадан мирас болып қалған жауһар-шұрайына ерен сүйіспеншілік, шалқар шабыт сөзімен де, әнімен де үндесіп, қандай өлмес, өшпес өнер сыйын алып келген десеңізші бұл дүниеге!
Әлемнің қай қиырынан шырқалса да, қазақ халқының ән әлемінің қайталанбас кәусар тұнығындай жүректерде небір сәулелі із қалдыратын «Үш қоңыр» бұл жолы жұлдызды қазақстан-ресей триосының орындауында Мәскеудің нақ төрінде қалықтады.
Сөзін Нұрсұлтан Назарбаев, әнін Алтынбек Қоразбаев жазған сырлы да сырбаз әннің Мәскеудің Мемлекеттік Кремльдер сара-йында Ресей халық әртісі Ренат Ибрагимов, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева және «неоклассика» жанрындағы танымал әнші Ержан Нұрғалиевпен әрбір иірімі мен нақышына жан бітіріле, тамаша үйлесіммен тұңғыш рет шабыттана шырқалуы зал толы талғампаз өнерсүйер қауымды ән салтанатының мүлдем жаңа қадір-қасиетіне бойлатып жіберді.
Ренат Ибрагимовтың 70 жылдығына арналған «Өмір теңізімен» мерекелік бағдарламасында Ресейдің және шет елдердің танымал өнер қайраткерлерінің қатысуымен қырыққа тарта ән шырқалса, солардың ішінен көрермендердің осы үштіктің өнерін ерекше ықыласпен және ең ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алғаны жүректен жүректі жаулаған ән мен талант құдіретінің нақ өзі болса керек.
Мәскеуде тұрып, жұмыс істейтін белгілі қазақ теноры, «Еуразияның алтын дауысы» аталымының иегері Ержан Нұрғалиевтің айтуынша, Ресейдің ең бір үлкен сахнасында телевизор арқылы бала күнінен тәнті болып өскен өнер жұлдыздарымен бірге қазақтың осы бір шын мәнісіндегі айшықты әнін тамылжыта шырқауы өз басы үшін үлкен бақыт.
Осылайша мәскеуліктер мен қала қонақтарын от-жылуымен баурап, алқалы кештің үлкен игілігіне айналған «Үш қоңыр» сияқты таңдаулы туындыларымыздың қазақ әндерінің шоқтығын әлемдік деңгейде әлі талай көтере берері сөзсіз.

Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар