Шарт талаптары қайта қаралды

Облыс орталығындағы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ғимаратында электр қуаты туралы заңнама актілеріне енгізілген бірқатар өзгертулер мен толықтырулар талқыланған дөңгелек үстел өткізілді.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті өткізген басқосуға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, сондай-ақ, облыстағы электрмен жабдықтаушы және монополист мекемелер, жергілікті кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Департамент директоры Бақжанат Ділдаханұлының айтуынша, қазір елімізде электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша қазақстандық бизнестің жағдайын жақсартатын маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес электр энергетикасы саласындағы заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл – Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінің индикаторларын жақсарту жөнінде, сондай-ақ, тұтынушылардың электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу үдерістерін оңтайландыруға бағытталған реформалар туралы құқықтық түсіндіру жұмыстарының 2017-2018 жылдарға арналған жоспарына сәйкес жүргізіліп отырған шара.
– Елімізде электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды. Оған қоса, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды. Енді бұдан әрі жобалаушыға сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталуы жөнінде электрондық түрде хабарлама жіберсе, жеткілікті. Сонымен қатар, электр желілеріне қосылуға мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау органынан рұқсат алу қажеттігі де алынып тасталды. Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтауға арналған шартты жасасудың апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылды, – деді департамент басшысы Бақжанат Ділдаханұлы өз сөзінде.
Сонымен қатар, жиында Қазақстанның «Doing Business» рейтингісінде біршама жоғары сатыға көтерілгендігі айтылды. Департаменттің бас маманы Марат Оспанов жиналғандарға тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасы туралы, электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу тәртібін баяндады. Өз кезегінде жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар