Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен орыс драма театрында мәдениет саласының кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті.
Мәжілісте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауындағы маңызды мәселелер талқыланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық мәдениет басқармасының 2017 жылғы жұмысының қорытындылары және 2018 жылғы қызметінің басым бағыттары қаралды.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова ұлттың болашағы үшін бағытталған Жолдаудың мән-маңызына тоқталып, бір топ мәдениет қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Алқа мәжілісіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова қатысты. Аталмыш жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева баяндама жасады.
– Қазіргі таңда мәдениет саласына зор көңіл бөлініп келеді. 2018 жылы «Батырлар туған бақ мекен», «Салсерілік дәстүрдің салтанаты», «Алтын тағалы Атбасар» сияқты кең ауқымды тағылымы мен танымы зор маңызды 3 жаңа жоба қолға алынады. Қазіргі таңда облысымызда 659 мәдениет ұйымы, соның ішінде 268 клуб, 11 музей, 2 облыстық театр, филармония, 4 кинотеатр, 375 кітапхана бар. Аталмыш мәдени ошақтарында 3 мыңнан аса мәдениет қызметкерлері еңбек етеді,– деді басқарма басшысы өз сөзінде.
Мәжілісте сөз сөйлеген Сәуле Бөкейханқызы өңірдегі мәдениет мекемелерінің жұмыстарына жеке-жеке тоқталып, әрбірінің жыл бойы атқарған іс-шараларды, жалпы сала бойынша қордаланып қалған өзекті мәселелерді, жетістіктерді жіктеп айтып берді.
Отырыс соңында Елбасының Жолдауы аясында алға қойылған мақсаттар тағы бір пысықталып, өнерді дамыту, өнерпаздарды қолдау, мәдениет саласындағы нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту, басқа да мән-маңызы жоғары мәдениет саласындағы өзекті мәселелері әңгіме өзегіне айналып, басым бағыттар сараланды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.