Жаңа ғимаратқа көшті

Жарқайың аудандық соты жаңа ғимаратқа көшті. Қазіргі заманғы талапқа сай сәулетпен салынған екі қабатты ғимараттың ішкі жабдықталуы да уақыт талабымен үндескен.

Сот төрелігін жүргізуге қажетті жағдайлардың бәрі де қарастырылған. Аудандық соттың жаңа ғимаратының лентасын Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов, Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров және қаланың 90 жастағы ақсақалы Беріктас Баймолдинов қиды. Шараға сондай-ақ, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев, Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпан қатысты.
Нұрсерік Шәріпов салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтай келе, «Тәуелсіздік алғалы бері Мемлекет басшысы сот жүйесінің дамуына айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі салтанатты оқиға – сөзімнің айқын дәлелі. Державинск – осы өңірде жаңа әрі заманауи сот ғимараты салынған алғашқы елді мекен. Ашылғалы отырған Сот төрелігі сарайы халықаралық стандарттарға толықтай сай келеді», – деді.
Департамент басшысының айтуынша, «театр киім ілгіштен басталады» дегендей, сотқа деген сенім мен құрмет сот ғимаратына кіргеннен басталмақ. Заман талабына сай сәулетпен салынған және жабдықталған сот ғимараты адамдардың сот билігіне деген құрмет сезімін арттырады. Облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров: «Сот ғимаратында судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Аудандық соттың ұжымы сот төрелігін сапалы жүзеге асыруға, сот әдебі мен мәдениетінің нормаларын сақтауға, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға бар күш-жігерін салады», – деді. Жаңа екі қабатты сот ғимаратының жалпы көлемі 1483 шаршы метрді, жобаның сметалық құны 250 миллион теңгені құрайды. Ғимаратта аудио-бейне тіркеу және бейне байланыс жүйелерімен жарақтандырылған екі сот отырысы залы бар. Судьяларға, прокурорлар мен адвокаттарға, сот процесіне қатысушыларға, сот орындаушылары мен айдауылдарға арналған бөлмелер тиісті құралдармен жабдықталған. Жаңа ғимаратта сондай-ақ, кеңесу бөлмелері, медиация жәнемұрағат кабинеттері, істермен танысуға арналған кеңсежайлар, кітапхана, судьяларды психологиялық сергіту бөлмелері де қарастырылған. Күту залында келушілер компьютер арқылы «Сот кабинеті» сервисінің қызметін пайдалана алады. Кең әрі жайлы холда істерді қарау кестесі көрсетілген монитор, тақтайшаларда «Медиация туралы» Заң, Судьялардың әдеп кодексі нормаларының үзінділері, талап-арыздардың үлгілері қойылған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар