Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ДАЛАМНЫҢ КӨЗ ЖАСЫН КӨРМЕУГЕ ЖАЗСЫН - АРҚА АЖАРЫ

ДАЛАМНЫҢ КӨЗ ЖАСЫН КӨРМЕУГЕ ЖАЗСЫН

…Атақты және бай адамдардың мүдделері тіпті, мәдениетті қоғамдардың өзінде де көпшіліктің мүдделеріне жау болады.
Шоқан, Дешті Қыпшақ даласы,
Сырымбет, XIX ғасыр.

«Мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл менің сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы, сондықтан да ол маған қымбат. Қолжазбаларымды, хаттарым мен аса қымбатты естеліктерімді осында сақтаймын».
Федор Достоевскийдің әйелі А.Г. Достоевскаяға
Шоқан өлгеннен соң (1865 жыл) айтқан ескерту тілегі.

 

 

Ғасырлар бойы қазақтың түбіне жетіп келе жатқан үш басты пәлекет бар, оның бірі – даңққұмарлық, екіншісі – намыссыздық, үшіншісі – жалқаулық. Осының үшеуі де ел билеген бай-шонжарлардың басынан табылады. Қазақ бойында бұдан өзге де ессіздіктер толып жатыр. Қара халықтың пәле-жалада шаруасы жоқ, пендешіліктің бітпейтін күйбең тіршілігінен бас көтеріп ой ойлауға мұршасы да жете бермейді.
Ел басылары даңқ қуып әуре.
Шенеуніктер пара аңдып әуре.
Қара халық жан бағып әуре.
Дәл бүгін Дешті Қыпшақ даласында бұдан бөтен әуре-сарсаң жоқ десе де болғандай.
Даланың тыныс-тіршілігі орыс патшасының құзырына ауысқаннан бері қазақтың күйі сары сақалдылардың қолына көшкен.
Өз ритм-ырғағынан айырылған халық – жоғалған халық.
Өз ырқынан айырылған халық – тірі өлік.
Шоқан бүк түсіп қазақ үйдің ашық есігінен далаға көз салып сұлық жатыр. Алыстан Алтын Емел тауы көрінеді. Оқып отырған кітабын ақырын жаба беріп, қайтадан қазақы тірлік туралы толғанысты ойға берілді.
Қара қазақтың қамы үшін болыстыққа таласып еді, болмады. Дала тағылары орысша бауыр жазған төре тұқымын қатарларына жолатпады. Аса талантты түз ұлын патша офицерлері де шетке қақты. Артынан сөз жүгіртті. Сырт көзде қорлауға барды. Ашық қастандық жасады. Жолын бөгеді.
Құдай жалғыз, Шоқан жалғыз.
Дешті Қыпшақ даласы жалғыз.
Жоқ, сайын дала жетім болатын.
Ертеде Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу мавзолейінің түбінде отырып ойлаған күпті ойларын есіне түсіргісі келді. Жол күнделіктерінде көргені туралы жазу бар да, сезгені туралы жазу жоқ. Қазақ елі туралы, Дешті Қыпшақ даласының тағдыры туралы да толғанысты бір ауыз сөз кездестірмейсіз. Патша полковнигі – әкесі Шыңғыс жөнінде де мағлұмат жоқтың қасы. Оның неден болатыны Шоқанға да, бүгінгі бізге де белгілі. Патша саясатын сақтайтын үшінші бөлімнің қаһары бәріне мәлім. Ауызды бағу керек.
Ашық есіктен желіде байлаулы құлынның өрекпуін көріп жатыр. Сауын мезгілі тақағанын сезген құлын бір орнында тұра алмай бұлқынысқа түскен. Шаруа әйел ағаш шелегін жерге қоя салып, сүйкімді құлынды құшақтап, құлағының түбінен сипалайды. Құла құлын тынши қалып, ернімен әйелдің иығын түрткілеп әуре.
Бұл даланың ерке, қимас суреті еді. Даладан тысқары шықса болды, тыныс-тіршілігі бөлек сол даланы аңсай сағынады. Петерборда өткізген соңғы екі жылда түсінен Дешті Қыпшақ даласы, сол далада еркін күн кешкен қазақ жұрты бір шыққан емес. Бұл «аңсау» атты қасиетті дерт болатын. Дүниені еркін жаулаған, Рим империясын тізерлеткен Атилланың, Мысыр мемлекетіне билік жүргізген, мемлекет тілін қыпшақ тіліне көшірген мәмлүк Бейбарыстың, туған даласын сағына аңсап аһ ұрған сәттерін Шоқан жиі еске алады. «Өзге елде Сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағида ойды қазақтар Бейбарысқа телиді. Түркілердің ойларын жеке дәптерге тізіп кітап жасау керек деп ойлады Шоқан. Өмірден озған Абылай хан бабасының, патшаға қарсы шабуылын қоймаған Кенесары ханның, өз ағасы Садық төренің айтқан сөздері қандай!
Абылай хан өкініші бір төбе.
Кенесары өкініші бір төбе!
Садық төренің қайтпас қайсарлығы, кекшіл мінезі бір төбе!..
Ұйқы қашқан, дегбірсіз күндер мен түндер басталғалы қашан…
Әттең, дүние-жалған, тасадан келіп жабысқан ауыр дерт Шоқанды қатты күйзеліске ұшыратқан. Петербор мен Еуропа кітапханаларында армансыз көміліп отыруды аңсаған тілегі көз ұшынан бұлбұл ұшты-ау…
Түркі жұртының тарихына ерекше зер салып тексеру, зерттеу асқақ арманы болатын. Әуелі Еуропаның енді Ресей қойнауынан көшпенділер тарихы мен тыныс-тіршілігі туралы деректер ысырылып ерекше формулярларға түскен немесе бүтіндей жоғалуға ұшырай бастаған.
Шоқанның қырағы көзі бұны соңғы рет Петерборда болғанында шалып қалып еді. Бірақ, дабыра жасамаған. Дабыра қылмай, келесі келгенде қолға түсіремін деп белгі де қойып кеткен. Орыс империясының құрығына ілінген соң-ақ, көшпенділер цивилизациясы тоқырауға түскен. Дала халқының биоритмдік циклының қуаты да қайтқан кез еді.
Алып теңіз бас көтертпей тулайды, алып теңіз бұйығы күйге түсіп тартылады. Табиғат та шартты мезгілдің ығына жүгінеді. Бірақ, Шоқанның асау жаны патшаға да, табиғатқа да бағынуға қарсы болатын. Ғасырлар бойы даланы түркілердің аттарының тұяғы дүбірлеткен. Бүгін сол түркілердің өзі жау қолында. Орысқа бағынышты, орысқа тәуелді.
Бүкіл Дешті Қыпшақ даласы мен Батыс Сібір тайпалары орыс империясының ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Федор Достоевскийдің Семейде айтқан бір сөзі есіне түсіп еріксіз мырс етті.
«Шоқан Шыңғысұлы, Сібір жері суық болғанымен, шенеуніктері жылы тұрады» деп, Федор Михайлович күліп жіберіп еді.
Сегіз қанат үйге жас келіншегі имене еніп, есік алдында тұрып қалды.
Сізге қымыз дайындатып едім…
Шоқан үнсіз әлі кетіп жіңішкерген қолын созды.
Айсары аласы мол қарақат көзін тіктеп Шоқанға мейірлене қарады. Жарының төсегіне жақындап, созған саусақтарын екі қолымен бірдей ұстап ерніне тосты.
Айсары да үндеген жоқ. Бұл үнсіз ұғысу еді.
Орысша тәрбиеге бой сұнған Шоқанның мінезі, жүріс-тұрысы, күн ұзақ кітап оқып, қағаз жазған кезі Айсарыға басында таңсық көрінген. Кейін үйреншікті бұл істің үлкен еңбек екенін түсінді. Жарының таңдаған өмірлік жолы азап екенін ұқты. Оның жан жолдасы Григорий Потанин Алтын Емелге арнайы келгенде, олардың тізе қосып отырып алып жазу жазғандарын, кітап ақтарғандарын көріп таң қалатын. Бұл не қылған бітпейтін кітап, Тәңірім-ау, деп ойлайтын.
«Айсары, сен әуре болма жатып дем ал, біз Григорий екеуіміз сөйлесетін сөз бар», – деп келіншегін шымылдық ішіне жіберетін. Шайларын да өздері қойып ішетін еді.
«Мырзам, сіздің шай қамына өзіңіз кіріскеніңіз ыңғайсыз. Жұрт сөз етеді. Қонағыңыздың алдында да ұят».
«Сені әуре еткім келмейді, Айсары, ренжіме. Гриша екеуіміз таң атқанша жазу жазамыз, бөтен тілде сөз сөйлейміз. Сенің басың айналар. Онан да ұйықтағаның дұрыс. Келіншегінің саусақтарын аялай сипап, бауырына тартып шашынан иіскейтін.
«Мырзам, күтуші әйел қызмет жасасын…».
«Ол тіптен ыңғайсыз, Айсары. Алаңдама, жақсы досым!…».
Шоқан Айсарыны өзімсіне құшақтап «жақсы досым» дегенде, келіншек ел көзінше қатты ыңғайсыздық сезінуші еді.
Қазірде «жақсы досым, сөз осымен бітсін» деген.
Шоқанның жұқалаң тартқан ақшыл жүзіне, арыған білегі мен сүйріктей саусақтарына қарап отырып, Айсарының көзіне жас тығылған.
Күтуші әйел бір тегене қымыз әкелді. Айсары қымызды сапырып жіберіп, бір тостаған қымызды Шоқанға ұсынды. Шоқан басын көтеріп, арқасын керегеге тіреп, тостағанды қос қолдап ұстап, салқын қымыздан екі-үш ұрттап тостағанын дөңгелек үстелге қайта қойды.
– Ішпедіңіз ғой, мырзам!
– Кейін ішем, – деп Шоқан Айсарыны ренжіткісі келмеді.
–Қымызды үзбей ішкеніңіз дұрыс болады. Айсары Шоқанның қолынан сипап қасына жақындау отырды. Шоқан келіншегін тағы да шашынан иіскеді.

– Әне, қарашы, дала қалай құлпырады, ә?!. Табиғаттың түрленуін қара!.. Енесін тосқан құла құлын қалай секіреді, ә!.. Алтын Емел де сағым буында тербетіліп тұрысын қарашы!.. Шоқанның сүйсіне айтқан сөздеріне елтіген Айсары да киіз үйдің есігінен далаға көз салды.
Көз алдында ғажайып дала суреті құлпыра жөнелген.
«Бұл нәзік суреттерді бұрын неге көрмегем!.. – деп ойлады Айсары. Неге?.. Ал, Шоқан қандай көреген!..».
Жарының бөлек адам екенін сезген сайын Айсары өзін ыңғайсыз сезінетін. Қаншама ыңғайсыз сезінсе, соншама жарын жақсы көре түсетін. «Тәңірім осы қызығымды көп көрмесін», – деп тілейтін Айсары. Қазақ даласы, «Алла қолдаса» дейтін сөз тіркесін айтуға әбден дағдыланған. Тек Шоқан ғана «Тәңір қолдасын» деуші еді. Айсары да бара-бара Шоқан жағына шыққан.
Далаға оралып, Тезек төренің ауылында қоныстап жатып қалғаннан бері Шоқанның есіне Омбы, Қазақ пен Қашқар даласы, Қырғыз ортасы, Білім Көзі, Билік Тағы – Петербор орала беретін болған. Жанына жақын орыстың білімді, демократ адамдары алыс Петерборда қалған.
Генерал Черняевтің қандыбалақ жауыздығына қарсы шығып, оның ставкасынан кеткен соң-ақ, орыстың ұлтшыл, сыңаржақ офицерлері Шоқанды сыртқа тепкен. Оларды елеген Шоқан да жоқ еді. Есіне жиі алатыны Федор Михайлович Достоевский болатын.
Семейде бірнеше рет кездескенде Федор Михайлович жап-жас қазақ офицеріне ерекше ықылас білдірген. Ол кезде Шоқан Шыңғысұлы он тоғыз жаста ғана еді. Сол Семейден аттанып бара жатып, Шоқан жазушы досына хат жолдаған.
«…Өзіңіз кеткеннен соң мен Сіздің қалаңызда тек бір қонып, келесі күні ертемен жүріп кеткенмін. Ол кеш мен үшін өте көңілсіз болды. Өзімнің соншама жақсы көрген және өзіме де жақсы ниет білдірген адамдармен айырылысу маған өте-мөте ауыр тиді. Сізбен бірге Семейде өткізген аз ғана күн маған сондай тамаша әсер етті, ендігі менің бар ойым Сізбен тағы бір кездесу. Мен адамның нәзік сезімдерімен, ақ ниеті туралы жазуға шебер емеспін, оның қажеті де жоқ қой деймін: менің Сізге қандай берілгенімді және Сізді қандай жақсы көретінімді, әрине, өзіңіз де білесіз…».
Бұл жас қазақ жігітінің жүрегінен шыққан таза ниеті еді. Үлкен жазушы, һас психолог Федор Михайлович жас офицердің жан тебіренісін дәл таныған, ұққан. Сонан да ол Шоқанға өзінің әйгілі сөздерін арнайды. Ұлы орыс жазушысының адамгершілік сөздерін қобалжымай, тебіренбей, сүйсінбей оқу мүмкін емес еді.
«…Мейірман достым менің, Сіздің хатыңызды маған Александр Николаевич табыс етті. Сіз мені жақсы көрем деп жазыпсыз. Ал, мен Сізге қысылмай-ақ тура айтамын – мен Сізге ғашық болып қалдым. Мен ешуақытта да және ешкімге де, тіптен туған ініме де, тап Сізге көңілім түскендей құштарлықты сезген емеспін… Бұған талай дәлел келтіруге де болар еді, бірақ, Сізді несіне мақтай берем. Ал, енді Сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін шығарсыз деймін, қымбатты Шоқан және бұл тақырыпқа тегі он кітап жазсаң да, бәрібір түк жаза алмайсың. Сезім мен құштарлық дегендер түсіндіруге болмайтын нәрселер… Сізбен арбада тұрып қош айтысып айырылысқаннан кейін, біз бәріміз де күні бойы көңілсіз болдық. Сіз бүкіл жол бойы біздің есімізден бір шықпадыңыз…
Кеш түсіп, дала салқын тартты. Айсары күтуші әйелге үй ішіндегі ошаққа от жақтырды. Күйеуінің үстіне түйе жүн шекпен жапты.
– Тоңдыңыз ба? – деп сұрады Айсары.
– Жоқ. Шам жақшы. Сонан соң анау кітаптар мен қағаздарды әпер…
– Әуелі шай ішіп жайланып алыңыз.
– Жоқ, шай кейін болсын, Айсары. Мен біраз кітаптармен оңаша қалайын.
Келіншегі көзін төмен салып үйден шығып кетті. Көз жасын көрсеткісі келмеп еді. Дауысында да өксік тұрған.
«Өзін-өзі аямайды. Аяу жоқ қой. Дәл қазір ана қалың кітаптар, таусылмайтын ақ қағаздар не керек?.. Қымыз ішіп, далада серуен құрғаннан артық не бар?.. Көк жорға атына отыруды да қойды. Тіпті, оны бүтіндей босатып, жылқыға қостырып жіберді…».
Шоқан сонау 1856 жылдары Құлжа экспедициясы біткен соң жасаған «Құлжа қаласының жоспары», «Қытай империясының Батыс өлкесінің картасы», «Балқаш көлі мен Алатау жоталарының арасындағы кеңістіктің картасы» сияқты еңбектерін тағы бір қарап шығуды ойына алып еді. Оған денсаулығы мұрсат беретін емес. Әрқилы тілдердегі ескілікті карталарды да салыстыра қарауда болатын. Қазақ елі мен Орта Азияның географиясы мен этнографиясы туралы көлемді материалдарды қарастырып шығуының өзі де үлкен ерлік еді.
Өкінішке орай, сол құрастырған еңбекті кітап қылып шығаруға мүмкіндік болмады. Сол еңбек бойынша география қоғамында Шоқанның оқыған лекциялары қызғылықты өтуші еді-ау. Шығыс Түркістан, Тянь-Шань, Қырғызстан туралы айтқан еркін әңгімелері мен деректі тарихи оқиғалары аса қатты қызығушылық тудыратын. Бұл Шоқан Шыңғысұлының Ресей Астанасында даңқы асқақтап тұрған кезі болатын.
Көне карталарды ақтарып отырған Шоқанның көздегені Дешті Қыпшақ даласының нақты картасы мен тарихын көне заманғы жазбалармен салыстыра отырып қайта жазып шығу еді. Бұл бабалар жолын саралап ақиқат тарихты жазуға құлшынуы болатын. Бас штабтың ғылыми комитеті Шоқаннан Қытай империясының картасын түзуді сұрады, ал, бірақ Бас штаб Шоқаннан Дешті Қыпшақ даласының тарихы мен картасын түзуді сұраған емес.
Кенеттен жабысқан науқас Шоқанның бар арманын қиып түсті. Дешті Қыпшақ даласын Бас штабтағы ұлтшыл орыс офицерлері Евразия деуге күш салған. Славяншылдық пен батысшылдықтың ортасында малтыққан орыс империясының халықшылдық ұмтылысы дау-дамайға толы.
Дешті Қыпшақ даласының тыныс-тірлігін таратып жазған Лев Гумилевтің өзі де Еуразияның не екенін түсіндіре алмаған.
Бабалар жолын қағаз бетінде бекітіп жазып кетуге Шоқанның денсаулығы жетпеді. Өкінішті. Сол кезеңде оған Шоқаннан бетер өкінген ешкім болмас.
Арманы өлген адам өлі адам екенін, Жетісудағы Алтын Емел тауының бауырындағы Тезек төренің ауылында, шала-жансар күй кешкен Дешті Қыпшақ даласының сұлтаны Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов анық ұққан.
Сол ой оны көрге жетелеген. Өзі де таусылуға тақау тағдырына өзі өшпес өрт қойған.
«Қолға алған ісіңізді тастай көрмеңіз», – деп жазады Федор Достоевский. Сіздің мәліметтеріңіз өте көп. Сахара туралы мақала жазыңыз… Сіз өз тағдырыңызды Отаныңызға ерекше пайдалы болғандай етіп, соның игілігіне бағыштауыңызға болар еді.
Мысалы, Сахараның не екенін, оның маңызын және өз халқыңыздың Россияға қандай қатысы бар екенін Россия халқына түсіндірудің өзі ұлы мақсат, қасиетті іс емес пе?.. Европаша толық білім алған тұңғыш қырғыз (қазақ) екеніңізді еске алыңыз. Оның үстіне тағдыр Сізді таза жанды, адал жүректі, абзал адам ғып жаратқан. Артта қалуға болмайды, жоқ, болмайды».
Шоқанға адал қараған орыс достары оны ешқашан сатқан емес. Жас қазақ сұлтанының бойынан үздік адамгершілікті, терең білім шуағын таныған орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Дос-тоевский де онан бауырын жазбаған. Сонан да жазушы жас досын рухтандыра түседі, батыл, белсенді іс-әрекетке шақырады.
«Мен Сізді сондай жақсы көремін, Сіз туралы және Сіздің тағдырыңыз туралы ұзақ күндер бойы ойланам. Әрине, Сіздің тағдырыңызды мен тек өзімнің қиялымда ғана мәпелеп, әлпештеймін. Бірақ, сол қиялдарымның ішінде бір шындық бар, ол шындық, – Сіздің өзіңіздің сол тайпаңыздың ішінде Европалық білімге тұңғыш қолы жеткен адам екендігіңізде. Тек осы оқиғаның бір өзі ғана ғажайып нәрсе және соны ұғудың өзі Сізге көп міндеттер жүктейді… Қош болыңыз, қымбаттым және өзіңізді құшақтап, он қайтара сүюіме рұқсат етіңіз».
Шоқан далада да, қалада да жалғыздық құрығынан құтыла алмады. Орыстың прогрессивті ғалымдары мен жазушыларының ортасы бір бөлек, Царизмнің отаршылдық аппаратын билеп-төстеп отырған реакцияшыл офицерлер мен чиновниктер бүтіндей бөлек үстем орта болатын.
Генерал Гасфорттың көмекшісі Фон Фридрихстің қазақ даласын қалай басқарғаны туралы бас штабтың офицері И.Бабковтың кітаптарында жақсы жазылған.
Шартық қарын Фон Фридрихс сияқты есерсоқ өзін қазақ даласының жарылқаушы иесімін деп жариялаған. Сол есерсоқтың қолтығына Кури, Ивашкевич, Майдель, Нестеров сияқты жыртқыш-парақорлар кірген. Бұлардың бәрі де Фон Фридрихстің хатшылары мен көмекшілері болатын.
Біраз уақыт өткен соң, қазақ өлкесінің ең үлкен бастықтары Дюгамель мен Кройерус сол жыртқыштарды өз тобырына қосып алды. Қорқаулар қорқау топ жиюға ұста болатын.
Шоқан Шыңғысұлының соңына шам алып түсіп, оған жауыздық пен қаскөйлік жасаған осы жауыз тобыр еді.
Бұл жөнінде Қырғыз сахара комиссиясының мүшесі А.К.Гейнстің жазбаларына үңілейік. Қол-жазбаға көз салайық:
«1865 жылы 17 июль күні комиссия мүшелеріне Дюгамель қонақасы берді, онда Кройерус пен адьютанттар да болды. Әңгіме жалпы мәселелердің төңірегінде өрбіді. Уәлиханов мархумға, сондай адал, кіршіксіз таза адамға, тек патша ағзам қабылдап, бетінен сүйді деп қана қастық істеген Кройерус Шоқан туралы бір-екі ауыз қолайсыз сөздер айтты. Сонда мен оларға: ең жақсы ориенталистер, соның ішінде Ковалевский де Шоқанды тамаша ғалым, қырғыз халқының ең жақсы досы, орыстардың мемлекеттік мүдделерінің қорғаушысы деп санайды ғой дедім. Дюгамельге және оның сыбайластарына, өзімнің ойлағанымдай-ақ, мұндай баға сірә ұнамай қалған болу керек», – дейді.
Сол А.К.Гейнс Батыс Сібір генерал-губернаторы Дюгамельге мынандай мінездеме береді.
«Бүгін бүкіл комиссияны түгел генерал-губернатор Дюгамельге таныстырды. Ол бізбен сыпайы болды. Бірақ, осы сыпайылықтың өзінен жаулық және біздің күшімізге деген сенімсіздік көрініп тұрды. Дюгамель дейтұғын жұмыр жуан мес қарынға, бір кезде ғұлама атағын иемденіп жүрген кісіге, яғни, мес қарынға мен зейін сала қарап отырдым. Дюгамельдің сөздерінен мен оның қазақ өлкесін өзімнен жақсы білмейтіндігін, жұмысқа мойны жар бермейтін енжар, бар нәрсенің бәріне немқұрайлы, селқос қарайтынын байқадым».
Шоқан жер үстелде үюлі жатқан кітаптар мен жаңа ғана жазып болған қағаздарын алдынан сырып қойып, арқасын қазақ үйдің керегесіне тіреп отырып қалды. Көз алдынан Батыс Сібір мен қазақ даласын билеген патша шенеуніктері мен офицерлері бір кетпеді. Федор Достоевскийге жазған хаттарында орыс шенеуніктерін: «…Тәуелсіз Дешті Қыпшақ даласының кең жазирасында аздап байып алуды, қазақтарды тонап, олардың ақшасына өздерінің әйелдеріне жібек ленталы атлас көйлек тіктіруді ғана ойлайтынын» жеріне жеткізе сынап жазушы еді.
Ал, қазір бәрін тастап, Алтын Емел тауының бауы-рында жалғыз жатқан кезінде оны бөтен ой мазалайтын. Орыс офицерлері мен чиновниктерін Батыс Сібір мен Дешті Қыпшақ даласына жетектеп әкелген қандай мақсат, нендей ой?.. деп таң алдында оқыс сұрауға беріліп кеткенін өзі де аңғармай қалып еді. Батыс Сібір мен Дешті Қыпшақ даласы оңай олжаға құныққандар үшін, қулық пен озбырлық алаңы, тез байып құлқынын толтыру қамбасына айналды.
Шоқанның адал достарының бірі Сергей Капустиннің естелігінен бір үзінді келтірейік:
«Мұнда Астаналардан, Орталық Россиядан, онан Финляндия, Польша патшалығы, Қырым, Кавказ сияқты шет аймақтарынан жұрт ұдайы келіп жатты. Бұл далаға мансап іздеген, қаржы-қаражаттарын жөндегісі келген, бұрын нендей бір кесапат оқиғаларға қатысқан сұм-сұрқия адамдар жетуге асық болды».
Қазақ өлкесінің жоғары әкімшілік аппаратында Дюгамель, Фридрихс, Кройерустармен бірге патша өкіметінің қара ниетті пайдакүнем, қара бастың қамы мен ақшаны ғана көксеген арамзалар болды.
Құқықсыз өлкені сүліктей сорған патша жендеттері қазақтарға заңсыздық істеуден таймады, қызмет орындарын пайдаланып оларға қиянат жасады. Патша чиновниктерінің бар ұмтылысы жүгенсіз озбырлық пен көзсіз парақорлық болатын.
Бұл отаршылдық аппараттағы чиновниктердің қылмыстық әрекеттері туралы орыстың прогресшіл жазушылары мен ғалымдары жазудай жазған. Ол туралы күйікке толы Шоқанның хаттары да көп болатын.
Патшаның отаршылдық аппараты тудырған зұлымдыққа, заңсыздыққа, талаушылыққа, парақорлыққа қарсы Шоқан аянбай күресті.
Сол үшін де Дюгамель, Фридрихс, Кройерус, Кури Шоқанға қарсы ашық жауыздыққа шыққан. Аса талантты сұлтан Шоқан Шыңғысұлының ғылыми бастамаларына сол патша чиновниктері кедергі келтірулерін бір қоймаған. Қашқар экспедициясының тамаша жеңісін, орыс ориенталистикасындағы Шоқан ашқан ренассенстік жаңалықты олар жоққа шығаруға ұмтылды.
Атбасар округтік приказының аға сұлтаны болып сайлануына да осы патша чиновниктері бөгет жасаған болатын. Шоқанға патшаның жемір, қорқау чиновниктері де, дала тағылары да бірлесіп ашық күреске шыққанын жас сұлтан ешқашан ұмытпақ емес. Өз халқының санасыз пасық байларына жек көрініштікпен қарағанымен орыс офицерлерін еш кешпеуге ант еткен. Бұл Шоқанның адам сүйгіштік принципіне қарсы болатын. Бірақ, Шоқанда басқа жол жоқ еді.
Шоқанның ауыр ауруға шалдығуы, осы адам айтса нанғысыз офицерлердің қорлығына шыдай алмауы болатын. А.К.Гейнс 1865 жылы күнделігіне: «Бәрін тастап жалғыздыққа бой ұсұнса да, орыс офицерлері мен чиновниктерінің «Ашықтан ашық қорлауы, тобықтан қағуы… биылғы жылы Шоқанның түбіне жетті», – деп күйіне жазған болатын.
Ал, Көшен тоғанының түбіндегі аға сұлтан Тезек төренің ауылындағы, Албан руының бостандық сүйгіш рухы жанына да, тәніне де сіңіп болған кәдімгі адамдары, жас, ойлы сұлтан Шоқанды улап, өлтіріп тынды ғой, деген сөздері, сұлу Жетісу өлкесінен бүкіл түркі әлеміне әуелеп кеткен болатын. Шындықты айтуға шама жоқ еді. Ақиқат қашан да шабан қозғалады.
Ошақтағы от сөніпті. Үй іші салқын тартқанын Шоқан енді ғана сезді. Түйе жүн шекпенмен қымтана түскен Шоқан отқа бірнеше қи сынығын тастады. Салқын қымыздан бір-екі рет жұтты. Бірақ, ләззат ала алмады.
Патша чиновниктері Шоқанның Қашқарға барған сапарының мәнін жоғалтқысы келді. Бірақ, олар орталарынан Қашқарияны ашуға тәуекел ететін орыс ғалымын таба алмады. Шығыс Түркістанға орыс пен Европа ғалымдарына есік баяғыдан жабық болатын. Уәлихан төре белгілі географ Адольф Шлагинтвейттің басын шауып түсіріп, бастардан үйілген пирамида үстіне қойғанын Шоқан өз көзімен көрген. Өзі өлтірген адамдардың басынан пирамида жасаған адамды адам деуге болама деп Шоқан жиі ойлайтын.
Дюгамель мен Фридрихске Қашқарға бару қайда?! Кеуделеріне нан піскен, пасық патша чиновниктері қашқарлықтарды көрсе бұттарына сиіп жіберер. «Сібір суық, бірақ онда чиновниктер жылы тұрады», деген Достоевскийдің сөзі дәл осы тұста дәлме-дәл келіп Шоқан күліп жіберді.
Көппен жалғыз алысуға шама келмесін Шоқан енді ұққан. Шындық қанша қасиетті болғанымен, адасқанның алды жөн бола береді екен, әсіресе, уақыттың өзі соған себепкер боп тұрса амал бар ма?..
Орыс генералы Черняевпен теке-тіреске түскен, дала аристокрациясының ой-тілегін қабыл алмаған, туған-туыспен келіспеген Шоқан Алтын Емелге, аға сұлтан Тезек төренің ауылына, жыраққа кеткен. Туған өлкесі Сырымбет ылғи түсіне еніп, жүрегін сыздататын.
Менің ендігі бекінісім, соңғы қалауым Алтын Емел тауы болды деп ойлады Шоқан. Алдынан сырып тастаған ақ қағаздарды қайтадан алдына тартты. Ақ қағазға қадалып ұзақ отырып қалған. Туған елден бауыр жазып, Петербордан алыс кетіп, ауру меңдеген Шоқан шын жалғыз еді.
Ол өзін ойлаған жоқ, өлім барда қорқыныш жоқ, орындалмай қалған армандарын қимастықпен қинала ойлаудан бір таймаған. Ғұмыр келте болды. Сол ғұмырды қысқартуға өзі де септігін тигізді білем. Бәрі Тәңірдің қолында ғой…
Бұл дүниеде бақұлдасар жалғыз адамы әкесі еді. Әкеге айтар сөз де, ой да көп болатын. Соның бәрі жиылып келіп орны толмас өкінішке ауысты.
«…Қажыдым, әлсіредім, қан сөлім таусылды, құр сүйегім ғана қалды, кешікпей жарық дүниені де көрмейтін болам, оған енді ешқандай шара жоқ. Жетісуға келіп, сорлы Айсарыны елге алып қайтыңыз, оны өзіңіздің назарыңыздан, мархаббатты қамқорлығыңыздан шет қалдырмаңыз. Бұл менің ең соңғы хатым. Қош болыңыздар, баршаңызды да құшып, аймалаймын. Мұхаммед-Қанапия».
Бұл кезде көктемнің ерте таңы атып та қойып еді. Үй жинайтын әйел түндікті ашты. Шымылдық ішінен Айсары, жазу жазып отырған Шоқанға қимай қарап көзіне жас алды. Орнынан жылдам тұрып, Шоқанды құшақтап қасына отырды. Күйеуінің әлі кеткен денесі салқын еді.
– Шаршадыңыз ғой, мырзам.
– Жоқ, шаршағам жоқ.
– Не жазып жатырсыз?..
– Әкеммен қоштастым… Туған жұртым Сырымбетпен қоштастым.
Айсары үндеген жоқ. Бірақ, жүрегі тіксініп қалып еді.
– Шәй қойдырайын.
– Жоқ, жатам. Сәл мызғып алайын, Айсары.
– Қазір мен төсек саламын.
– Жоқ, әуре болма, осы жерге жата беремін. Түсте жылқыдан көк жорғаны алдырт.
Далаға шығамын… Қырға бірге шығайық. Сен де құла жорғаңды алдырт Айсары.
– Алдыртам, мырзам, алдыртам.
– Рахмет, қымбатты досым!..
Айсары жылы жымиып, тұрып қалды.
Алтын Емелге биыл көктем ерте келді. Шоқанға да сегіз қанат үй сәуірдің басында тігілген. Ауасы кең жылы үйді Шоқан ерекше ұнатушы еді.
Айсары ошаққа от жақтырды. Шоқанды көрпесімен өзі жылы қымтап жауып тысқа шықты.
Тал түс. Далада көк еркін көтеріліп-ақ кетіпті. Алтын Емел тауының етегінде қып-қызыл қызғалдақтар толысып жайнап тұр. Жылы желдің өтінде қызғалдақ басы әнтек қозғалғанда, бүкіл қып-қызыл алқап әдемі қозғалысқа түседі. Алтын Емел тауының басында ақ балақ бүркіт қалықтай ұшып жүр.
Шоқан Омбыдан туған елі Сырымбетке келгенде, әкесі оған он қанат үй тігетін. Қасына кісі ертпей жүрмейтін Шоқанның қонақтарына алты қанат үйді бөлек тіктіруші еді.
Шоқан Сырымбетке келгенде жас Сұлтанға сәлем береміз, деп келген адамдарда есеп болмайтын.Қобызшы Қанғожа, әншілер Көке, Шәкен, жыршы Кәрке Шоқанның қасынан табылатын.Таранғұлдың жағасында қобыз ойнайтын жас жігіт Төлепбергенді Шоқан өте жақсы көрген. Төлепберген мен әкесі Тулақ қобызшы бірлесіп қобыз ойнағанда Сырымбет тауының қойны-қонышы сыңсыған сиқыр үнге толып кетуші еді-ау.
Алтын Емелге келгенде де, Шоқанға Тезек төренің өзі Жетісудың ақын-жыршыларын, сөз ұстаған билерін, алты ай жазда жинап беріп отыратын. Қазақтың өлең-жырын жас ғалымның жазып алып отыруын жаны ұнатқан. «Өнері болмаған ел оңбайды», – дейтін көрінеді Тезек төре.
Алтын Емелдің биігінде енді екі ақбалақ бүркіт қанаттары күнге шағылысып еркін қалықтай ұшып жүр. Бұл атақты Маман құсбегінің бүркіттері. Шоқан Маманға еріп бір қыс аңға да шыққан.
Шіркін, Жетісудың жаннат жері-ай! Елі де асқан мейірлі, қонақжай. Берем десе Тәңір береді ау! Қыздары да Айсарыдай сұлу, ұландары да Мамандай апайтөс, ер тұлғалы, ақжарқын.
Түні бойы ой ойлаған, қағаз жазған Шоқан лезде талмаусырап ұйықтап кеткен.
Қайран Сырымбет, туған жер!.. Сені қайтып көруге жазар ма екен?… Әлде менің сүйегімді орыс патшасының қанқұйлы офицерлері мен чиновниктері ешкімге көрсетпей, қара жердің қойнына тығып тастай ма? Тезек төренің
ауылында бірнеше офицерлер біраз күн бұрын келіп қонақ болып жатыр деген. Олар Шоқанға келуге асықпады. Оларды көруге Шоқан да асыққан жоқ.
– Мырзам, жүр, далаға шық. Сені көк жорғаң тосып тұр, – деді Айсары.
– Сенің құла жорғаң қайда?
– Құла жорға да сені тосып тұр, мырзам!..
Шоқан қазақ үйдің кигіз есігін түре ашқанда, қарсы алдында ойқастап тұрған көк жорғаны көрді. Көк жорға иесін танып кісінеп берді. Тыпыршып бір орнында тұра алмай шыр айналды. Ерттеулі көк жорғаны көлденең тартқан бозбала Сәрсен жорғаның басына ие бола алар емес.
Құла жорғасының үстінде Айсары отыр. Ат қозғалған сайын сұлу жас келіншектің мойнындағы шолпысы мен құлағындағы күміс сырғасы сылдырлайды.
Күнде қазақ үйдің ішінде ғана көргендікі ме, Айсарының ақ құба өңі күн сәулесінде ерекше жарасым тауыпты. Қиғаш қара қасы мен аласы мол қап-қара көзі, аппақ жібек орамал астында ерекше сұлулық салтанатындай болып көрінеді. Айсары ұяң жымиып, Шоқанға алғыс толы жанарымен сүзіле қарайды.
– Кеттік, Айсары, кеттік!..
Көк жорға мен құла жорға Алтын Емел тауына қарай зулай төпеп барады. Сағым құшағына малынған Алтын Емел тауы дірілдей қозғалады. Енді қос жорға ат та, сағымға сіңіп алыстап кеткен.
Қып-қызыл қызғалдақ көмкерген дала соншама келісті, соншама тәкәппар сұлулыққа толы еді-ау.
Ал, Айсары мен Шоқан мінген қос жорға даланы дүбірлетіп алыстап кетіп барады. Алтын Емел тауы сағым құшағында билеп тұр. Қып-қызыл қызғалдақтар да қоса билеген.
Тек Шоқан ғана жер төсекте жансыз жатыр еді.
Көшен тоғанының түбіндегі Тезек төре ауылы қаралы болатын…
Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов 1865 жылдың жазында Сырымбеттен Алтын Емелге арнайы керуен жіберді. Сол керуен Айсарыны Сырымбетке алып қайтқан.
Алтын Емелдегі Шоқанның зиратының басына 16 жылдан соң ғана орыс офицерлері тас орнатты. Онда мынандай сөздер жазылған.
«Бұл жерде 1865 жылы дүниеден өткен штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың сүйегі жатыр. Түркістан генерал-губернаторы Кауфман I-нің тілегі бойынша бұл ескерткішті 1881 жылы Уәлихановтың ғылым саласында сіңірген еңбегінің құрметіне генерал-лейтенант Колпаковский орнатты».
Генерал-губернатор Екатеринбургте оюға шебер атақты орыс ісмеріне мәрмәр тасты қатесіз ойдырды. Мәрмәр тас Екатеринбургтен Омбыға, Омбыдан Семейге, Семейден Алтын Емелге ұзақ жол жүрді.
Мәрмәр тастағы жазудың соңында тағы екі жол жазу болған.
«Бұл құлпытас бәріміздің сүйіктіміз және құрметтіміз марқұм Шоқан Уәлихановқа қойылды» деген жан жүректен шыққан сөздерді Дешті Қыпшақ даласын басқарған парақор, жалақор, мес қарын орыс офицерлері мен чиновниктері өшіртіп тастаған.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өлсе де, қазақ өлкесіне иелік еткен орыс мерездері оған деген қанқұйлы жауыздығынан таймаған. Қанқұйлы жауыздық пен иттікке қызмет істейтін орыс империясының бұл мінезін көріп отырып, Шоқан бабамыз кімге қызмет істеген деп қиналамыз. Ал сонда, біздің байғұс бабаларымыз, неткен дөрекі, қанқұйлы империяның боданында болған деп жан түршіге ойлағанбыз.

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

(Алтын Емел, мамыр, 2005 жыл –
Алматы, ақпан, 2006 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар