Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстанның аралас жекпе-жек (MMA) федерациясының президенті Анатолий Ким жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, жерлесіміз Шавкат Рахмоновтың Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылған ММА M-Challenge 87 аралас жекпе-жегінде жеңіске жету сырымен бөлісті, сондай-ақ, соңғы кездері елімізде жастар арасында танымал бола бастаған осы спорт түрінің даму барысы туралы айтып берді.
Брифингте федерация президенті аталмыш спорт түрі туралы кеңінен әңгімелеп берді. Оның айтуынша, төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап ететін бұл спорт түріне деген жастардың қызығушылығы уақыт өткен сайын арта түсуде.
– Елімізде өркен жайғанына үш-төрт жылдың жүзі ғана өткен спорттың бұл түрінің соңғы кездері танымалдылығы артып, келешегінен үміт күттіретін мықты жас спортшылар өсіп келеді. Жыл сайын ұлттық құрама сапы жаңа спортшылармен толығуда. Оның ішінде кәсіпқойлар арасында жеңіліп көрмеген Әлем және Азия чемпионы Шавкат Рахмоновты ерекше атап өтуге болады. Он сегіз жасында чемпион болған оның әлемдік ММА-да өзінің алар орны бар. Оның жетістігі біз үшін үлкен мәртебе, әрі жастарға да үлгі-өнеге, – деді Анатолий Ким өз сөзінде.
Жақында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылған ММА M-Challenge 87 аралас жекпе-жек кешінде Шавкат Рахмонов әлем чемпионы белбеуі үшін өткен кездесуде грузин спортшысы Леван Солодовниковты жеңген болатын. Жерлесіміз «үш бұрыш» қылқындыру әдісімен қарсыласын берілуге мәжбүрледі. Бұл кездесуде басынан бастап Шавкат айқын басымдылық танытты. Қарсыласын текдаун және партерге жығып, соққының астына алды. Алайда, қарсыласы да оңай беріле салатын спортшы емес. Жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Екінші раунд аяқталуға 20 секунд қалған кезде, Шавкат қарсыласына «үш бұрыш» қылқындыру әдісін қолданып, жеңіске жетті.
– Мен рэйджге шықпағалы бір жарым жыл болды. Леван мықты спортшы, сондықтан, жеңіс оңайға соқпады. Енді осымен тоқтап қалмаймын, M-1 Global чемпиондық белбеу үшін кездесулерімді жалғастыра беретін боламын, – деді Шавкат Рахмонов.
Сонымен қатар, брифингте Анатолий Ким ұлттық құраманың Әлем және Азия бойынша үздіктер қатарында екенін айта келе, жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға және шымырлылыққа үйрететін бұл спортқа шенеуніктер тарапынан қолдау қажеттігін атап өтті.
– Мемлекет тарапынан қолдау, көмек жоқ емес, бар. Бірақ та, ол қажетті көлемде болмай тұр. Сондықтан, ойлаған жоспарларымызды толық іске асыра алмай отырмыз. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз мемлекеттен көмек сұрау емес, осы спорт түрін кеңінен насихаттап, дамыту болып табылады, – деп атап өтті федерация президенті өз сөзінде.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Ақмола облысы MMA федерациясының президенті Ерлан Бөтембаев және MMA бойынша Әлем және Азия чемпионы Шавкат Рахмонов осы спорт түріне қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, жоспарларымен бөлісті. Әсіресе, Шавкат өзінің алдағы сайыстарына дайындығын қазірден бастап кеткен көрінеді. Алайда, әзірге оның кіммен және қашан шаршы алаңға шығатыны белгісіз. Спортшы өзіне әлеуетті қарсылас кезігіп жатса, онымен кез-келген уақытта айқасуға дайын екенін жеткізді.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер өңірде осы спорт түрінің дамуы мен келешегі туралы сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Аслан Оспанов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.