Сезімсіз қалып бара жатқан мына айнала тіршіліктің салқынына ұрына бастаған көңіл шіркіннің бір серпіліп, бір сергіп қалғаны да осы болды. Біраздан бері жансыздана бастаған сол көңіл шіркіннің шаттанып, шалқи жөнелгенін де қайтерсіз?! Жүрегім оянды! Жаным сергіді! Шалқып бір сөйлегенім де сол еді сол жолы! «Үн қатшы көңілім!» деп ұйықтап қалған сана түпкіріндегі сезімімді қаншалықты шақырғаныммен ол құрғырың селт етпей, ой сергелдеңіне ұшыраған сол бір тұста лап етіп, тұтанғаным да сол болды.
Анада, иә… сол бір көңіл пернесін дір еткізген кеште, белгілі де атақты композитор әрі өнер зерттеушісі Илия Жақановтың «Дүние шіркін…» деп аталатын эссе-элегия кітабының тұсаукесер таныстырылымында сахнаға шығып, пікір білдіргенімде шалқыған көңіл күйінің шарықтаған шабытымен біразға дейін асқақтап та жүрдім. Бұл ненің құдіреті дер болсам, бұл ән мен күйдің және де менің қос ағаларым, өзімнің өмірлік ұстазым Мырзатай Жолдасбеков пен ән көңілдің ажары Илия Жақанов сынды тамаша адамдардың бір- бірлеріне деген сыйластықтары мен бір-бірлерінің жан дүниелерін тани білген, бір-бірлерін бағалай білген, бір-бірлерін даралай да, биіктете білген асыл адами қасиеттерінің құдіреті еді.
«Дүние шіркіннің…» тұсаукесер таныстырылымы сол кезде туғанына сексен жыл толған Илия Жақановтың мерейтойымен тұспа-тұс келсе де, жаны жайсаң Илия ағамыз «бүгінгі кеш Мырзекеңнің кеші» деп айтудан бір танбаса, сұңғыла Мырзатай ағам «бүгінгі кеш Илияның кеші, ән кеші» деумен болды. Апыр-ай, қызғаныштың қызыл сойылын соғып, қос жүйрігін мәреге қатар жеткізбейтін қазақта да дәл мынандай ірілік танытар мінез бен қасиет қалған екен-ау деген пендешілік бір оймен сахнаға шығып, «домбыраның қос ішегін қатар шертпей ән айтуға да, күй тартуға да болмайтыны сияқты, бүгінгі кешті Мырзатай ағамыз бен Илия ағамыздың есімдері қатар аталар, қос жүректің аңсарлы ән кеші деуіміз керек. Бүгінгі кеште сол қос жүрек қатар сөйлеп, сол қос жүрек қатар ән салып тұрғандай әсердеміз» деп кесімді пікір айтып, көңіл шіркіннің тиегін ағытып едім.
Әлқисса, әуелгі сөз Илия Жақановтың «Дүние шіркін…» эссе-элегия кітабы мен Мырзатай ағамыздың «Дүние шіркін…» атты ойлы көңілдің ойлы да ғажайып бір әні хақында болсын да, өмірге, сол өмірдің жалғандығы мен жасандылығына, бағы мен бақсыздығына, сол бақ пен тақ таласты баянсыздығына қарамастан осы бір ғана кітап та, осы бір ғана ән де тағы да сол өмірдің ақтығы мен пәктігін жүрек тілімен айту үшін домбыраның қос ішегіндей күмбір қаққан сол қос жүректің іңкәрлі әуенін қосып, жан дүниеңді тербеп те көңіліңді сезім бесігіне салып тербетер де құдіретін сезіндіре алғандығын айтар едік.
Ән өмір! Адам жаны ән мен күйден тұрады. Адамның баласын әнмен есті де, есер де қылуға болады. Ән сол адам баласының ішкі жан дүниесінің айнасы, жүрек тазалығы мен ақыл-парасатының және де ой-ниетінің өлшемі, сезім тербелісі мен көңіл-күйінің құдіретті құбылысы! Ән өткен өміріңмен табыстырады, сағынышыңды басады. Ән келер күндеріңе ынтықтырады. Ән көңіліңнің кірін аршиды, тазалайды, үмітіңді оятады. Ғашық қылады. Ән Адамның өзі! Көңілдің күйі! Әрине, мына дүние жайын ән болып сөйлету үшін жүрек таза болуы керек. Ниет адал болуы керек. Нәзік жаның болуы керек. Сол дүние құдіреттің жақсылығы мен сұлулығын ғана көре білетін, соларды ғана тани білетін сезім керек. Мына дүниенің кез келген адам баласының сезіне алмас тылсым сырларын сезіне білген сезім ән әуеніне де тыңдаған жанның көңіл-күйін жайландыратын ақыл мен парасат керек. Ең абзалы, жүрек… жүрек керек!
Осы бір ойды Мырзағамның «Дүние шіркін…» әнінің ырғағы айтқандай болары бар. Осы бір ойды Илия ағамның әр әнінің әуені қайталап тұрары да бар. Қос жүрек мына дүниенің аңсарлы әнін мына жарық әлемге қосарлана жеткізгісі келгендей сезінемін. Сол сәтте бүгінгі есер дүниенің ессіз әуені еліктіріп те желіктіріп те бара жатқан мына даңғазалы дүниенің есті әні мен есті жанын танып аларлар бар ма екен, қалды ма екен өзі деп алаңдарың да бар. Сол сәтте тамағым бар, қарыным тоқ болса да, жаным жүдейді… Құрманғазының «Серпер» күйіне селт етпейтіндер, Ақан серінің «Қара торғай» әнінің әуенінен адам баласының қайғысы мен қасіретін тани алмайтындар, Моцарттың «Айлы түн» сонатасын санасымен қабылдай бермейтіндер мен Шопеннің «Ақ жауын» вальсінің тәттілігін сезіне білмейтіндер ән жазып, ән айтып жүрген мына заманда ендігінің дүниесінен де, ендігінің әнінен де безінгің келері де бар.
Дәурен өтіп барады қарайламай,
Құбылады күн сайын қалай-қалай!
Сенің алтын сәулеңе не жетеді,
Жарқылдаған тіршілік шарайнадай, – деген Мырзатай ағамның «Дүние шіркін…» әнінің айтар осы бір ой дүниесінің әуенінде сол дүние шіркінге деген адам баласының іңкәрлігі мен махаббаты, сүйінісі мен күйініші, сүйіспеншілігі мен ынтызарлығы, әлдебір өкініші мен тәтті бір сағынышы жатыр. Бәлкім, Мырзатай ағаның осы әні жайында Илия Жақановтың: «Дүние шіркін…» әні әлгі бір тылсым тұңғиық ойдан елең еткізіп, бір ертегі дүниесіндей жайнаған таңғажайып дүниеге мені жетелей жөнеледі», – деп ой тербеуінде кез келгеніміз тани бермейтін, тіпті тани да ала алмайтын керемет бір тылсым әуенді сыр жатқан болар.
Бәлкім, меніңше, Мырзағамның осы бір «Дүние шіркін…» әнінде немістің ұлы ақыны Гетеден орыстың ұлы ақыны Лермонтов аударған «Горные вершины спять во тьме ночной» деп басталар ғажайып жырын қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударған және де сол жырды соған пара-пар әнге салған, ән емес-ау, көңіл ырғағына, жүрек тебіренісі мен тербелісіне салған торыққан жан сезімінің дәл сол Абай күйі жатқандығын аңдар едік. Ойлылардың өмір толқыны мен көңіл толқыны бұл!..
О, Сіз ақын Жұбан Молдағалиевтің өлеңіне жазылған Илия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін білесіз бе?! Осы әнді білсеңіз, әнші болмасаңыз да, сол әнді айтып көріңізші.
Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Емізеді егіз Еділ мен Жайық, – деп басталар осы бір әннің ән әуені тап-таза, мөп-мөлдір, сезімнің нәзік бір ырғағымен тербеле басталады да, сол жүрек тербелісінің үні онан әрі ән болып жүректің өзінен- өзі шығып, өзінен-өзі төгіле береді, төгіле береді. Сол сәтте дүние шіркінің кеңіп сала берерін де, сол дүние шіркіннің жылып сала берерін де сезінеріңіз бар. Қамығып жүрген көңіліңізді қуаныш кернеп, жабығып жүрген жаныңыз жадырайды. Дүние мүлгиді! Тылсым табиғаттың өзі де үнсіз мүлгиді. Сол мүлгіген дүниенің құшағында бір өзің жалғыз қалып тұрғандайсың!
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербеледі кеме, ойнайды қайық, – деген көңіл ырқына көнбей кетіп бара жатқан ән әуенін «а…а…а…а…а…ай…» деген кең тынысыңызбен бір қайырып алып:
Ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық!, – деп шалқи төгілген ән сезімді сабырлы сабасына бір түсіріп алып, теңіздей толқып, тербелген дүние бесігінде ғана болар жан тыныштығының тәтті бір дәмін сезінесіз де, сол таза да тәтті сол жүрек әуенінің көңіл құсын кеудеңізге қайра бір қондырасыз да, әнмен бірге әуелей бересіз, әуелей бересіз!..
Осы бір «Еділ мен Жайық» әні арқылы Илия Жақанов бүкіл бір тұтас дүниені өз жүрегінің бесігіне салып тербейді, әлдилейді, аялайды. Сол сәтте мұндай құдіреттің қайнар көзі қайда жатыр екен деп те ойланарыңыз бар. Әлбетте, өмір толқыны мен көңіл толқынының қилы сәттерінің ғажайып бір әсерімен жүрек шіркіннің ән болып соғар тербеліс үнін ақ қағазға, нотаға түсіре білген адам баласының осы бір тамаша білімдарлығына шексіз разы боларыңыз да бар.
Сол ақ қағазды нотаға түскен Илия Жақанов әндерінің барлығы да әйтеуір ән жазу үшін күшеніп шыққан көмескі дүниелер емес, композитордың көңіл толқынының ғажайып үні мен адам баласының жан дүниесінің сырлы сезімінен сығылып алынған тәтті бір бал әуені. Бұл арада Илия ағаның «Жайлаукөл кештері», «Әсел», «Даниярдың әні» сияқты адам жанының сол бал әуенін шертер әндері қай кезде болмасын, қай заманаларда болмасын адам жүрегінің түпкіріндегі тұнық бұлақ болып мөлдіреп қала берері анық. Міне, Мырзаға мен Илия Жақанов жүрек түпкірлеріндегі жан тазалықтарындай сол мөлдір бұлақ екеуара ән мен жан ұқсастықтары «Дүние шіркін..» болып бірін-бірі толықтырып та, тамсандырып та тұрғаны сол!
Осы бір ауыз пікірімізді жандандырып, қуаттандыра түсу үшін ақын Фаризаның «Ал, аға… мен көлгірсуді білмеймін, сіздің ән дүниеңіз маған толық аян, ал, мына Мырзатай ағамыздың… қалай десем екен…ім… бір ғана «Дүние шіркін» деп аталатын әніне әлгі шіркіндердің менің өлеңдеріме жазған қыруар әндерін шалып жіберсем, өкінбес ем», – деген адал сыры Илия Жақановтың айтуымен, қағазға түсірілуімен «Дүние шіркін…» кітабының беттері арқылы (15-ші бет) бізге жетіп отыр. Және де өлмес сөз болып қалып отыр. Саф алтынды тани білерліктей қасиетімен шынайы өнердің, соның ішінде қос бірдей талант иелері Мырзатай Жолдасбеков пен Илия Жақанов шығармашылықтарының қасиетін Фариза Оңғарсынова сынды табиғи тазалықтың адамы тани отырып, айтып кеткен болса, бұл бағаның өлмес мұраға берілген өлмес бағасы деп қабылдарымыз да анық.
Алайда… иә, алайда… бар саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, зерделеуге, түрік дүниесін түгендеуге арнап келе жатқан ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбековтің жан дүниесі мен жан жүрегі осы «Дүние шіркін» ән күйін неге шертті екен деп ойланарың да бар. Әрине, ән жазып тарихта қалғысы келмегендігі, болмаса бір мақтанды абыройды иеленгісі келмегендігі де басы ашық мәселе. Осы бір ой сауалына Илия Жақановтың өзі Мырзағаның бір әңгімесінен жауап алғандай болады.
«Адам рухани аштықты көтере алмайды. Адамның дәрмені, жан жүрегінің қуаты – Музыка! Сұлулық әлемі! Соны сезініп, танып-білуге, содан ләззат алуға ынтық болдық. Біз сол тәрбиемен өсіп-жетіліппіз, – деген Мырзатай Жолдасбековтің осы бір ауыз көңіл сырында «Дүние шіркіннің» дүниеге келгендігінің бар сыры мен бар ақиқаты жатқандығын ұғынып едік. Ендеше Мырзағамыздың «Дүние шіркін» әнін сол дүниенің кеңдігі мен кеңістігіндегі адам баласының мына өмірге деген жан құштарлығы мен жүрек лүпілі деп таныр едік. Сұлулыққа деген іңкәрлік те, дүниеге деген наз да, өмірге деген махаббат та осы әнде бар жарасымын тапқан. Сол жарасымдылықты айта отырып, ән құдіретіне қайран қалар едік. Ән өмірдің де, адамның да өзі дегеніміз осы арада бекер болып шықпасы және де бар.
Адам баласының жабыққан да қамыққан һәм торыққан жан дүниесін ән тазартып, ашар еді. Кешегі Рабиға Есімжанова мен Рахия Қойшыбаева, Ләззат Сүйіндікова мен Ермек Серкебаев, ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Роза Бағланова, Жамал Омарова сынды періштелердің сұлу да тап-таза ән-үндері кең даланың саумал самалындай көкірегіңді ашар еді. Мырзаға мен Илия ағаның жан түйсіктері сол бір сұлулықты аңсай ма деген ой қалды. Өйткені, аңсарлы қос жүректің әуенін зерделей отырып, осы бір тамаша жандарға тән ортақ бір қасиетті, олардың жан мен ар тазалықтарын, өмірге құштарлықтары мен сүйіспеншіліктерін таныр едіңіз.
Алтынмен торың апталған,
Өзегің толы өкініш, – деген Мырзатай ағаның «Тотықұс» әні, болмаса:
Қыз дәурен-қызыл бүлдірген,
Өтерін жаздың білдірген,
Ойнақтап жүрген Ботаның,
Кетерін ұзап кім білген?!, – деген «Қыз дәурен Ақбота» әнінің де өмір аңсарлығы мен көңіл ашарлық қасиетін Илия Жақанов осы «Дүние шіркін…» кітабында «ұлы тіршілік кеңістігін аңсаған бұла көңілдің сағынышы, аңсауы боп жүрек пернесін сыздата шертті» деп бір түйсе, сонан соң «тыңдаушысын терең толғанысқа, тебіреніске түсіреді» деп қайыра бір ой пысықтап, Жолдасбековтің композиторлық қасиеті мен оның әндері мен күйлерінің кеңістігі жайында кеңінен пішілген пікірлерін Мырзағаңның әндері мен күйлерінің әуен ырғақтарымен дәлелдей сөйлейді.
«Жүрегімнің түбіне терең бойла…» деген Абай хакімнің үнімен үндес тақырыпты эссесінде Илия Жақанов «Қосбасар» – қазақтың күй өнеріндегі классикалық ойлы жүрекпен толғап, оның табиғатын, күрделі құрылысы мен шертіс мәнерін толық игеріп, берік сақтаған Мырзатайдың құпиясы тұңғиық композиторлық ампуласын аша түсетін соны туынды, – деп бағасын берсе, «Ойтолғау» – адам көңілінің экстазы, қиял қозғайтын шарықтауы… «Қосбасар» да, «Ойтолғау» да қилы-қилы тарих хикаяларын тілсіз шертетін жан жүректің үні!», – деп сырын ашса, осы бір қос пікірді қос таланттың бірін-бірі тани алған алғыр көңілдерінің алғы сөздері деп білсек етті.
Ендігі бір әлқисса, Илия ағамыздың «Мырзатайдың композиторлық бет-бейнесі – бар құпиясын ішке бүккен тұңғиық сыр. Тылсым құбылыс», – деп айта отырып, сол ән мен күй тұнған Мырзатай Жолдасбековтің жан сарайына туа қонған сол композиторлық қасиеттің тамырын тапқысы бар, өзегін көргісі бар, арқауын ажыратқысы бар зерттеуіне ойысар болсақ, бұл арада да келісуге әбден тұрарлық кесімді ойлар бар. Осы арада Илия Жақанов өзінің «Дүние шіркін…» кітабында «Ән қонған ауыл» атты кесек бір дүниесінде әңгімені әріден Шоқан тарихынан, ол өскен орта хақында айтқан ғұлама Әлкей Марғұланның дәйекті сөздерін келтіре отырып, әңгіме желісін Мырзағаның туып-өскен ауылы қарт Қаратаудың қойнауындағы Ақтөбеге әкеліп тірейді де, сол төңіректің топырағы мен адамдарының қасиеті жайында тереңінен сыр айтады. Ақтөбе ән қонған көп ауылдың бірі ғана болса, сол ауылдың тумасы Мырзатай Жолдасбеков «өз кезінің феномені дерлік ірі тұлғаға айналған ғұлама!» деген Илия Жақановтың осы бір пікірінің астына біз де қолымыз қалтырамастан қол қояр едік.
Өмірлік жыр мен өмірлік сырдың қос пернесін қатар шертер «Дүние шіркін…» Мырзатай Жолдасбеков пен Илия Жақанов сынды саф алтындай таза таланттардың мына бүгінгі күні дарынымен емес, кеудемсоқты құр даңғазасымен, әдебиетте де, мәдениетте де, өмір мен ән сахнасында бұрын-соңды өзінен басқа өзге ешкім болмағандай сезініп жүрген кейбір «болмай жатып болғандар мен толмай жатып толғандар» үшін сабақ әрі өнеге болса етті деп ой кешерің бар. Илия ағамыздың осы кітабындағы «Тотықұс» пен «Дүние шіркін» эсселері Мырзағаның осы аттас әндерінің шығу жайын ғана баяндап қоймайды, сонымен қатар, ән туар жүрек пен ән туғызар адамның жан дүниесін зерделеуімен де бағасының арта түсері бар. «Дүние шіркін» – ғажап ән. Бүгінгі жастар ондай ән шығара алмайды», – деп Илия ағаның көңілге қонымды осы бір пікірі Мырзатай ағамыздың қайталанбас жан дүниесінің жарқ етер айнасындай сезілгені бар. Талант пен адам таныған жанның адал көңілінің сөзі бұл!
Тағы да бір айтар сөз Илия ағамыздың «Бес әннің хикаясы» атты көңіл сырында Мырзатай Жолдасбековтің «Атанғаным Мырзатай ел арқасы», «Қыз дәурен Ақбота», «Бәйтерек», « Шіркін дәурен», «Сен болмасаң» атты осы бір жүрек қылын шерте түсер әуенді де сазды әндердің дүниеге келу сырын баяндай отырып, осы бір әндердің ішкі бір иірімдерін де дөп басып тани алған зерделіліктің де таң қалдырары бар. Әуенді әулие әннің әлдиімен тербелер мына дүниенің тал бесігіндегі адам өмірі мен тағдырының, адам жанының мұңы мен қуанышын, сағынышы мен аңсарын аңдап тұрар композитор сезімі мен жүрек лүпіліндегі ноталарды да кез келгеніміз айырып, ажыратып әрі танып оқи да алмасымыз анық жай да, соған сай композитор Илия Жақанов өз кейіпкері Мырзатай Жолдасбеков сынды тылсым сырлы бір жан иесінің «жүрек лүпіліндегі ноталарын» мына сіз бен бізге таратып айта білгендігі үшін бас иіп, қол соғайық! Өйткені, Мырзаға сынды қасиеті мол адамның терең ойы мен сезімін, жан толғанысы мен тебіренісін, сыршылдығы мол жүрек үнін кім көрінгеннің құлақ түріп ести де алмасы, зер салып бойлай алмасы да, қат-қабат жатқан жан әлеміндегі жан сырын түсіне алмасы да анық. Мырзатай Жолдасбековтің сол қат-қабат жан әлеміндегі жан сырын ашып айта білу үшін де ең әуелі Илия Жақановтың «Еділ мен Жайығындай» ән келтіруің керек дүниеге!
Дүние шіркін!.. Сен ән екенсің-ау!..
Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Елдің сөзін ұстайтын ертеңіне елеңдеп, бүгінін таразылайтын, кішіге аға, үлкенге тілекші болатын азаматтарымыз санаулы.
Солардың бірі, әрі бірегейі – Мырзатай Жолдасбеков – елімізде де, шетелде де белгілі қайраткер, Президенттік мәдениет орталығының директоры, көрнекті түркітанушы ғалым. Тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыруға қомақты үлес қосқан дипломат. Ұлтының болашағы мен еліміздің келешегі үшін барын да, жанын да аямай жүрген елжанды азамат. Қазақ руханиятының желеп-жебеушісі, мемлекетшіл тұлға! Бұл кісі айтқан сөз жерде қалмайды. Анық білетініміз ағаның шын мәнінде елін, ұлтын, мемлекетіміздің тұтқасы – Елбасын жан дүниесімен жақсы көретіні.
Өзіміз де жаңадан жолға шығар болсақ, халыққа қаратып сөз айтар кезде – ағасы бардың жағасы бар деп, – Мырзатай ағаны табамыз. Күндей күлімсіреген шуағына шомыламыз, әріден тартып сөйлеген сөзіне тәнті боламыз.
Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ.
Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Асылдарын алдымызға тосқан тұста, ірі ғалым, ойшыл азамат, қоғам қайраткері, еліміздің рухани көсемдерінің бірі ретінде хас өнерге деген үлкен құрмет пен тағзымды халқы мен билеуші топтың алдына байсалды пиғылмен тартқанға ұқсайды. Өнерін ардақтап өткен халық ешқашан өлмейді. Өйткені, өнер – өмір жыршысы, халқының ары мен ұяты.
Роллан Сейсенбаев.