Қайраткер ғалым

Уақыт ағыны жылдам, ұшқыр, қым-қуыт. Бүгінгі адамдар, оқиғалар тасқыны ертең тарихқа айналады. Бүгінгі шындық, құндылықтардың ертең парқы өзгереді. Басқаша байлам, бағамдар орнығады. Ештеңе де өзгеріссіз қалмайды. Әлмисақтан бергі тіршілік заңдылығы осындай. Өмір жолы тайғақ, тұрлаусыз.

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жоқ,
Иілтіп екі басын ұстаған хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ, –
демеп пе еді ұлы Абай.
Жалын ұстатпас уақыт атты ұлы көште біреулер жығылады, біреулер алға ұмтылады. Алаш баласы да уақыт атты көштің тайғақ, бұдырлы жолдарында ылдилап еңіске түсті. Бірақ, құлаған жоқ. Қайтадан еңсесін тіктеп, алға ұмтылды. Тәңір алқады, жаратушы ие қолдап, демеді. Бойдағы күш-қайрат пен рух сарқылмады. Иә, уақыт ұлы күш! Ұлы емші! Санадағы жарықшақ пен жүректегі жараны да емдеп жазады. Кей уақтарда сырқырап, мазаны алатыны болмаса.
Кешегі мен бүгінгі. Бүгінгі мен кешегі. Осы екі кеңістік рухани арқаулармен байланысып жатыр. Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінгісіз ертең жоқ. Рухани сабақтастық жібін үздірмес тұлғалар болады тарихта. Әмәнда ол тұлғалар халықтың жүрегінде, көңіл төрінде. Алдыңғы елім деп еңіреген үлкен буынның ізін жалғап Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали өтті өмірден. Бүгіндері сол көне мен жаңаның арасын жалғап, киелі өнеріміз бен әдебиетіміздің жоғын жоқтап, шырақшы болып жүрген абзал азамат, абыз ақсақалдарымыздың бірі – Мырзакең, Мырзатай Жолдасбеков. Сексеннің сеңгіріне шыққан, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков руханият көшінің алдыңғы легінде. Адымы ширақ, серпіні қуатты. Мырзатай ағамыз еліне алғаш ғалым ретінде танылды.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Мырзатай Жолдасбеков ағасы жөнінде мынадай пікір білдіріпті: «Мырзакең жас кезінің өзінде әдебиет зерттеушісі ретінде еңбек етіп, еліне танылды. Оның көне түрік жазбаларының, асыл қазына – ауыз әдебиетінің тарихын тереңнен толғап, түпнұсқаға шұқшиып жазған салиқалы еңбектері қазақ оқушысын ешқашан бейжай қалдырған емес. Бейжай қалдыру былай тұрсын, ұлттық сана қалыптастыруға орасан көп үлес қосты. Күлтегін, Білге Қаған, Естеми Қаған, Тоныкөк ескерткіштерінің көне жазбаларының мұрасын қазақ мәдениетінің алтын қорына қосуға білікті еңбек етті. Осы бағыттағы ұзақ жылдарғы ізденісі «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» деген қомақты еңбекпен мәртебеленді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын, драматург Нұрлан Оразалин Мырзатай Жолдасбековтың ғалымдық қыры жөнінде «Мұхтар Әуезовтың шәкірті болған ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілік етуімен сына таспен қашалып жазылған, қазақ үшін қасиетті саналатын көне жәдігер Орхон – Енисей жазуларын зерттеу ісіне алғаш болып түрен салып, қазақ халқының, әдебиетінің мыңдаған жылдық тарихын кеңестік билікке дәлелдеп берген Мырзатай Жолдасбеков ағамыз қандай мақтауға да лайық. Мырзакең Сүйінбай, Жамбыл, Кенен туындылары арқылы қазақ ауыз әдебиетінің сол кезеңдері туралы да үлкен зерттеу жүргізіп қана қоймай, әдебиетімізді, ұлтымыздың ұлы тарихын зерттеу ісін алға сүйрей білген ғалым», – деп жылы лебіз білдіріпті.
Қазақтың белгілі прозашысы, атақты қаламгер, зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин өзінің ғылымдағы әріптес ағасы жөнінде өмірбаяндық «Мен» атты роман-хамсасында мынадай пікір білдіріпті: «Мырзатай Жолдасбеков менен екі-үш жас үлкен, университетті де бұрын бітірді, Бейсекеңнің қолдауымен кафедрада бірден қалып, төрт-бес жылдай оқытушы болды, былтыр аспирантураға тазалай көшкен еді. Бидағатты, тиянақты жігіт көрінген. Әзірше ескі әдебиетті танып, тексере зерделеу кезеңінде жүрген сияқты, әйтеуір, бұдан бұрынғы бір аспиранттай, бойын үрейге алдырмаған, қараңғыдан кері шегінбей, қадарынша жұмыс жасап жатқаны байқалған», – деп сол алмағайып қиын кезеңдегі жас ғалымның күш-қуатына, зердесіне үлкен сенім білдіріпті. Бұл сол кездегі қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен корифейі Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиет тарихын дәуірлеуге байланысты, оның тарихын ілгері жылжытуға байланысты шәкірттеріне үлкен тапсырма беріп, сенім, үміт артқан кезі еді. Бейсекең әдебиет тарихының әрбір кезеңіне қатысты шәкірттеріне тақырып бөліп, үлкен ғылыми мақсат көздеп еді. Бейсекең ежелгі түркі дәуіріндегі әдеби мұраларды шәкірті Мырзатай Жолдасбековке, Алтын Орда дәуіріндегі әдеби мұраларды Алма Қыраубаеваға, Қазақ хандығы дәуіріндегі әдеби мұраларды
Мұхтар Мағауинге, жиырмасыншы ғасыр басындағы әдеби мұраларды
аспирант Рымғали Нұрғалиевке тапсырып, қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуді көкжиегін кеңейте түсетін үлкен ғылыми жоспар,
мақсат ұстанып еді.
Енді біз Мырзакеңнің оқытушылық, ғылыми, қоғамдық қызметтеріне тоқтала кетсек. Мырзатай Жолдасбеков 1960-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында
ассистент, 1964-1967 жылдары аспирант, 1970-1974 жылдары аға оқытушы, доцент, 1974-1977 жылдары филология факультетінің деканы болды. 1977-1978 жылдары Талдықорған педагогика институтының ректоры, 1987-1988 жылдары Қазақстанның оқу министрі, білім министрінің бірінші орынбасары, 1988-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1990 жылдары Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, 1993-1997 жылдары Қазақстан Республикасының Ирак Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі жанындағы Дипломатиялық Академияның ректоры қызметтерін атқарды. 2000-2006 жылдары Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры болды. Мырзатай Жолдасбеков қазақ әдебиетінің алғаш қайнар бастаулары болып табылатын көне түркі әдеби жазба жәдігерліктерін, ХХ ғасыр Гомері атанған жыр сүлейі Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосты. Елі үшін еткен еңбегі ескеріліп, «Халықтар достығы», «Құрмет» ордені, Қазақстан Республикасының 1 дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. Ғалым қаламынан «V–XIV ғасырлардағы көне әдебиет нұсқалары». «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Асыл арналар», «Күлтегін», «Тоқсан толғау» (Н.Төреқұловпен бірге), «Жүз жыл жырланған жүрек», «Асыл сөздің атасы», «Ел тағдыры – ер тағдыры» сияқты шығармалар туған.
Көпті көрген, білгені, түйгені мол абыз тұлға Мырзакең өзінің өмірден көргенін, түйгенін, білгенін, көкірек сарайындағы жан сырын күнделік беттерінде сөйлеткен сыршыл жан. Ақылға да сезімге де бай, кенен ойға жүйрік тұлғаның жан сыры, жан сезімі. Мырзакеңнің 1993-1996 жылдар арасын қамтитын күнделіктері «Елшінің күнделігінен» деген атпен 1997 жылы «Ел тағдыры – ер тағдыры» дейтін кітабында жарияланған болатын. Бұдан кейін «Күндерімнің куәсі», «Күнделік сөйлейді» деп аталатын күнделік кітаптары жарық көрді.
Күнделік беттерінде Мырзакең ел тарихы, ел тағдыры, тәуелсіздік тағылымы, заман, қоғам, адам туралы, өмір, адамгершілік, кісілік туралы, жер, дін, тіл туралы терең тебіренеді, оқушысымен сырласады, ой бөліседі, ғибратты, өнегелі сөздерімен жөн-жоба сілтейді. Болашаққа ой жібереді, ұлт тағдыры жөніндегі көкейкесті пікірлерін ортаға салады. Тек қана ғалым емес, парасатты қоғам қайраткері, тарлан саясаткер Мырзатай Жолдасбеков қоғамдық мәселе, мемлекеттік мүдде, адамгершілік, кісілік туралы толғамды ойларын «Кісілік кітабы…» атты кітабында ортаға салыпты. Кітап жөнінде белгілі жазушы Смағұл Елубай: «Бойына Тоныкөк бабамыздың тектілігі қонған, болмысынан тәуелсіздіктің Тоныкөгіндей болған Мырзағаңның тәуелсіздік жайлы толғаулы сөздері, жұрт көкейіндегі мәселелерді тап басып айтып, дер кезінде көтере білген, көреген ойлары енген «Кісілік кітабы» – болашаққа аманат болып жететін, тәуелсіз Қазақстанның рухын, мақсаты мен мұратын, халық даналығын әдемі әдеби тілмен жеткізген кітап», – деп жылы пікір білдіріпті.
Мырзатай ағамыз тек қана білікті ғалым, парасатты қоғам, мемлекет қайраткері ғана емес, көкірегінде ән мен күй күмбірлеген үлкен өнер иесі, талантты сазгер адам. Ол кісінің «Ой толғау», «Қосбасар», «Дүние шіркін…» секілді әндері мен күйлерін жұртшылық жылы қабылдап, талантты әншілер мен күйшілер үлкен сахналарда орындап жүр. Осындай үлкен шығармашылық толғаныстан туған авторлық ән-күйлері енген «Дүние шіркін…» атты кітабы арқылы жұртшылық Мырзакеңнің жұрт көп біле бермейтін композиторлық қырына, ән мен күй өнеріне қосқан өзіндік үлесіне көз жеткізеді, қанығады. Қазақ атам айтатын «Сегіз қырлы, бір сырлы» қасиет Мырзакеңе де тән.
Мырзатай ағамыз осындай көп қырлы болмысымен, әмбебап қасиетімен жұртына сыйлы болған, еліне қадірі артқан, абыройлы биіктерге көтерілген. Түркі жұртының абыз қариясы Тоныкөк сияқты Мырзакең де елі, жұрты, ұлты үшін түн ұйқысын төрт бөліп, «күндіз отырмады, түнде ұйықтамады». «Едігедей ел қамын жеген» тіршіліктің соңында болды. Еліміздің қиын-қыстау кезеңдерінде «кәтепті қара нардай» үлкен іс тындырды. Бабалар алдындағы парызын, міндетін перзенттік зор жауапкершілікпен орындады. Сөз соңында «алтынды тонның жағасы, болат шеге тағасы» ағамызға алдағы уақытта зор денсаулық, шаңырағына береке-ынтымақ, шығармашылық үлкен табыстар тілейміз!

 

Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

Мырзатайға

Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,
Жігітсің сөзге шешен, тілің майда.
Қормалы қорғаушы боп ақындарға,
Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң.
Өз жүзін көрсеткендей, өз келбетін,
Жігітсің алтын сөзді, асыл айна.
«Түтпейді түбі бірге» – деген халық,
Таныттың өнерімді көп жамайға.
Тілектес боп өзіңе бата беріп,
Отырмын өзің көрген жайлы, жайда.
Келін мен балаларға менен сәлем,
Еңбегің маған еткен кетпейді ойда.
Той өткелі сәлемді бермей кеттің,
Қарағым өкпең бар ма, кеттің қайда?
Отырмын нардай шөгіп бір орында,
Тағдыр мен кәрілікке бар ма айла.
Тілектес аман-есен жүргеніңе,
Отырған Кенен атаң терең ойда.

Кенен ӘЗІРБАЕВ

1976 жыл.

Мырзатай
Жолдасбеков:

Құданың құдіреті бүгінде қазаққа ата мұрасынан, ата дінінен гөрі жаттың дінін, оның салтын қабылдау оңай болып тұр. Ата жолынан тайып, ұлттың тілінен, дінінен безіп, өзгенің дертін арқалап, солардың кітабын көтеріп, дәріптеп жүрген жастар көбейіп барады. Мұның арты неге апарып соғар екен? Жұрт осыны да ойланса жөн еді.

Ешбір қайраткер өз халқына жау да, дұшпан да болған емес, болмайды да. Туған халқын кемеңгеріне қас қылған мұндай зұлымдықтың: елін – көсемінен, көшін – жетегінен, жерін – қорғаушысынан, ұрпағын – данасынан, болашағын – санасынан айыру үшін әдейі жасалатынын біз жақсы білеміз. Сондықтан да, енді қазақ халқының жауын өз ішінен, зиялылардан іздеуді тоқтатқан жөн.

Отырып алып біреуді жамандағанда алдына жан салмайтындар қаншама? Тіріні қойып, олар өлгендерді де жамандайды? «Өлгендерді жамандамаңдар, олар жауап беретін жеріне барды» дейді екен Құранда. Жаманда, жамандама, енді оларды тірілтіп әкеп, ешкім түзей алмайды. Задында аруаққа тиіспеген жөн. Осының бәрі өсектен шығады. Өсек дейтінің де қаулап тұрған өрт, адам баласының тұла бойын жайлаған дерт. Қазақ бұдан да құтыла алмайды ғой деп қорқамын. Өйткені жағымсыз, жат мінездің бәрі кісінің өзімен бірге туатындай болады да тұрады маған.

Мен адам баласының бір-бірімен өштесіп, тіпті соғысып жататынына таңым бар. Бірін-бірі кекетуге, мұқатуға, ғайбаттауға шебер-ақ. Бірінің жүйкесін бірі тоздырып жатады. Кейбіреулердің қызғаныштан іші өртеніп жатады, дау-жанжал, өсек-аяңмен өмірін қысқартып жатады. Әйтпесе, тырбаңдаған тасбақа мен қалбаңдаған қарға үш жүз жыл өмір кешіп жатқанда, адам баласының ақылы жетіп тұрса да, ұзақ жасай алмайтынына не шара.

Адам баласының өмірі алдымен өзіне, қала берді қоршаған ортаға байланысты. Жас күнінде өліп-талып қосылғандардың есейе келе иттей ырылдасып күн кешетініне таңмын. Кейде ата жауынан да артық сөз айтып, неше түрлі қысастыққа баратындары өкінішті. Құс та балапанын, ит те күшігін аймалап жатады емес пе? Ит құрлы болмағанымыз ба дегің келеді.
Бүкіл әлемді алапаттау, жер бетін өртеп жіберу де тек адамның ғана қолынан келеді. Біздің ең үлкен бақытсыздығымыз да сол – адамзатты жойып жіберудің неше түрлі айласын таба білетіндігімізде.

Болашақ, қазақтың келешегі туралы ойлағанда ылғи менің есіме Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін сөзі түседі. Бір-біріне ақыл айтудан қазақ кенде емес. Қазақ қазақ болғалы бір-біріне ақыл айтумен келеді. Бірақ, қазақ қазақ болғалы бірін-бірі тыңдамаумен де келеді. Осы қу мінезіміздің кесірінен даналар айтқан талай асыл сөз далаға кетті, зая кетті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар