Жүз жасаған Рахметолла ата

Ұлағат

Ғасыр жасап, мерейленген асыл жан,
Еңбекпенен биік болған даңқың бар.
Ұрпағыңа өнеге боп бүгінде,
Ақ батасын беретұғын Сіз бір нар!

«Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» демекші, қазақ халқы қашанда қариясын қадірлеп, данасын ардақтаған. Осындай елінің қамын ойлап, ұрпағына өнеге болып отырған абыз қариямыздың бірі – Рахметолла атамыз.

Ол кісі Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран кезеңде, ел мен жер тағдыры сынға түскен ауыр уақытта, 1926 жылы дүниеге келеді. Балалық шағы ұжымдастыру мен қолдан жасалған ашаршылық нәубетіне тап болды. Ит пен мысықты, құрт-құмырсқаны азық еткен қасіретті заманды бастан өткерді. Аштықтан титықтаған халықтың үстіне Алаш арыстарының қуғын-сүргіні қосылып, ел еңсесі мүлде түскен еді.

Халық енді есін жия бастағанда Ұлы Отан соғысы басталып, ел тағы да дүрбелеңге түсті. Соғысқа жарамды азаматтардың бәрі майданға аттанып, ауылда қарттар, әйелдер мен жас балалар ғана қалды. Осындай қиын кезеңде Рахметолла атамыз жастайынан еңбекке араласып, ауыр жұмыстың бейнетін ерте көрді.

1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Теміртау қаласындағы металлургия зауытына жіберіледі. Онда майдан үшін қару-жарақ пен оқ-дәрі жасау ісіне атсалысады. Жастайынан бұғанасы қатпай еңбек еткен атамыз елге ерен еңбек үлгісін көрсетті.

1947 жылы туған ауылына аман-есен оралған атамыз елдің жүдеу тұрмысын көріп, халықтың аз ғана малын бағып, мал басын көбейтуге бел буады. Сол кезде оның санасына «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген нақыл терең орнығады.

Осылайша өмірлік серігін жолықтырып, инабатты да ибалы Тұрар апамызбен шаңырақ көтереді. «Ерлі-зайыпты тату болса, шырағы жанар» дегендей, олардың отбасы ауылға үлгі болды. Таңның атысы, күннің батысы мал соңында жүрсе де, Тұрар апамыздың мейірімі мен берекелі дастарханы Рекең атамызға қуат беретін. Ол шаңырақтан қонақ үзілмейтін.

Тың игеру кезеңінде жайылым тарылып, мал бағу қиындаса да, кең пейілді атамыз тығырықтан жол таба білді. Адам аяғы сирек басқан сай-салалы жерлерге мал жайып, еңбегінің жемісін көрді.

1968 жылы «Аманкелді» кеңшары құрылған кезде ел экономикасын көтеруге белсене араласты. Кеңшар директоры Есіләм Сыздықұлы сенім артып, мал шаруашылығының бір буынын Рахметолла атамызға сеніп тапсырады. Атамыз бұл сенімді абыроймен ақтап, еңбек майданында үлкен жетістіктерге жетті. Жыл сайын социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, омырауына орден-медальдар тақты.

Қызыл аяқ қыр асып, жалаң аяқ жар кешкен ауыр күндерде де ұл-қыздарына өнегелі тәрбие бере білді. Бүгінде атамыз 18 немере-жиен, 21 шөбере-жиеншар сүйіп отырған бақытты қария.

Абыз атамыз әрдайым ұрпағына ақ батасын беріп, бірлік пен татулықты насихаттап келеді. 52 жыл отасқан асыл жары Тұрар апамыздың өмірден өткеніне қанша жыл өтсе де, сабырын жоғалтпай, тағдырдың сынағына қайсарлықпен төтеп берді. Тіпті, тұңғышы Минуарадан айырылғанда да «Бұл – Жаратқанның сынағы. Не де болса сабыр қылайық» деп өзін де, өзгелерді де сабырға шақырды.

Бүгінде ұрпақтары өсіп-өніп, елге қызмет етіп жүр. Ұлы Қайырбек пен келіні Алма – мал шаруашылығының ардагерлері. Қызы Үміт пен күйеу баласы Оралбек – берекелі отбасының иелері. Қызы Мақпал – ұлағатты ұстаз.

Айтпасқа болмас үлкен оқиға, абыз атамыздың жүз жасқа толған мерейтойы ерекше әсерлі сәттерге толы болды. Сол күні шаңырақтың есігі айқара ашылып, үйге Майра Сұңғатқызы бастап келген Галиевтер әулетінің ұрпақтары кіріп келді.

Сол сәтте ел аузында сақталған бір тағылымды оқиға еске түсті. Бұл – тың игеру жылдарындағы қиын кезең еді. Ауылға сырттан келген кейбір келімсектер еңбекке құлықсыз, араққа әуес болып, ел ішінің тыныштығын бұза бастайды. Сол уақытта ауылдың басшысы болған Сұңғат Галиев елдің тәртібі мен бірлігін қатаң ұстанған азамат екен. Оның талапшылдығы мен әділдігі кейбір бұзақыларға ұнамай, ақыры үлкен теке-тіреске ұласады.

Қолдарына балта мен пышақ ұстаған әлгі адамдар ауыл азаматтарына қоқан-лоқы көрсеткенде, ел намысын қорғауға салт атпен, қолына сойыл ұстап қарсы шыққан жан – бүгін ғасыр жасап отырған абыз атамыз Рахметолла қария еді.

Сол ерлігіне риза болған Сұңғат Галиев, ел ішінде Сөкең деп атайтынбыз, Рахметолла атамызды өмір бойы ерекше құрметтеп өткен екен. Тіпті, бұл ризашылығын өз балаларынан да жасырмай, «осы азаматтың жақсылығын ұмытпаңдар» деп аманаттап кетіпті.

Міне, содан бері қырық жылдан астам уақыт өтсе де, Галиевтер әулеті сол аманатқа адалдық танытып келеді. Бүгінгі мерейтойға арнайы келіп, құрмет көрсетуі – үлкенге деген ізеттің, өткенге деген тағзымның, адамдық парыздың айқын көрінісі болды.

Қос дәуірдің куәсі болған, ғасыр жасап отырған Рахметолла атамыздың бүкіл ғұмыры адал еңбек пен әділдіктің, сабыр мен төзімнің үлгісі. Бірлігі мен татулығы жарасқан, отбасының туын биік ұстаған Рахметолла атамызға темірдей берік денсаулық тілей отырып, ұрпақтарыңыздың алдында Жаратқан иеміздің берген жасын жасай беріңіз демекпін.

Шаңырағыңыздан береке кетпесін, ақ баталы абыз қалпыңызда ортамызда аман жүре беріңіз! Сіздің ғасыр жасыңызды кейінгі ұрпағыңызға жұғысты етсін!

Алла Сізге күш-қуат беріп, ғасырға жеткен ғибратты ғұмырыңызды баянды ете берсін деп шын жүректен тілек білдіремін!

Ізгі тілекпен,
Қайыргелді ИСИН,
амангелділік бөлеңіз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар