Көтеріңкі көңіл-күйдің қуанышты күні

Мемлекеттік қызметші күніне орай, «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Еліміздің өркендеуі мен халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның әр саласының дамуына мемлекеттік қызметшілердің сіңіріп жатқан еңбегі ересен. Бүгінде облыста мемлекеттік қызметте 4 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді, олардың шамамен 3 мыңы жергілікті атқарушы органдар жүйесінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің 29 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар.

Алтынай Әміренова өз құттықтау сөзінде, мемлекеттік қызметтің тиімді жұмыс істеудегі және халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, ел үмітін ақтау» деп айтқан болатын. Сіздер күн сайын халықтың әл ауқатын арттыруға, мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға және қоғамның тұрақты дамуына зор үлес қосып келесіздер. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инфрақұрылым саласындағы жетістіктер – осы сіздердің жүйелі еңбектеріңіздің нәтижесі – дей келе, Алтынай Әміренова мемлекеттік қызмет ардагерлеріне игі жақсы тілектерін білдірді.

Көпжылдық адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін бірқатар қызметкерлерге ведомстволық наградалар, төсбелгілер және Алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандардың қатарында облыстық және аудандық әкімдіктердің, мемлекеттік мекемелер мен ведомстволардың қызметкерлері, сондай-ақ, білім беру және мәдениет саласының өкілдері бар.

Бұдан әрі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрқат Батырқұлов жиналған қауымды Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтап, мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтар туралы баяндады. Ол өз сөзінде:

– Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі ұзақ даму жолынан өтіп, бүгінде цифрлы, ашық және халыққа бағдарланған жаңа деңгейге көтерілуде. Баршаға мәлім, 2023 жылы Ақмола облысы елімізде алғаш болып мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеудің цифрлық жүйесін сәтті сынақтан өткізді. Биылғы жылы конкурстық іріктеу рәсімдеріне практикалық тапсырмалар орындау сияқты жаңа кезең енгізілді.

Оның мақсаты – үміткерлердің халықпен байланыс орнату және ресми құжаттарды дайындау қабілеттерін анықтау. Ендігі ретте жаңа заңмен кадрлық процестерді жаппай цифрландыру көзделіп отыр. Мысалы, ұзақ уақыт бос тұрған лауазымдарға конкурстар ешбір адамның араласуынсыз, автоматты түрде жарияланып отыратын болады. Осы арқылы ашықтықты арттыру, «адам факторын» жою және меритократия қағидатын берік орнықтыру көзделеді, – деп, кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында енгізілген жаңа тетіктер тәжірибеде тиімді қолданыс тауып отырғанын, жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант негізінде үздік тәмамдаған 40 түлек облысымыздың аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарына конкурстан тыс тағайындалғанын атап өтті.

Бұдан әрі «Сапалы қызмет көрсетудің үздік жеткізушісі» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанған қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты жағдайда мемлекет пен Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант беріп, өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқаруға және мемлекеттік қызмет қағидаттарын ұстануға дайын екендіктерін растады.

Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар