Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау нарық талабына бейімделіп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау нарық талабына бейімделіп келеді

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы бірқатар өндірістік, мәдени-әлеуметтік нысандарды аралап, қазіргі жағдайымен және атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Онымен бірге қала әкімі Ермек Маржықпаев және басқа да жауапты қызметкерлер болды.

Облыс басшысы алдымен өнер жəне әдебиет мұражайында болды. 1903 жылы іргесі қаланған ғимарат осы күні күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Мұражай қорында 9 мыңнан астам жəдігер сақтаулы. Соңғы кездері қор тағы 400 жəдігермен толықты. Мұражай сөрелерінен Қанай би, Ақан сері, Біржан сал, Сəкен Жүнісов сияқты танымал тарихи тұлғалардың киім-кешектері мен музыкалық аспаптары, қолжазбалары жəне күнделікті өмірде қолданған тұрмыстық заттарын көруге болады. Сондай-ақ, мұражай жанында шығармашыл жастардың «Жас тұлпар» клубы жұмыс істейді. Мұражай жұмысымен танысқан облыс әкімі қала және облыстық мәдениет басқармасының басшылығына ғимаратты жөндеу жұмыстарын ойластыруды тапсырды.
Бұдан кейін облыс басшысы Ауған соғысы ардагерлерінің аллеясына ат басын тіреді. Ескерткіш 2003 жылдың 12 желтоқсанында орнатылған. Ескерткіш авторы ауған соғысының ардагері В.Колодочкин. Ескерткіш тақтаға «1979-1989 жылдары Ауғанстанда қаза болған жауынгерлерге» деп қазақ және орыс тілдерінде жазылған жазу мен облысымыздан осы соғысқа қатысып, қаза тапқан 89 жауынгердің есімдері тасқа қашалған. Облыс басшысы қаланың көрікті жеріне орналасқан ардагерлер ескерткіші аумағын абаттандыру жайына назар аударды.
Қазіргі күні облыс орталығындағы 16 автобус аялдамасына QR-код орнатылған. Онда қаладағы мәдени нысандар туралы жан-жақты және толыққанды ақпараттар берілген. Сондай-ақ, кітапханалар желісінің жұмыс бағдары мен жаңа кітаптар жайында да ақпараттар алуға болады. Мәдениет саласында қолға алынып жатқан бұл жаңалықты облыс әкімі құптарлық деп санап, одан әрі жетілдіру жайларын ойлауды тапсырды.
Қала тұрғындары мен мекемелерді жылумен қамтамасыз етіп отырған №2 ауданаралық жылу қазандығында болған өңір басшысы көмір қоры, жұмыс істеу режимі туралы сұрастырып, қыстың ең ауыр шақтары артта қалса да, әлі де суық күндер болатындығын, тұрғындарды қалыпты жылумен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып, қысқы мау-сымды ойдағыдай аяқтау қажеттігін атап өтті. 35-40 градусқа дейін аяз болған қиын шақта қазандық қалыпты жұмыс жасап, тұрғындар жаураған жоқ. Әзірге ешқандай апатты жағдайлар да орын алған емес. Мұның бәрі қысқы маусымға сапалы дайындықтың арқасы екені анық.
«Натур-Продукт» серіктестігінің іргесі 2003 жылы қаланып, содан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінде 115 адам еңбек ететін кәсіпорын ас суы және алкогольді ішімдіктер шығарумен айналысады. Серіктестік директоры Елмұрат Балтабаевтың айтуынша, өткен жылы 2 миллиард 95 миллион теңгенің өнімін шығарған. Биыл мамыр айында тағы бір өндірістік желіні іске қоспақ ниеттері бар. Облыс басшысы цехты аралай жүріп, атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен танысты.
Бұдан кейін өңір басшысы кондитерлік бұйымдар шығаратын «ТауКон» ЖШС-інде болды. Серіктестік басшысы Марат Сәрсенов цехты аралата жүріп өндіріс жа-йымен таныстырды. 2015 жылы пайдалануға берілген жоба құны 200 миллион теңге. Оның 180 миллионы серіктестіктің өз қаржысы болса, 20 миллионын «Сбербанктен» несиеге алған. 2017 жылы серіктестік 100 миллион теңгенің өнімін шығарған. 30-ға тарта адамды еңбекпен қамтып отырған кәсіпорын қазір нарық талабына сай қалыпты жұмыс жасауда және өнімді өткізуде де еш қиындық жоқ дейді кәсіпорын басшысы.
Үй және офистерге арналған жиһаз шығаратын «Два Кита» ЖШС 2003 жылдан бері үзбей жұмыс істеп, өндірісін уақыт талабына сай қайта құрған кәсіпорын. Қазіргі күні мұнда 75 адам еңбек етеді. Өткен жылы 1 миллиард теңгенің өнімін шығарған кәсіпорын өніміне деген сұраныс облысымызда ғана емес, еліміздің өзге аймақтарынан да болып отыр.
Облыс әкімі қаланы аралаған сапарының қорытындысында қала әкімі мен саланың жауапты қызметкерлеріне нақты тапсырмалар беріп, Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттер шеңберінде жұмысты одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар