Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Малды асылдандыру жұмысы жанданады - АРҚА АЖАРЫ

Малды асылдандыру жұмысы жанданады

Кеше облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаевтың төрағалығымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өңірде етті мал шаруашылығын дамыту, алқаптың электрондық картасын тіркеу ережесін түсіндіру бойынша семинар-кеңес болып өтті. Бұл жиында ауыл
шаруашылығы өндірісін озық технология негізінде дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық ведомстволар мен қызметтердің, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің жауапты басшылары, қаржы институттарының жетекшілері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының, шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің төрағалары қатысты. Өңір басшысы орынбасарының айтуынша, облыс экономикасының аграрлық секторының дамуы оң серпін алған. Соңғы жылдары барлық негізгі бағыттар бойынша, оның ішінде мал шаруашылығы саласы нақты дамуын сақтауда. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ірі қара мал басы 399,3 мыңды, сиыр саны 205,1 басты құраған. Ет өндірісі 61,3 мың тоннаны, сүт өндірісі 383,8 мың тоннаға жетті. Кеңесте өңірдегі жергілікті тұқымсыз малды асылдандыру және етті мал шаруашылығын одан әрі дамыту бойынша облыста атқарылып жатқан барлық жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігі айтылды. Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында өңір шаруашылықтары 12,2 мың бас етті мал әкелді. Бұл жергілікті ірі қара мал басының сапалы құрамына ықпал етті. Жергілікті тұқымсыз малды асылдандыру жақсы нәтижесін бере бастады. Ет өндірісі өсті. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында союға тапсыратын малдың орташа тірі салмағы 2012 жылы 368 келіні құраса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша салмақ 387 келіге жетті. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 390 келіні көрсетеді деген болжам бар. Облыста мал шаруашылығымен 350-ден астам ұйымдасқан шаруашылық айналысады. Ақпараттық-зерттеу жүйесінің мәліметі бойынша малды асылдандыруға 12,6 мың бас ұрғашы мал мен 1039 бас асыл тұқымды бұқа қатысуда. Ал, асыл тұқымды бұқалардың қажеттілігі 1619 басты құрады. Облыстағы мал шаруашылығын кезең-кезеңмен одан әрі дамыту мақсатында ірі қараны асылдандыру және біздің облыста етті мал шаруашылығы ұстанымын нығайту бойынша жұмысты жалғастыруға бағытталған жоба жасалды. Осы орайда, облыста «Каз Бифф ЛТД», «Ерейментау Ақбас», «Астана Агропродукт», «СК Фууд» серіктестіктері мен «Жаңа береке» шаруа қожалығы тәрізді ірі базалық «зәкірлік шаруашылықтар» анықталды. Бұл шаруашылықтар асыл тұқымды бұқаларды тегін жалға беретін операторлар болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов Ақмола облысында етті мал шаруашылығын дамыту жобасының тұсаукесерін жасады. Бұдан соң Қазақстан ет одағы президиумының мүшесі, «СК Фууд» серіктестігінің директоры Мақсұт Бақтыбаев 2017-2021 жылдары Ақмола облысында ет саласын дамытудың бағдарламасы жөнінде айтты. «КазБифф ЛТД» серіктестігінің директоры Серікбай Садықов пен «АгроЭкспорт ЛТД» серіктестігінің басшысы Серік Рақымбаев асыл тұқымды бұқаларды тегін жалға берудің жағдайын түсіндіріп, қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді.
– Облыстың тауарлы шаруашылықтарында жергілікті тұқымсыз малды асылдандыру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірге қала мен аудан әкімдіктері мал бордақылау алаңдарының өндірістік қуатын күшейтулері қажет. Биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін қажетті асыл тұқымды бұқа санын сатып алуды қамтамасыз етулері тиіс. Мал Ақмола облысынан өзге өңірлерге тиісті құжатсыз шығарылмауы керек,–деді Асқарбек Үйсімбаев. Семинар-кеңестің екінші жартысында алқаптарды электрондық картаға тіркеу жөнінде сөз болды. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны енгізу көктемгі егіс және орақ жұмысын қысқа мерзімде өткізуді болжауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, дәнді дақыл өсіруде қазіргі заманғы технологияны тиімді пайдалануға жол ашады. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді онлайн арқылы субсидиялау және несие беру жұмысын уақытылы әрі сапалы өткізуге мүмкіндік тудырады. Бұл жөнінде «Ақпараттық-есептік орталық» акционерлік қоғамының бас маманы Айдос Кенжеғарин жіліктеп айтып берді. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің деканы Саяхат Нүкешов ауыл шаруашылығын цифрландыру жөнінде баяндады.
– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер алқаптың электрондық картасы бойынша жұмыс істеп, цифрландыруды енгізді. Бұл мәселе бойынша өзге шаруашылықтарға көмектесуіміз қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары өзінің қорытынды сөзінде.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар