Щучинск қаласында кәсіби мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер арасында WorldSkills Kazaкhstan өңірлік чемпионатының ашылуы болып өтті.
Ақмола облыстық білім басқармасының оқыту-әдістемелік кабинетінің маманы Әйгерім Нұрмағанбетованың сөзінше, кәсіби мамандықтардың беделін арттыру, жас кадрларды экономиканың өндірістік секторына жұмылдыру және кəсіби техникалық білімді дамытуға бағытталған чемпионат 19 ақпаннан 15 наурыз аралығында облыс аумағындағы 12 кәсіптік колледжде өткізіледі. Шараға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Ақмола облыстық білім басқармасы мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қолдау білдіріп отыр.
Чемпионат жеңімпаздары 18-22 жас аралығындағы студенттер мен жас мамандар арасында «Пісіру технологиялары», «Шаштараз ісі», «Сылау және декоративтік жұмыстар», «Кірпіш қалау», «Аспаз ісі», «IT-жүйені басқару», «Графикалық дизайн», «Веб-дизайн және әзірлеу», «Мейрамхана сервисі», «Электромонтаждық жұмыстар», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш сыныптарда оқыту», «Сән технологиясы», «Ағаш ұсталық жұмысы», «Слесарьлық іс», «Жүк автомобиліне қызмет көрсету», «Жеңіл автомобильге қызмет көрсету», «Плиткамен қаптау», «Наубайханалық шеберлік», «Сантехника және жылыту», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Мехатроника», «Шанақ жөндеу» тәрізді 23 кәсіптік мамандықтар бойынша анықталады. Үздіктер Астана қаласында өтетін WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.
Аслан НЫҒМЕТЖАНҰЛЫ.