Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Атанғаным Мырзатай ел арқасы!» - АРҚА АЖАРЫ

«Атанғаным Мырзатай ел арқасы!»

Көкшетаудағы Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың «Атанғаным Мырзатай ел арқасы!» атты шығармашылық кеші болып өтті. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтауы мен сый-сыяпатын әкімнің орынбасары Айна Мысырәлімова жеткізді.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен шараны осы оқу орнының ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров ашты.
–Туа бітті қасиетімен еліне адал қызмет жасап келе жатқан Мырзатай Жолдасбековтың ғылымға, жалпы білім беру саласына, одан қалды қазақ елінің тәуелсіз ел болып қалыптасуына сіңірген әлі де жасап келе жатқан еңбегі орасан, – дей келіп Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы бұл шығармашылық кештің ғалымның туғанына сексен жыл толуына орай өткізіліп отырғандығын айтты.
Қазақтың Мырзатайдай қайраткер ұлы Жамбыл облысының Талас ауданындағы Ақтөбе ауылында дүниеге келіп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, содан соң осы бір іргелі оқу орнында қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент болып басталған еңбек жолы ғалымдық жолға ұласты. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудегі қиын да күрделі зерттеушілік жұмыстармен айналысып, қазақ әдебиетінің алғашқы қайнар бастауларын, Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосты. Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізді. Жамбылдың ақындық мектебін зерттеп, оның тұстастары мен шәкірттерінің туындыларын жан-жақты талдады. Соның ішінде Кенен Әзірбаев сынды халық ақынының кең тынысты шығармаларын насихаттап, қалың көпшілікке жетуіне тікелей атсалысты.
Елі мен халқына адал қызмет етуді өз өмірінің басты ұстанымы етіп келе жатқан өз елінің Мырзағасы 1977-1987 жылдары Талдықорған педагогика институтының ректоры, 1987-1988 жылдары Қазақстанның оқу министрі, білім министрінің бірінші орынбасары, 1988-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1990 жылдары Қазақстанның Мемлекет кеңесшісі, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, 1993-1997
жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі жанындағы Дипломатиялық академияның ректоры қызметтерін атқарды. 2000 жылдан Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры болды. Осы бір қызметтердің қай-қайсында болмасын Мырзатай Жолдасбеков өз соңынан терең із қалдырып отырды. Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитетінде қызмет атқара жүріп, кезінде коммунистік идеологияның құрбаны болған Алаш қайраткерлерін ақтап, олардың шығармаларын басып шығарудың басы-қасында жүрді.
Кеш Мырзатай Жолдасбеков жайлы түсірілген деректі фильммен өріліп отырды. Университет студенттері өз өнерлерін жайып салды. Кеште ел атынан сөз алған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев:
– Кезінде заманның әлі де бұлты сейілмей тұрған тұста, тоқсаныншы жылдардың басында Сіз Көкшетауға келіп, қазақтың ұлы ханы Абылайдың 280 жылдығын тойлауды ұйымдастырып, осы бір шараның басы-қасында жүріп едіңіз, енді міне, сол Көкшетау ардақты Мырзаға, өзіңіздің сексен жылдық мерейтойыңызды атап жатыр. Елге хош келдіңіз! Мырзатай Жолдасбеков өз өмірінде тек қана жақсылық іздеп келе жатқан асыл адам. Жақсы сөз теріп, жақсы шәкірттерін соңынан ертіп, елі үшін тек жақсы істер атқарып, ағаларынан көрген жақсылықтарын тебірене айтып та, жазып та келе жатқан, енді бүгінгі тәуелсіз елінің бүгінгі және келер ұрпақтары жақсы болса екен деп өсиет айтып жүрген Мырзағаң сынды абызды қазақ елі де жақсы көреді, – деді.
Шығармашылық кешке Астанадан Мырзағаңмен бірге ере келген бір топ белгілі өнер иелері шырай берді. Олар негізінен Мырзатай Жолдасбековтің әндері мен күйлерін орындады. Әсерлі ән-күйдің шығу тарихын және оны орындаушылардың әрқайсыларының өнердегі жолдары жайлы Мырзағаның өзі айтып, кештің осы бір тамаша сәтін өзі жүргізіп отырды. Шығармашылық кешті қорытындылай келіп, Мырзатай Жолдасбеков өзін ел тәуелсіздігін көргені және сол тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанында жүріп, ел мүддесі үшін қызмет жасай білгендігі үшін өзін бақытты санайтындығын айтты.
– Мен кезінде «Кемеңгер» деген кесекті дүние жазып, Елбасының халқының бағы үшін туған тұлға екендігін айтқан болатынмын. Сол Елбасының бәріміз де қолдаушысы бола білейік. Мына тәуелсіздік дегенің басымызға қонған бақ қой, соны сақтай білейік! – деді абыз аға.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар