Қорғалжын ауданындағы Ақтан Төлеубаев атындағы орта мектепте балаларды заманауи технологиялар мен компьютерлік бағдарлаудың қыр-сырын меңгеруге үйрететін робототехника үйірмесі бар. Бұл үйірменің жұмысы күн сайын жанданып келеді.
Бұл салаға әсіресе, компьютер тілін жетік білетін өскелең ұрпақ зор қызығушылық танытуда. Білім берудегі осындай тың ізденістер балалардың ой-өрісін дамытып, болашақта техниканың құлағында ойнайтын айтулы инженер-техниктер қатары молая түсетініне сенім зор. Мамандардың айтуынша, жөргегінен техника тілін біліп өскен өскелең ұрпақ алдағы уақытта құлтемірге жан бітіріп, сөйлететін де күн алыс емес. Қуантары, жаңалыққа құмар ұлағатты ұрпақ желкілдеп өсіп келеді!
Сөзіміз дәйексіз болмасын, 2017 жылы облыс орталығында оқушы балалар арасында өткен бірінші облыстық робототехника байқауында аталмыш мектептің оқушылары жүлделі үшінші орыннан көрініп, мектеп мерейін асырды. Кейін Ақтөбе қаласында өткен халықаралық байқауға облыс құрамасының сапында осы мектептің оқушылары атап айтсақ, Ж.Әлібеков, А.Базаров, М.Жаманбаева, Т.Ілиясовтар қатысып, арнайы сертификаттарға ие болды.
Таяуда осы білім ордасында робототехника бойынша оқушылар арасында байқау болып өтті. Алты команда өзара бақ сынасып, жас өрендер өз білімдерін сарапқа салды. Мектеп оқушылары қатысқан бұл додада өзара бәсекелестіктен гөрі білмекке ұмтылу, жаңашылдыққа талпыныс байқалды. Байқау жеңімпаздары
дипломдар және арнайы кубоктармен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.